Алматы қаласында төтенше жағдай режимі алынып тасталса да, қалаға кіреберістерде орнатылған блок-бекеттер жұмысын жалғастырып жатыр. Себебі аймақта террористік қауіптің «қызыл» деңгейі әлі де сақталып тұрғанға ұқсайды. Қаланың аумағына бойынша ашылған бес стационарлық блок-бекет 8 қаңтардан бастап жұмыс істеп тұр. Оларға полиция қызметкерлерімен бірге Қарулы Күштердің 170-тен астам әскери қызметшісі кезекшілік етеді. Жауынгерлік техникалар да орнатылған. Күзетшілері әр автомобильді іріктеп тексереді. Блок-бекеттер «Гүлдала» кентінде, Думан шағынауданында, Жандосов және Карьерная көшелерінің қиылысында, Қапшағай трассасында және Райымбек даңғылындағы «Алтынорда» базары ауданында орнатылған. Ал ведомство әзірге құқық қорғау органдарының жұмысына түсіністікпен қарауды сұрап отыр.
М.ЖАЛҒАСҰЛЫ