«Қаңтар қасіреті» қайталанбасын...
«Қаңтар қасіреті» қайталанбасын...
Тарихта «Қаңтар қасіреті» деген атпен қалатын оқиға қазақ­стан­дық­тардың жүрегінде мәңгі қалары сөзсіз. Қиын күндер артта қалды. Десе де, түрлі тәртіпсіздіктер мен зобалаңды көзбен көрген алматылықтардың бұл оқиға жадынан өшпек емес. Біз сұхбаттасқан тұрғындардың қай-қайсысы да мұндай қорқынышты жағдай енді қайталанбауын тілейтінін айтты. «Бұдан барлығымыз мықтап сабақ алуымыз керек» дегендері де бар. Бақыт ИСАЕВ,  зейнеткер: – Тәуелсіз ел болған 30 жыл­дығы­мызда мұндай қиын жағдай ойы­мызға кіріп-шықпаған дүние болды ғой. Барлығымыз жай шеруге шығады деп ойладық. Бұл қанды жағдай жүрекке ауыр тиді. Қираған, өртенген нысандар. Қалалық әкімдіктің ғимараты да отқа оранып, жарамсыз болып қалды. Қаншама адам ажал құшты. Жасымыз 70-тен асқанда мұн­дай жағдайды көзбен көру қиын екен. Өрімдей жас балаларымыз бар­ды да, арандатудың құрбаны болып кетті. Қазақта «іштен шық­қан жау жаман» деген сөз бар. Әсіресе, сол күндердегі белең алып кеткен ұрлық-қарлық елдігімізге сын. Өзімізді өзіміз тонағанымыз ұят болды. Бүтін тұрған қаншама мүліктерге залал келді. Бүлінген нысандар мен өзге де жағдайларды қалпына келтіруге жұмыс атқары­лып жатыр. Уақыт өте келе бәрі қал­пына келер деп үміттенеміз. Өткен нәрсе өтті. Енді бұдан ел болып сабақ алуымыз қажет. Жастарымызды өз елін, қаласын сүйе­тін­дей етіп патриоттық тәрбиеге ба­сымдық беруіміз керек деп есептеймін. Алмаз ОРАЗАЛИН, қала тұрғыны: – Меніңше, бәрі бейбіт түрде бас­талған сияқты еді. Өзім басы-қасында болған жоқпын. Пайымдауымша, тұрғындар 4 қаңтар күні кешкісін Жаңаөзендегі газдың негізсіз көтеріліп кеткеніне наразы топты қолдау мақсатында шықты. Барлығы демократиялық жолмен бейбіт шеру болуы керек еді. Өкінішке қарай, арты жаппай тәртіпсіздікке ұласып кеткені дұрыс болмады. Кесірінен қаншама нысан тоналды, қирады, осының бәрі сол бас-аяғы екі-үш күнде болды. Осы қалада туып-өскенмін. Әдемілігімен әлемді таңғалдырған қаламыздың біраз сұрқы да кетіп қалды. Қалай болғанда да бейбіт мақсатта шыққан халықты сырттан келген баз біреулер азғыр­ғаны рас деп ойлаймын. Оны Президентіміз де алғашқы күндердегі мәлімдеме­сінде айтты. Ендігі ойым, жалпы елімізде мұндай сұмдық қайта­ланбаса екен. Қаламыз бұрынғы әсем қалпына тезірек қайта оралсын деп тілеймін. Қалампыр ІЗБАЛАЕВА, қала тұрғыны: – Ол күндерді еске алудың өзі қорқынышты. Қаншама адам оққа ұшты, жарақат алды. Әсіресе, жастарға обал болды. Бейбіт түрде басталған шеру бейбіт түрде тарауы керек еді. Алғашында бәріміз де солай ойладық. Жаңаөзендегідей халық талабын айтып, жергілікті билікпен бір келісімге келу арқылы тарайтын болар деп сендік. Арты адам айтса, нанғысыз топалаң болып кетті ғой. Қаншама әскери­леріміз бен полициямыз зардап шек­ті. Қаңғыған оқ тиген қаншама бейбіт тұрғын бар. Лаңкестердің әрекеті ешқандай ақтауға келмейтін айуандық деп есептеймін. Әсіресе, екі полицейдің басын кесіп алға­нын естігенде жүрегім қан жыла­ды. Өзім де алты баланың анасымын. Ол боздақтар да өзіміз сияқты ата-ананың баласы ғой. Марқұмдардың иманы саламат болсын. Барлық қираған, бүлінген дүние орнына келер, бірақ жазықсыз көз жұмған­дар қайтып келе алмайды. Біраз күн мең-зең болып жүрдім. Ендігі айтарым, Құдай қазаққа мұндай сынақты қайтіп бермесін.

Алматы