«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры 4 еншілес компаниясының басшысы қызметінен босатылды. Бұл туралы компанияның ресми сайтында хабарланды.
«Самұрық-Қазына» АҚ басқармасының 2022 жылғы 24 қаңтарындағы шешімімен «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС бас директоры А.К. Сұлтановтың, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқарма төрағасы Б.А. Сандықбаевтың, «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС бас директоры А.Ж. Ақыловтың, «Самұрық-Қазына Бизнес Сервис» ЖШС бас директоры С.К. Елшібековтың уәкілеттіктері мерзімінен бұрын аяқталып, олармен еңбек қатынастарын тоқтату келісілді", – делінген хабарламада.Басқарма Үкіметке жолданатын Қорды реформалау бағдарламасын дайындау мерзімдерін бекітті. Жаңа ұйымдық құрылым бекітілді. Оған сәйкес, Қор қызметкерлерінің саны екі есе, яғни, 248-ден 124-ке дейін; ал басқарушы қызметтер саны 10-нан 5-ке дейін қысқарады. Құрылымдық бөлімдер саны 27-ден 18-ге (33%) қысқартылды; «кеңесші» қызметтері жойылды. Қордың шетелдегі өкілдіктерін жабу туралы шешім қабылданды.