Он күннен соң Бейжіңде кезекті қысқы Олимпиада ойындарының алауы тұтанады. Әлемдік жарыста қысқы спорттағы ең үздік деген спортшыларымыз сынға түседі. Осы жолы ел үмітін кім ақтауы мүмкін? Шаңғы жарысы бойынша 30 жолдама қоржында. Фристайлшылар 9 жолдамаға ие болды. Соның ішінде могул бойынша 5, акробатика бойынша 4 жолдама бар. Конькишілер мен биатлоншылар 12, шорт-трекшілер 9 жолдаманы қоржынға салды. Тау шаңғысы мен шаңғымен тұғырдан секіру спортынан ел құрамалары 4 жолдамадан еншілесе, шаңғы қоссайысынан отандық спортшылар 2 лицензияға иелік етті. Осы орайда айта кетейік, еліміздің атынан скелетон, мәнерлеп сырғанау, фристайлдың кейбір түрлері, бобслей, керлинг, сноуборд жарыстарынан Олимпиадаға спортшылар бармайды. Бұған дейін Қазақстан атлеттері қысқы Олимпиада және Паралимпиада ойындарында жалпы 2 алтын, 4 күміс және 4 қола медаль олжалағанын атап өткен жөн. Мемлекет басшысы жуырда Бейжің қаласында өтетін ХХІV қысқы Олимпиада және Паралимпиада ойындарының барша спортсүйер қауым үшін айтулы оқиға екеніне тоқталып, Қазақстан осы сайысқа ең үздік спортшыларын аттандыратынын атап өтті. «Дүбірлі додада ел намысын қорғау – мәртебелі міндет әрі зор жауапкершілік. Біздің спортшыларымыз Олимпиада ойындарында талай рет жеңіс тұғырына көтерілді. Көк Туымызды желбіретіп, Әнұранымызды әуелетті. Сондай сәтте әрбір азаматымыздың кеудесін мақтаныш сезімі кернейтіні сөзсіз. Сіздер алдағы сайыста халқымыздың сенімін ақтайсыздар деп сенемін», – деп жігерлендірді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Жарыс алдында кімдерге сенім артамыз, қай спортшылар ел қоржынына жүлде салуы мүмкін деген сан түрлі сауал туындайтыны анық. Бұл ретте алдағы айтулы сында бақ сынайтын Нұрбергеннің өзі спортшыға ең бірінші кезекте жүлдені емес, жарыста сәтті өнер көрсетуді ойлағаны жөн деп есептейді. – Ең басты кеңесім – медаль туралы мүлде ойламау керек. Бізде жаттығу кезінен бастап «медаль, медаль» деп құлаққа құя бастайды. Бұл – психологиялық тұрғыдан үлкен жүк. Талай жыл ірі жарыстарға қатысып, әлем үздіктерін бақыладым. Олар медаль аламын деп ойламайды, олар келесі кезеңге өтуім керек деп мақсат қояды. Шорт-тректе финалға шыққанға дейін қаншама кезең бар? Міне, соның бәрінен өтіп, финалға жеткен соң ғана медальға таласу қажет. Әрине, түсінемін, жанкүйер үміті бар, бапкерлердің, басшылардың талабы бар. Бірақ спортшы, ең алдымен өзін-өзі жеңіп, психологиялық тұрғыда дайын болғанда, жүлде де, жеңіс те келеді, – дейді шорт-тректен Қазақстан командасының жарқын өкілі, екі бірдей Олимпиадада ел намысын қорғаған Нұрберген Жұмағазиев. Ал спорт журналисі Фараби Әбдіхалық құрама сапында жүлдегер атануы мүмкін деген қос спортшының есімін айтты. – 2018 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері Юлия Галышевадан (фристайл-могул), Жанбота Алдабергеновадан (фристайл акробатика), шорт-трек және конькимен жүгіруден сынға түсетін спортшылардан медаль күтемін. Болжамымды спортшылардың әртүрлі әлемдік жарыстардағы өнер көрсету нәтижелеріне ғана негіздеп жасап отырмын. Бейжіңде ерлер арасында мықты могулистер де өнер көрсетеді. Қазақстандықтар Павел Колмаков пен Дмитрий Рейхерд тек ұлттық құраманың ғана емес, 2022 жылғы Олимпиадаға қатысушылар арасында фавориттердің санатында, – дейді ол. Біздің есебімізше, конькимен жүгіруден төрт құрлық чемпионы Екатерина Айдова жүлдеге қол созуы мүмкін. Ол алғаш рет 2010 жылғы Ванкувер Олимпиадасына қатысты, кейін Сочи-2014 және Пхенчхан-2018 ойындарында ел намысын қорғады. 30 жастағы Айдова үшін Бейжің ойындары өз мансабындағы төртінші Олимпиада болмақ. Тәжірибелі спортшы конькимен жүгіруден әлем кубогы кезеңінің, 2017 жылғы Универсиада ойындарының жүлдегері, 2021 жылғы төрт құрлық чемпионатының жеңімпазы. Ал тағы бір тәжірибелі спортшы Абзал Әжіғалиевтің еншісінде шорт-тректен әлем кубогы кезеңдерінің барлық жүлдесі бар, 2017 жылғы Универсиада, 2011 жылғы Азия ойындарының медалі де қоржыннан табылады. Абзал 2014 және 2018 жылдардағы Олимпиадада да бақ сынады. Фристайл-могулдан Бейжің төрінде Юлия Галышева мен Дмитрий Рейхердтен жүлде күтетіндер көп. Қос спортшы да талай әлемдік додаларда ел қоржынына жүлде салған. Бұл жолы да ел мерейін асқақтатып, көк Туымызды көкте желбірету үшін тер төгеді. Фристайл-акробатикадан Қазақстан командасының үздігі Жанбота Алдабергенова басты назарда. Ол – Қазақстан сапындағы тәжірибелі спортшылардың бірі. Абзал Әжіғалиевтен бөлек шорт-тректен Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов жүлдеге таласады деген үміттеміз. 500 метрге жүгіруден Денис өзін жақсы сезінеді, әлем кубогы кезеңдерінде жүлдеге ілігіп жүр. Абзал команданың көшбасшысы, ал Әділ жастығына қарамастан жоғары орындардан көрінген спортшы. Ол 500, 1 000, 1 500 және 3 000 метрде жақсы өнер көрсетіп жүр. Биатлоннан Галина Вишневская бүгінде команданың үздігі саналады. Сондықтан аталған спорт түрінен жүлдегер атануы мүмкін саңлақтарды атағанда ең бірінші ойға осы спортшы оралады. Ресейлік «Спорт экспресс» газетінің сарапшылары Қазақстан екі алтын, бір қола алады деп топшылап отыр. Sportsmyriad.com порталының болжамына қысқаша тоқталар болсақ, олар Қазақстан кем дегенде екі медаль алады деп есептейді. Бұл болжам ғана. Әрине, әрбір спортшы жетістіктің шыңы саналған Олимпиада медаліне ұмтылады. Ал біз олимпиадашыларымыздың кез келген жетістігіне қуанамыз. Олимпиада тарихында есімдері алтын әріппен жазылған Владимир Смирнов, Людмила Прокашева, Елена Хрусталева, Денис Тен және Юлия Галышева сияқты спортшыларымыздың жеңісті жолын жалғарына сенеміз. Дүйім жұрт көз тіккен аталмыш додада жарысқа түсетін спортшылар соңғы жаттығуларын өткізіп, дайындықтарын пысықтап, дайын тұр. Кімнің бабы, кімнің бағы шабары уақыт еншісінде. Қазақ елінің спортшыларына сәттілік серік болып, жеңіс туын желбіретіп, жанкүйерін қуанышқа бөлесе екен деп тілейміз.