Жаппай тәртіпсіздіктер кезінде біраз қаланың әкімдігіне залал келді. Тонаушылардың біразы бейнекамераға түсіп қалған. Соның арқасында қарақшыларды тауып, қолды болған мүліктер тәркіленіп жатыр. ІІМ Алматы облысы әкімдігінің ғимаратынан техника ұрлаған күдіктілердің ұсталғанын хабарлады. Полиция қызметкерлері жаппай тәртіпсіздік кезінде жасалған кезекті ұрлықты ашты. Алматы облысының Полиция департаментінің Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Талдықорған қалалық Полиция басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп, бүлік кезінде облыс әкімдігі ғимаратын тонаған күдіктілерді анықтады. «Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Талдықорған қаласының 41, 37 және 24 жастағы үш тұрғыны ұсталды. Олар 5-7 қаңтар аралығында облыстық әкімдік ғимаратына заңсыз кіру арқылы тұрмыстық техниканы ұрлаған деген күдікке ілікті. Олар екі тоңазытқыш, екі кондиционер, мультипісіргіш, кеңсе креслосын, су сорғысын және басқасын ұрлаған», – деді Алматы облысы ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Руслан Найзабасов. Оның мәліметінше, күдіктілерге қатысты Қылмыстық кодекстің 188-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу басталды. Күдіктілер кінәсын мойындаған, олар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Өзге ақпарат тергеу мүддесі үшін жария етілмейді.
Ерік ЕРДЕНОВ