Біз білмейтін батырлар
Біз білмейтін батырлар
©А.Ахметқазы
443
оқылды

Батыр ұғымы тек шайқаста ерлік көрсеткендермен өлшенбейді, ол сондай-ақ бейбіт күнде екінің бірінің қолынан келмейтін батыл әрекетке барған азаматтарға да қарата айтылады. Ал біздің арамызда ондай жандар көп. Тек олар туралы көп жазыла бермейді. Біз елде болған оқиғаларда көзсіз ерлік көрсеткен бірнеше қазақстандық туралы мәлімет жинақтап, жариялауды жөн санадық.

Мәселен, Эльмира Алиеваның негізгі жұмысы – адам өмірін сақтау. Ол – 15 жылдық тәжірибесі бар онколог-маммолог дәрігер. Бірақ ол тек қызмет бабында ғана емес, кездейсоқ жағдайда да кез келген азаматқа көмек көрсетуге барын салады. [caption id="attachment_180677" align="alignnone" width="1200"]батыр ©newtimes.kz[/caption] Бірде Эльмира Алиева отбасымен бірге Алматыдан Анталияға сапарға шыққан. Ұшақ ішінде аяқасты жолаушылардың бірінің халі кенеттен нашарлаған. Егде жастағы апаның жүрек қағысы жиілеп, дем жетпей, тынысы тарылып, қол-аяғы ұйып бастаған. Стюардессалар арлы-берлі жүгіріп, ұшақтағы жолаушылар арасынан дәрігер іздеген. Сол кезде Эльмира көмекке бірден барған. Қарттың қан қысымы түсіп кеткен екен. Дәрігер ретінде ол әжеге қан айналымын қалыпқа келтіретін дәрі салып, тыныстау құралын ұстатқан. Сөйтіп, апаның қол-аяғын уқалап, жағдайының қалыпқа келуін бақылап, ұшақ қонғанға дейін жанында болған. Артынан келген жедел жәрдем дәрігерлері уақытында сапалы көмек көрсеткеннің арқасында науқастың жағдай қалыпты екенін айтқан. Міне, дәрігер осылай қарттың өмірін сақтап қалған. Қызығы, мұндай жағдайға Эльмира бұған дейін де тап болған. Осыдан үш жыл бұрын ол көшенің қақ ортасында эпилепсиясы ұстап, құлаған балаға көмектескені  бар.

Жасөспірімнің амандығы

­Өскемендік Виктор Землянухин суға кеткен жасөспірімді құтқарып, көзсіз батылдық танытқан. Айтуынша, ол сол уақытта отбасымен «Ермак» бақша қауымдастығына қарайтын саяжайда демалып жатқан. Таңғы сағат 10-ға таяу көл жақтан көмекке шақырған дауыс естілген. [caption id="attachment_180680" align="alignnone" width="768"]батыр ©www.gov.kz[/caption]

– Жағалау кішкентай шығанақтың жанында болғандықтан айналып бару керек. Әйелім мен анам сол жаққа жүгірді. Ал мен уақытты босқа кетірмес үшін бірден суға секіріп, жағалауға қарай жүзе жөнелдім, – дейді Виктор.

Әлгі жерге жеткенде жасөспірімнің суға батып кеткенін білген. Содан Виктор қыздың суда жүзіп жүрген жеріне сүңгіп, оны іздей бастаған. – Судың астынан түк көрінбеді. Қаншама іздесем де таппадым. Бір уақытта лайланған судың астынан ағараңдаған бірдеңе байқалды. Қарасам, әлгі қыз. Өзіме де дем жетпей барады. Бар күшімді жиып, қызды жоғарыға қарай итеріп жіберіп, жағаға шықтым. Жағадағылар қызды судан шығарып алып жатыр екен. Көз жанары шарасынан шығып кеткен, дем алмайды. Бәзбіреулер жедел жәрдем шақырып жатты. Оларды күтпестен дем салуға кірістім. Сол кезде анам оның жүрегіне тоқтаусыз массаж жасады. Дәрігерлер 40 минуттан кейін келді. Жасөспірім шұғыл түрде Өскемендегі Ана мен бала орталығына жеткізілді. Сөйтіп, әлгі қыздың жағдайы жақсарып, бірнеше күннен кейін ауруханадан шықты.

Таксиде қалған байлық

[caption id="attachment_180682" align="alignnone" width="1200"]батыр ©stan.kz[/caption] Алматылық таксист Бекарыс Әлімнұр аяқасты бір күнде байып шыға келді. 23 жастағы жігіт бос уақытында көлік жүргізіп, нәпақасын табатыны бар. Сондай әдетпен әжені айтқан мекенжайына жеткізіп салған. Оның қасында тағы бір жасы үлкен адам болған. Екеуі көліктен түсіп, заттарын ұмытып кеткен. Ал сөмкенің ішінде алтын мен бір жарым миллион теңге болған. Бірақ жүргізуші жігіт бұл байлықты иесіне қайтаруды жөн көрген. Ақырында қартты 11 күн бойы қаланы шарлап, іздеген. Сөйтіп, байлықты иесіне қайтарып берген.

Өрттен үш адамды алып шыққан

Ұлттық ұлан майоры Әлім Тасмағамбетов Петропавлда өртке оранған үйдің ішінен үш адамды құтқарған. Ол кезде әскери бөлімнің майоры еңбек демалысында еді. Жеке шаруаларымен жүрген ол, көше бойындағы бесқабатты үйдің балконы көк түтінге оранғанын байқаған. Бірден «101»-ге хабарласып, өрт сөндірушілер келгенше тұрғын үйде адамның бар-жоғын анықтауға тырысқан. [caption id="attachment_180683" align="alignnone" width="1200"]батыр ©tengrinews.kz[/caption] – Үйдің айналасы көк түтін. Ішіне кіру мүмкін емес. Көзіңді ашытып жібереді. Содан мойнымдағы орамалмен мұрнымды жауып, ішіне еніп кеттім. Әр есікті қағып, бүкіл қабатты айналып шықтым. Бесінші қабатта 83 жастағы апа қалыпты. Ұйықтағаннан үйдің өртеніп жатқанын сезбеген. Бірден көтеріп алып, сыртқа алып шықтым. Тағы бір 70 жастағы апа мен 14 жастағы жасөспірімді өрттен құтқара алдым, – дейді Әлім. Артынан өрт сөндірушілер келіп, барлығы 15 адам құтқарылды. Оның ішінде үшеуі – бала.

Жолын тапқанға қолқа жоқ

Арқалық қаласының тұрғыны Олжас Мейірманов батыл шешімімен ел есінде қалды. Өзі жедел жәрдемде фельдшер болып жұмыс істейді. Ол үй иесінің өмірін сақтап қалды. Нақтырақ айтсақ, оған үй иесінің ұлы қолғабыс еткен. Олар уланған азаматты көлік капотына салып, жедел жәрдем көлігіне сүйреп жеткізген. Толассыз жауған қардың салдарынан Олимпийский ауылының жолы жабылып, ешбір көлік жүрмей қалған. Сол себепті де жедел жәрдем көлігі ауылға кіре алмай, сыртта қалған. [caption id="attachment_180684" align="alignnone" width="1200"]батыр ©twitter.com[/caption]
  – Тұрғынның үйіне қарды омбылап, жаяулатып бардым. Қатты уланыпты, ауруханаға жатқызу керек болды. Ал зембілге салып апару мүмкін емес еді. Үйдің ауласында жатқан көліктің капотын байқап қалып, сонымен сүйреп апармақ болдым, – дейді ол.
Осындай батыл қадамның арқасында жеті баланың әкесі ажалдан аман қалды. Ауруханаға жеткізілген күні жансақтау бөліміне түсіп, кейін терапия бөлімінде ем алып, үйіне оралған.

5 жасар баланы құтқарып қалған қария

Көкшетаулықтар 63 жастағы Николай Панюшкинді нағыз халық қаһарманы деп біледі. Ол көпқабатты үйдің бесінші қабатынан құлаған 5 жасар қызды құтқарған. Айтуынша, төбеден құлап келе жатқан кішкентайды көріп, ұстап қалуға тырысқан. Сөйтіп, баламен бірге жертөлеге құлап түскен. Қуанышқа орай бүлдіршін дін аман. Ал Николай Панюшкин соның салдарынан басын соғып, омыртқа жотасын жаралады. Ұзақ уақыт емделді. Бірақ одан көмек болмады, төсекке таңылды. Ауруы әбден асқынған қарт былтыр жазда өмірімен қош айтысты. [caption id="attachment_180820" align="alignnone" width="1114"]батыр ©aqmolanews.kz[/caption] Бұл оқиға 2016 жылы болған. Полицейлер бала құлаған терезенің пәтеріне барып, үй ішіне болған жағдайды хабарлаған. Алайда сол кезде үйде болған анасы да, әжесі де оның терезеден құлағанын, тіптен, үйде жоқ екенін білмеген. Бәрінен бұрын полицейлерге анасының қылығы ерсі көрінген. Ешқандай кешірім де сұрамай, рақметін де білдірмеген. Тіпті, анасы сол жерден таныстарының біріне қоңырау шалып, «Білесің бе, бүгін біздің Дана балконнан секіріп кетіпті» деп күлген екен.