Соңғы 5 жылда Қазақстаннан кететіндер саны күрт көбейіп, келетіндер азайған. Жаппай тәртіпсіздіктер кезінде тағы 64 мыңнан аса адам елді тастап, кете барды. Әдетте қазақтар әлем елдерін бағындыруда, беделді компанияларда жұмыс істеп жүр деп мақтанамыз, ал олардың Қазақстанға қайтып келгісі келе ме? Әрине, кім қайда кетсе де, тосқауыл болуға, жазғыруға да хақымыз жоқ. Дегенмен Үкімет нені түзетуі керек? «Оралғым келмейді» дейтіндердің базынасы бар ма?
КЕТКЕНДЕР ҚАЙТА КЕЛЕ МЕ?
Елімізден жыл сайын кемінде 15 мың адам қол бұлғап кете барады. Мәселен, ресми деректерге сүйенсек, 2021 жылдың 9 айында Қазақстаннан 25 322 адам көшіп кеткенін көрсетеді. Елімізден халық неге сонша қаша бастады дейсіз ғой... Туған жерінде білімі мен тәжірибесін кәдеге жаратқысы келеді, бірақ Қазақстанда ондай мүмкіндік бар ма? «Мәселе – жалақының аздығында, кәсіби тұрғыдан өсіретін, білім-тәжірибе беретін жұмыс орындарының жоқтығында» деп отыр Ванкуверде Arista Networks IT компаниясында жұмыс істейтін 33 жастағы Ғани Тасполатов. «Кету себебім – алған білімімді қолдану. Екіншіден, жұмыс көп. Нәтижеге жұмыс істесең, ешбір аға-көкесіз көтерілуге болады. Үшінші, табыс, әрине. Үлкен компанияда жұмыс істеген ұнайды, адамзаттың игілігіне өз үлесімді қосқым келеді. Үйді, ата-анамызды сағынамыз. Өзім 30 елде болдым, ешқайсысы мінсіз емес. Бірақ Қазақстанда 6 жыл IT саласында жұмыс істедім. Бірқатар жоба болды, бірақ күннен-күнге шыңдай түсетін бірде-бір жұмыс болмады. Көп жерде бизнес, оңай пайда. Алыпсатумен ғана айналысады», – дейді ол. Шымкент қаласының тумасы Ғани 2008-2012 жылдары «Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-та 4 жыл білім алған. Оқуын бітірген соң Қазақстанға келіп, жұмыс істепті. Бірақ шетелге барып оқыған студенттердің бәрі дерлік Қазақстанға қайта оралғысы келе бермейтінін ескерсек, Ғани да 2018 жылы жақсы өмір іздеп, отбасын алып, елден көшіп кеткен. «Қазақстанда қызметте тамыр-таныстық жүретіні жасырын емес. Меніңше, халықтың Қазақстаннан көшіп кетуіне басқа елдегі өмірдің сапасы мен ол жақтағы жұмысының бағалануы себеп. Шетелде әлеуметтік қолдау жағы жақсы, өсуге болады, тұрақтылық бар. Шетелде сұранысқа ие болатын кей мамандардың Қазақстанда жұмыссыз қалып немесе аз жалақыға күнелтіп жүргені рас. 1 ұл, 1 қызым бар. Ұлым Ванкуверде 1-сыныпта оқиды. Қазақстанға қашан келетінімді айта алмаймын», – деді Ғ.Тасполатов. Халықаралық көші-қон ұйымының мәліметі бойынша, елден біржолата кетіп жатқан әрбір үшінші адам этникалық қазақтар екен. Эмигранттардың төрттен бірі – 15-тен 28 жасқа дейінгі азаматтар. Және елден кетіп жатқандардың 77 пайызы жоғары білімді. Мәселен, шетел асқандардың 4 144-і техника, 2025-і экономика, 1 260-ы педагогика мамандығын оқығандар. Сонымен қатар 699 дәрігер басқа елде өмір сүруді таңдапты. Тағы 4 000 әртүрлі мамандық иесі де нәпақасын шетелден табуды қалаған.КҮНІНЕ 54 МЫҢ ТЕҢГЕ, АПТАСЫНА 2 МЫҢ ДОЛЛАР
22 жастағы Самалбек Амандықов 2018 жылдан бері Оңтүстік Кореяда жұмыс істейді. Ол өзінің күніне 54 мың теңге табыс табатынын айтып, Қазақстанда таңнан кешке дейін 6-10 мың теңгеге жұмыс істейтіндерге сабырлық тілейтінін жеткізді. «Бұл жақта мүмкіндік көп. Біздің елде де бар, әрине. Бірақ Кореяда талмай еңбектенсең, ешкімнің көмегінсіз көтерілесің. Осы жақтан тәжірибе жинап, елімде қолданғым келеді. Болашақта Қазақстанға барып, отбасын құру жоспарымда бар. Сосын әйеліммен бірге шетелге барып, тәжірибе жинасам деймін. Егер біздің елде халықтың жағдайы жақсарса, бұлай шетел аспас едік. Мұнда қазақтар көп, 16 жастағы мектеп оқушысынан бастап 50-ден асқан ағаларымыз да жүр. Балалар білім алудың орнына, жұмыс істеп жүр. Қазақстанда жұмысқа тұрайын десең, тәжірибең жоқ дейді. Тәжірибе жинаймын десең, жұмысқа алмайды. Амал жоқ, таныстарға жүгініп, жұмысқа тұрасың. Мұны жасырудың қажеті жоқ шығар. Жемқорлық бар жерде еш сала дамымайды», – дейді ол. Оңтүстік Кореяға баруды студент кезінен жоспарлапты. Шетелде жұмыс істеп, тұрмысын тіктеп алғысы келген екен. «Басында Тэджон деген қалада шыны зауытында 2 жыл жұмыс істедім. Айлығым 1 млн 500 мың теңге болды. Қазір Тегу қаласында жұмыс істеймін. Әзірше елге қайтайын, елге бару керек еді деген ой жоқ. Бірінші жағдайымды жасап алайын. Мұнда заңды жұмыс істеп жүрмегендіктен, медициналық сақтандыруымыз жоқ. Ауырсақ, жекеменшік клиникаларға барып қараламыз. Бірақ бұл жақта медицина қызметі қымбат. Егер мен Қазақстанда да осындай жұмыс істеп, Кореядағыдай ақша тауып жүрсем, кетпес едім», – дейді Самалбек. Азаматтардың көбі Ресей, Германия, Беларусь, Канада, АҚШ, Оңтүстік Корея елдеріне қоныс аударады екен. Бұл – тіркелген ресми дерек. Бұдан бөлек, ресми статистикадан тыс туристік немесе іскерлік визамен жұмыс істеу мақсатында шетел асып кеткендер бар. Мәселен, 25 жастағы Нұрғиса Назар Америкаға студенттік визамен барып, сол жақта жұмыс істеп жүріп, қалып қойған. 1,5 жылда логистика саласынан өз кәсібін ашып, бүгінде «Амазон» компаниясының тауарларын бір қоймадан екінші қоймаға жеткізіп берумен айналысып жүр. [caption id="attachment_180771" align="alignleft" > © коллаж: Қуаныш Сапарбай[/caption] «Алғашқы 1,5 жыл Флорида штаты Маями қаласында тұрдым. Соңғы екі жылдан бері Чикаго қаласындамын. Басында «Болашақ» бағдарламасына оқуға тапсыру үшін ағылшын тілін дамытуым керек болды. Сол үшін Америкаға келдім. Бірақ жұмыс істеп көрген соң оқуды кейінге қалдырдым. Мұнда құқық қорғау орындарына пара беруге тырыссаңыз, сол жерде олар талдырып тастайды. Әрі қарай басыңыз үлкен дауға қалады. Бізде жемқорлық ашық түрде жүреді ғой. Жұмыс барысында Абзал деген отандасыммен танысып, сонымен бірге логистика саласынан өз кәсібімізді аштық. Қазір қоластымызда 15 шақты тасымалдаушы бар. Аптасына 2 000 доллар табыс табамын», – деді ол. Нұрғиса 2 жыл бойы жалақысының жартысын ай сайын ата-анасына жіберіп отырған. Табысының 70 пайызын Қазақстанға арнап жатқан көрінеді. «Астанадан 33 миллионға 3 бөлмелі пәтер, көлік алдық. Ағамды үйлендірдім. Маған «Менде 2 миллион бар, тағы 1 миллион бере тұршы, көлік алайын» дейтіндер бар, оларға көлік алғанша, бизнеспен айналыс деп айтамын. Мен 2 миллион жинадым, сол ақша виза алуға кетті. Тәуекелге барсаң, нәтиже болады. Ал біздікілер тұрақтылыққа үйреніп алған. Зейнетке ерте шықсам дейді, ипотекаға үй алып, бір жалақыға өмір сүргенді тәуір көреді. Америкада кез келген кәсіп түрімен айналыссаң, тез дамиды. Мұнда халық кір жуғанша, тамақ істегенше, ақша беріп, маманға істеткенді жөн көреді», – дейді Нұрғиса Назар.ҚАШАН ЕКЕНІ БЕЛГІСІЗ...
Сонымен, олар неге шетелге кетті? Неге елге келмей жүр? Жалақысының мардымсыздығы, біліміне сай жұмыстың табылмауы, ең өзектісі – баспана мәселесі отандастарымыздың «жайлы өмір» іздеп, шетел асуына «септігін» тигізіп отыр. Білімімді жетілдіремін дегендер білім, технология саласында қай елдің бәсі жоғары екенін біледі. Сапалы білім жақсы өмірге жолдама екенін бәрі сезеді. Ал одан өзгесі жоғарыда аталған проблемаларға шыдамағаннан шетел асуға мәжбүр. Қара жұмыс істесе де, біршама жақсы жалақы алып, еркін өмір сүруге бейімделіп қалғандары да жетерлік. Тіпті, кейбірі білім алып не еңбектеніп жүрген елдерінде біржола қалудың қамында жүр. Екінші, олар өз білімін жоғары баға бере алатын нарықта саудалағысы келеді. Шетел асқандардың әңгімелерінен ұққанымыз, олардың Қазақстанға қол бұлғауының себебі қаржылық мәселелерді шешу ғана емес. Олар саяси еркіндікті, өркениетті қоғамды қалайды. Яғни, теңдік орнаған, әлеуметтік сатысы жақсы жұмыс істейтін меритократиялық қоғамда өмір сүргісі келеді. Жағымпаздық, таныс-тамырлық, жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа төзгісі келмейді. Қорытындысында бір жерде ұзақ тұрақтаған адам сол жердің адамына айналады. Пікірлескен азаматтар 2-3 жылда сол жерге әбден үйреніп кеттік деп отыр. Олар «түбінде оралармыз, бірақ қашан екенін білмейміз» дейді. Қазақстанға қайтып келгеннің өзінде үйренген жеріне аяғы тартып тұратыны анық. «Ел басына күн туса, ер етіктен су кешер» дейді халқымыз. Осындайда тек елімізде қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнағанда емес, қиын-қыстау кезеңде «халқыммен біргемін» деген шетелді бағындырған режиссер Айсұлтан Сеитовтің әлеуметтік желідегі жазбасы еске түседі. Себебі жырақта жүрген баласының «елге ораламын» деген бірауыз сөзінің өзі көңілі күпті халыққа медеу болғаны рас.