Жаңа Қазақстан: «динозаврлар дәуірі» аяқтала ма?
Жаңа Қазақстан: «динозаврлар дәуірі» аяқтала ма?
Отандық ірі бизнес өкілдерімен жеке жүздескен Президент Қ.Тоқаев «жаңа Қазақ­стан­да» биз­нес үшін жаңа ойын ережелері қандай болатынын нақты айтып берді. Қа­зақстан байлығының жартысы небәрі 162 адамның қолында шоғырланған. Мұндай тәжіри­беге жаңарған Қазақ елінде жол жоқ: ұлттық табыстың әділ бөлінуіне баса мән беріледі. Алайда жаппай «кәмпеске­леу» науқаны да жүзеге асырылмайды. Осы орай­да біз сарапшылардан бизнеске жолданған «мес­седждердің» мәнісі, жаңа Қазақстанның даму барысы туралы ойын білдік.

Тонау тонауға ұласпайды

Саяси ғылымдардың докторы Ер­мұ­ха­мет Ертісбаев ресейлік «Эхо Москвы» радиосына берген сұх­батында дәл Кеңес кезіндегідей «экспроприаторларды эксп­роп­риа­циялау», яғни қанаушыларды қа­­нау науқаны болмайтынын мә­лім­деді. Оның пікірінше, «Қ.Тоқаев оли­гарх­тарға тек шетелге әкет­кен қара­жаттарын елге әкеліп, ха­лық­тың игілігіне, қазақ­стан­дық эко­но­ми­каның дамуына жұм­сауды жүктеді». Өйткені бұған дейін­­гі жылдары жүр­гізілген қар­жы мен мүлік ра­қым­­шы­лығы тек заңсыз табылған қара­жатты заң­­дас­тыруға ғана қызмет етті, капи­тал сол бойы елге қайтпады. Экономист Олжас Сейіловтің ойы да осы арнада тоғысады. «Президент кездесуде ұлттық буржуазияға қандай месседж берді дегенге келсек, бір жағынан оларға жауапкершілік арқалатты: Қазақ­стан­да байлыққа кенелген екенсің және ары қарай ақша-ауқат жи­нау­ға ниеттісің, онда капиталды ше­тел­ге әкетпе, Қазақстанда жұмса, жат елдің емес, Отанның өркендеуі­не үлес қос. Екінші жағынан, кей­бір саясаткерсымақтар, белсенділер Тоқаевты олигархтар иелігіндегі бар мүлікті тартып алып, стратегия­лық маңызды нысандарды, ірі кә­сіпорындарды, жүйеқұраушы банктерді, кен орындарын нацио­нализациялауға итермелегендей болды. Бірақ Мемлекет басшысы ондай жауапсыз қадамға бармады», – дейді сарапшы. Оның мәліметінше, «Қасіретті қаңтар» оқиғалары басталысымен қазақстандық индекстер құлды­рауда, биржалардағы отандық ком­паниялардың құнды қағаздары күрт құнсызданды (-20%-ға дейін). Бұл елден инвесторлар кетіп жат­қанын білдіреді. Ал Тоқаев жария­лаған «жаңа экономикалық бағыт­тың екінші бөлігі – инвестициялық климат». Өткен ХХ ғасырдың басында большевиктер «жаңа Қазақстанды» тұрғызуды (патшалық колониядан ҚазАКСР-ін жасауды) неден баста­ғаны белгілі: қазақтың бизнесмен­дерін, яғни байларды жаппай қу­далады, дүние-мүлкін тартып алды. Елден британдық, америкалық және басқа инвесторлар кетті. Қа­зақстан ғасыр ортасына дейін еңсе тіктей алмай қалды. Егер Қасым-Жомарт Кемелұлы бизнеспен кездесуінде национализациялау үрдісі басталатынын жариялағанда мемлекетіміз бірнеше жыл артқа шегінетін еді. Ондай жағдайда заң­ның үстемдігі, жекеменшік мүлік­тің қол сұғылмаушылығы секілді өр­кениетті мемлекеттің құндылық­тары деградацияға ұшырайды. Алматыдағы тұрмыстық дең­гейдегі ұрлық биз­нестің, ше­телдік инвесторлардың үрейін ұшырды. Ал мемлекеттің әкімшілік ап­паратын қолданып, тұтас кәсіп­орындарды тартып алу – жылдар бойы жасалған инвести­ция­лық архитектураның күл-тал­қанын шығаруы мүмкін. Республи­ка барлық халықаралық рейтингі­лерін жоғалтуы ықтимал еді. Оның үстіне ірі компаниялардың иесі оли­гархтар болғанымен, қожайын­дар құрамында шетелдік акцио­нерлер, миноритарийлер кіреді. Олар Қазақстанды жаппай сотқа беріп, халықаралық арбитраждарға сүйреуі мүмкін. Онда мемлекет бедел-имиджден жұрдай болады. Әрине, компаниялардың бел­гілі бір үлесі үшін нарықтық құнын төлеп, «ұлттандыру» тәсілі де бар, бірақ оның шығыны сол кәсіп­орын­­дардың 5-10 жылдық табы­сына теңелуі мүмкін. Сонша бос қаражат бюджетте жоқ, ол үшін Ұлттық қорды тауысу – тиімсіз әрі қауіпті. Сондықтан Қ.Тоқаев тұрмыс­тық тонаудан кейінгі мемлекеттік тонау болмайтынын анық аңғарт­ты. Ол кездесуде «жаңа реформалар тартып алуды және қайта бөлуді көздемейтінін» бірнеше қайталап айтты. Президент «бұл ақымақтық және жауапсыздық болар еді» деді және мұндай популистік залалды қадамнан бас тартты. Тоқаевтың «жаңа Қазақстаны» большевик­тер­дің «жаңа Қазақстанына» ұқса­майды.

Басты месседж – тұрақтылықта даму

Жаңа Қазақстанның мақсат-мұраты басқа: ұлттық буржуазияны, соның ішінде олигархтарды да «елі­міздің әлеуметтік-экономи­ка­лық моделін трансформациялау үдерісіне белсене атсалысуға тар­ту», яғни байлығын бұқарамен бө­лісу­ге иліктіру, оларды Қазақ­стан­ды дамытуға жұмылдыру. Экономист О.Сейіловтың па­йымдауынша, «олигархтарды сіл­кілеу­дің» орынды бір жолы салық салудың прогрессивті шкаласын енгізу болмақ. Бұл қоғамның да қол­дауына ие болады, елге де пай­дасы тиеді. Мысалы, америка­лық­тар Илон Масктың сән-салтанатты 7 сарай-үйі барын, миллиардердің үйінен жұмысына төл ұшағымен қатынайтынын біледі. Біле тұра қыз­ғанбайды: себебі Маск прогрес­сив­ті шкала бойынша бүкіл табы­сының 47%-ына дейін салық тү­рінде төлейді. Қаржыгер-кеңесші, Financial Freedom басшысы Расул Рысмам­бетов бұл кездесуден кейін үміт оян­ғанын айтады. Ірі бизнес – белгілі бір шектеулер мен жаңа ойын ережелері аясында жұмысын Қазақстанда жалғастыра алатыны­нан күдер үзбейді. Орта бизнес – алпауыттардан белгілі бір активтер босап, оларды иеленуге мүмкіндік туады деп үміттенеді. Ал бұқара – бай-олигархтардан бюджетке және ары қарай халыққа түсетін қаражат көбейеді деген үмітте. Ендігі міндет – осы үміттердің алданбай, кезекті сағымға емес, шындыққа айналуы. [caption id="attachment_180762" align="alignleft" width="1200"]Жаңа Қазақстан © коллаж: Елдар Қаба[/caption] «Тіпті, Президенттің ескі-жаңа Үкіметті сақтап қалуының өзі бел­гі-месседж саналады. Смайылов­тың Министрлер кабинетінің мү­шелері жаңа тұлғалар емес. Ин­весторлар оларды негізінен таниды және олармен келісімге келе ала­тынына азды-көпті сенімде. Әри­не, бұл уақытша Үкімет болса ке­рек. Оның міндеті – елде, экономи­када тұрақтылық орнату, белгілі бір сабақтастықты сақтау. Президент дипломат ретінде халықаралық ойын ережелерін жақсы біледі, ол қазір бәрін халықаралық қағида­ларға сәйкес жасауда», – дейді қаржыгер. Сонымен бірге халықаралық қағидалар олигархтардың заңсыз табылған капиталын, мүлкін алып қоюға да рұқсат етеді. Мысалы, Ұлыбритания солай жасауда. Де­мек, бұл тұрғыдан Мемлекет бас­шы­сының маневрлерге арналған өрісі кең. Сарапшының пайымдауынша, былтыр мембағдарламалар орнына қабылданған ұлттық жобалар алда қайта қаралуы мүмкін. Өйткені ондағы жобалар жаңа Қазақстан­дағы өзгерістерді, олигархтардың ұл­ғаятын үлесін ескермейді. Әйт­песе, 10 ұлттық жобаға негізінен, бюджеттен 49 триллион (!)теңге жұмсалғалы тұр.

Мақсат түсінікті, тек тетіктері нақтыланса...

Жалпы, қолымызда бар дерек бойынша, «2022 жылғы 21 қаңтар­дағы ҚР Президентінің төрағалы­ғымен өткен отандық ірі бизнес өкілдерімен кеңеске қатысушылар тізіміне» жалпы саны 75 тұлға кірді. Дегенмен кейбір мәлімет бойынша жабық жиынға Тимур Құлыбаев, Болат Өтемұратов секілді тізім сыр­тында шақырылғандар да қа­тыс­қан деседі. Бір анығы, ірі бизнес өкілдері Мемлекет басшысының оларға нені жеткізбек болғанын, нені та­лап ететінін түсініп шықты. БАҚ-қа сұхбатта қатысушылар соны мойындап жатты. Дегенмен басты міндет-мақсаттар ұғынықты болға­нымен, оларды іске асыру тетіктері түсініксіздеу көрінеді. Мысалы, ша­қырылғандардың бірі Kusto Group директорлар кеңесінің тө­ра­ғасы Еркін Тәтішев бизнестің жаңа өзгерістерге қатысуының жөн-жосығы нақты көрсетілсе дейді. «Президенттің кездесудегі сөзі тұтас бағдарлама деуге тұрарлық. Онда бұрын айтылмай келген біраз мәселе көтерілді, өзгерістер бағда­ры айқындалды. Енді билік ре­формаларды жүзеге асыру кезең­дерін нақтыласа дейміз. Мысалы, бизнестен жаңа экономикалық күн тәртібін қалыптастыруға қатысу сұралды. Қалай қатысамыз? Қа­тыссақ, стратегиялық, әлде такти­калық мәселелерді айқындаймыз ба? Бір тілек айтар едім: өз шешім­дерімізді ұсынып, оны өмірде жү­зеге асыра алу үшін ұлттық бизнес­ке Президентпен, Үкіметпен тұ­рақты, делдалсыз, тікелей байла­нысу мүмкіндігі берілсе, жақсы болар еді», – деді ол. Әйтпесе, ұлттық буржуазия төл жобаларымен министрге, әкімге кіреді, болмаса хат жолдайды, онысы бюрократия батпағына батып кетеді немесе мемлекет мүд­десін емес, өз пиғылын ілгерілетуді ойлайтын шенеуніктер еш қызығу­шылық танытпайды, сырғытпа жауап береді. Инвестор, 100-ден аса компа­ния­­ның акционері, белгілі биз­несмен Марғұлан Сейсембай кез­десуге қатыспаса да, өз ойын ортаға салды. «Әрине, барлық бастама жақ­сы, кемшін тұстары да жоқ емес. Көптеген тапсырманы іске асыру механизмі түсініксіз. Мысалы, аса ірі бизнесмендер өз табысының белгілі бір пайызын «Қазақстан халқына» қорына қалай аударады? Қанша пайызын? Қандай жиілік­пен? Оның негіздемесі қандай? Меніңше, бұл схеманы айналып өту, басқаша талдау, ақырында тіпті одан қашып құтылу оп-оңай», – деді ол. Мемлекет басшысының тағы бір «месседжі» – елде мемлекеттік монополия да, жекеменшік оли­го­полия да болмауы тиіс. Алпауыттың қай түрі де ел мен нарыққа зиян. Экономистердің айтуынша, егер мемлекет салаларды олиго­по­лия­дан тазартып, олардың дүние-мүлкін мемлекеттік компанияларға берсе, онда Үкіметтің алдынан қиын таңдау шығады: не бүйірі ор­тайып жатқан бюджетті толтыру үшін мемлекеттік және ұлттық ком­паниялардың тапқан-таянға­нын тегіс алып қояды немесе олар­ды ұстап тұру, дамыту үшін табы­сының үлкен бөлігін өзіне қал­ды­рады. Кеңес Одағы да, тәуелсіз Қазақстан да соңғы жолды ұстанып келді. Салдарынан квазимем­лекеттік сектордан бюджетке қо­мақты пайда түспеді, олардың шы­ғыны артты. Ал әлемдегі ең мұнайға бай ел Венесуэла бірінші жолға түсіп, ұлттық компанияла­рының тапқанын тақұл-тұқыл алып қоюмен әуестенді. Сал­да­рынан мемкәсіпорындар инвес­ти­ция мен капитал тапшылығына ұшырап, штаттарын қысқартуға мәжбүр болды. Кейінгі 12 жылда мұ­най өндірісі – 2 есе, ал мемсек­тордағы жалпы өндіріс 3 есе құл­дыраған. Нәтижесінде, 2021 жылы Венесуэлада гиперинфляция 686,4% болды. Халқы ары қарай қайыршыланып, шетелге босуда. Бұл екі жол да тұйыққа тірейді. Сондықтан Президент мемлекеттік активтердің жекешелендірілуі жал­ғасатынын, жаңа экономика­ның тағы бір ұстыны – шынайы бәсеке болатынын нықтады. Оли­го­полия жойылады, мемлекет те эконо­микаға үстемдік етуін қояды. Ди­но­заврлар дәуірі аяқталуы шарт: жаңа экономика терезесі тең бә­секелесіп, тиімді жұмыс істейтін, озық өнім беретін орта бизнестің кең өрісіне, байтақ жайлауына айналады. Озық дамыған елдердің тәжірибесі – осы.