Сөз жоқ, шекараны шегендеп, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету – тәуелсіздігіміздің басты жетістігі. Дегенмен дәл осы шекара сызығына таяқ тастам жерде күн кешетін халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы мәз емес. Ресми статистика тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда бүгінде шекараны бойлай қоныстанғандар санының бірнеше есе азайғанын айғақтайды. Тұрғындар санының кемуін былай қойғанда, шекара маңындағы елді мекендердің кейбірі әне-міне картадан жойылып кеткелі тұр. Жалпы, шекаралық аймақ тұрғындарының жағдайын жасап, ондағы елді мекендердің инженерлік-инфрақұрылымын жетілдіру стратегиялық маңызға ие. Өкініштісі, сол түпкі мақсаты ұлттық қауіпсіздікке кепілдік беретін маңызды мәселеге тиісті көңіл бөленбей-ақ келеді. Салдарынан шекаралық аймақтардағы шешімін күткен әлеуметтік мәселелер қордалана түскен. Сондықтан мұндағылар реті келсе, ел арасына қарай көшіп алуды құп көреді. Тіпті, жайлы өмірді шекараның арғы жағынан іздеп кеткендері де бар. Бәрінен бұрын елдегі соңғы жағдайлар шекараны нығайтуда әскери әлеуетпен бірге елдің шетіне халықты тығыз қоныстандырудың қажеттігін көрсетті. Әлбетте қажетті инженерлік-инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, жұмыспен қамту мәселелері шешіліп, шағын және орта бизнесті дамытуға жағдай жасалса, елдің шетінде де ел қатарлы ғұмыр кешуге болады. Қазірдің өзінде шекара аумағындағы 1 200-ден астам елді мекенде 1,5 миллионнан астам адам тіршілік етеді. Алайда олардың саны жыл санап азайып барады. Апта бұрын шекаралық аймақта өлместің күнін кешіп жүрген көпшіліктің мәселесін сенатор Ольга Булавкина бастаған Сенат депутаттары көтеріп, Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдады. Онда шекаралық аймақта бизнесін дамытуға ниеттілерге салықтық жеңілдіктер жасау, жұмысы бар тұрғындардың еңбек өтілін 1,5 коэффициентімен есептеу, өзге өңірлерден шекара маңындағы ауылдарға қоныс аударғандарды баспанамен қамтуға субсидия беру тетіктерін қарастыру мәселелері сөз болды. Расында, тетігін тапқанға мұнда көтерілген кез келген мәселені қолданыстағы заңнама немесе арнаулы мемлекеттік бағдарламалар аясында шешу қиындық туғыза қоймайды. Тіпті бір кездері Үкіметтің қаулысымен шекара маңындағы елді мекендерді дамытудың 2014-2020 жылдарға арналған кешенді шаралар легі де бекітілгені есте. Әйтсе де, аймақтарда қалыптасқан қазіргі жағдайлар Үкімет мүшелерінің әлгі қаулыны орындауға селсоқ қарағанын көрсетеді.
Өсу жоқ, көшу көп
Бір ғана мысал. Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің Экономика басқармасы екі жыл бұрын есеп жүргізіп, өңірдегі 635 елді мекеннің тек 307-сіне болашағы бар деп баға беріпті. Бұл санатқа шекара маңында 23 ауыл ғана іліккен екен. Сол жолғы санақ кезіндегі теріскейдегі шекара маңындағы 15 ауылдың тұрғындарының саны 50-ге жетпейтіні де мәлім болыпты. Еліміздің ең үлкен шекаралық аймағы саналатын Шығыс Қазақстан облысында да бұл мәселенің түйінін тарқату қиындап барады. Дәл осы өңірдегі жалпы ұзындығы 2100 шақырым болатын мемлекеттік шекара Ресей, Қытай мен Моңғолия елдерімен шектеседі. Бір кездері өз алдына бөлек аудан болған Марқакөл ауданы да халық санының аздығынан бүгінде Күршім ауданының құрамына кірген. Марқакөлдік Абзалбек Мұхаметжанов соңғы жылдары бір кездері Марқакөл ауданының құрамында болған 14 ауылдың жойылып кеткенін айтады. – Әрине, халықтың үдере көшуінен ауылдар иесіз қалып жатыр. Жастар жұмыстың ыңғайына қарай республиканың әр қиырын шарлап жүр. Көп ауылда әуелі мектеп жабылды. Артынша ондағы тұрғындар да баласына мектеп іздеп жақын маңдағы ауылдарға қоныс тепті. Осылайша заманында дүркіреп тұрған елді мекендердің орнын сипап қалдық. Бұл күндері кезінде 40-50 отбасы тұрған ауылдардың орны қарапайым фермаға айналып кетті. Бұлай жалғаса берсе, ендігі 1-2 жылдағы шығыстағы шекара маңындағы ауылдарды саусақпен санауға болатындай жағдайға жетеміз, – дейді Абзалбек Мұхаметжанов. Шығыспен бірге Ресейдің 5 облысымен шекарасы түйісетін Батыс Қазақстан облысындағы да жағдай осы. Жыл санап халі нашарлаған шекаралық ауылдағы қара шаңырақты қара құлыпқа күзеттіріп кете баратындар көбейген. Нәтижесінде, мектептердегі оқушылардың саны күрт азайып, олар орта мектептен негізгі мектепке, негізгіден бастауыш мектепке айналған. Мектеп жасындағы баласының болашығына алаңдаған халықтың көшуден басқа амалы жоқ. Әдетте шекара маңындағы ауылдар туралы сөз болғанда оңтүстік шекараны бойлай қоныстанғандардың жағдайы туралы айтыла көп бермейді. Өйткені қай ауылында болмасын халқы тығыз орналасатын түстік өңірлерде жоғарыда сөз болған мектептің жабылуы, тұрғындардың үдере көшуі сияқты мәселелер кездеспейді. Әрі мұндағы жағдай да шығыс, солтүстік, батыс шекарадағылармен салыстырғанда көш ілгері. Сонда да болса оңтүстіктегі шекара маңындағы ауыл тұрғындарының жағасы жайлауда деп айтуға келмейді. Шекараға таяу тұрып, жергілікті биліктің назарынан шет қалған елді мекеннің бірі – Жамбыл облысы, Меркі ауданы Аңдас батыр ауылы. Шекарадан небәрі 800 метр ғана жерден қоныс тепкен бұл ауылда да әлеуметтік мәселе жеткілікті. Ауыл тұрғыны Ерболат Бірбаевтың айтуынша, елді мекендегі мектеп ғимаратының тозығы жеткен. Жастардың бос уақытын ұйымдастыруға арналған, мәдениет, спорт нысандары да жоқ. «Ауылдағы бес-алты көше Кеңес Одағы тарағалы жөндеу көрмеді. Ауызсу мәселесі де кезек күттірмей шешуді қажет ететін мәселенің біріне жатады. Әлі күнге бірде лай, бірде тұнық құдықтың суын ішіп жүрміз», – дейді ол.Көршілерге қызыға көз салады
Осы факторлардың өзі-ақ шекара маңындағы ауылдардағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды бағамдайды. Жергілікті жұртшылық та жағдайдың оңалатынына күмәнмен қарайтындай. Есесіне олар шекараның арғы жағындағы қоңсыларының өміріне қызыға күн кешіп жүр. Мәселен, шығысқазақстандықтардың айтуынша, Қытай жағы Шығыс Қазақстан облысымен шекаралас аудандарын қайнаған тіршіліктің ортасына айналдырған. Біз шекара маңындағы 100 тұрғыны бар ауылдың тіршілігін қамтамасыз етумен бас ауыртып жүргенімізде шығыстағы көршіміз шекара маңына 250-300 мың тұрғыны бар қалашық салып үлгеріпті. Аспанасты елі өздерінің бас жоспарына сай 2050 жылға қарай Қазақстанмен және Солтүстік Кореямен шектесетін аймақтарда кемі 5-7 миллион адам тұратын үлкен қалалар салуды көздейді. Ресей де соңғы жылдары шекаралас аймақтарға халықты тығыз орналастыруға көңіл бөле бастаған. Қазір солтүстіктегі көршімізде шекара маңындағы аймақ тұрғындарының жалақысына 90 пайыздық үстемақы қосады. Елдің шетінде, желдің өтінде күнелтетіндердің қысқы отыны да мемлекеттің мойнында. Әрі қолданыстағы заңнамаға шекаралық аймақта жұмыс істейтін әйелдер 50 жасында, ал ер адамдар 55 жаста зейнеткерлікке шыға алады. Сонымен бірге дәл осындай аймақта ширек ғасыр өмір сүрген ресейліктер кейін алып елдің өзі қалаған жерінен жеңілдікпен пәтер алу құқығына да ие. Осы тұрғыдан алып қарағанда шекара бойын мекендеп, «шықпа жаным, шықпамен» күнелтіп жүрген көптің жағдайын түсінуге болады. Сондықтан олар да халықтың өмір сүру сапасын жақсартып, тұрмысын түзеуге бағытталған Президент реформаларының нәтижесіне үлкен үміт артады. Әрі халықаралық бедел тұрғысынан да шекара сызығы бөліп тұрған көрші ауылдардың әлеуметтік жағдайының әрқилы болуы да жауаптыларды ойлантуы керек-ақ. Мәселенің астарында әлеуметтік-экономикалық, дипломатиялық салдар жатқанымен мұндағы ең басты нәрсе ұлттық қауіпсіздік екенін де ұмытпағанымыз жөн.