Бүлік кезінде қару тонағандар
Бүлік кезінде қару тонағандар
312
оқылды
Еліміздің ішкі істер органдары қаңтардың басында болған жаппай тәртіпсіздік кезінде жоғалған, ұрланған қаруларды іздеп жатыр. Бұған қоса ел ішінде бұрын­нан заңсыз сақталған қару­лар да полиция қолына өт­пек. Таяуда Жамбыл облысында екі азаматтан заңсыз қару табылды. Рейд кезінде Досбол ауылы­ның 43 жастағы тұрғынынан тір­кел­меген 12 калибрлі тегіс ұңғылы аңшы мылтығы, 10 оқ-дәрі, 5 гильза және 4 қолдан жасалған пышақ шыққан. Сон­дай-ақ 24 жастағы осы ауылдың тұрғыны да аңшы мылтығын заңсыз сақтапты. Енді оларға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Мұнымен қоймай Тараз қаласында арықтың ішінен иесіз қару-жарақ табылған. Қапқа оралған құралдардың ара­сын­да тегіс саңылаулы «Эс­корт» атыс қаруы шыққан. Атал­ған қаруға арнайы сот-баллис­тикалық сараптама тағайын­далды. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Ал Қызылорда полицейлері жергілікті тұрғынның үйінен әскерилерге тиесілі қаруды тапты. Азамат АК-74 пен БП-25 қаруын 5 қаңтарда болған жаппай тәртіпсіздік кезінде тауып алғанын айтқан. Қазір Қылмыс­тық кодекстің бірнеше бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүр­гі­зіліп жатыр. Күдікті уа­қытша ұстау изоляторына қамал­ған. Полицейлер бұл тұста қарудың, оқ-дәрілердің, арнайы құралдар­дың орны туралы хабарлаған немесе оларды поли­цияға өз еркімен тапсырған адам қыл­мыс­тық және әкімшілік жауапкершілікке тартылмайтынын ескертіп отыр.