Асқар Мамырбаев: Біздің дауысымызды «тұншықтырып» тастады
Асқар Мамырбаев: Біздің дауысымызды «тұншықтырып» тастады
387
оқылды
Шымкент 3 жарым жыл бұрын республикалық маңызға ие қала мәртебесін алғаны белгілі. Сол кезден бастап оның даму мақсаты, сәулеті барлығы да түбегейлі өзгеруі тиіс болатын. Өкінішке қарай, бүгінде қаладағы салынып жатқан құрылыс нысандарының кескін-келбеті, орналасуы өңірдегі осы сала мамандарының көңілінен шыға бермейді. Үшінші мегаполисте бас жоспардан тыс құрылыстар да көбейген. Біз осы мәселе төңірегінде «Шымкент қаласы сәулетшілер қауымдастығы» қоғамының төрағасы Асқар Мамырбаевты әңгімеге тартқан едік. – Асқар Смайылұлы, бір сұхба­тыңызда «Шымкенттің шырайын келтірген сәулетшілер қауымы би­лік­тің назарында болатын, олармен санасушы еді. Енді тек сағынышпен еске аламыз...» депсіз. Жалпы, қазір әкімдікте қалалық сәулет кеңесі бар ма? – Шымкент – Қазақстанның ірі үш қаласының бірі. Демек, басқару жүйесі, атқарушы биліктің тармақтары алдындағы қалалармен тең дәрежеде болуы тиіс. Құрылыс­тың сәулеті, жалпы құрылыстың тізгіні білікті архитекторлардың қолына тигенде ғана реттеледі. Өйткені жобаның сызбаға сай болып, құрылысқа айналуы бас құрылысшыға байланысты. Иә, бұрындары әкімнің жанында қала құрылысы кеңесі болған. Оны жауып тастап, кейін сәулет кеңесі болып қайта құрылды. Оны да жауып тастады. Әкімдік мұны бізге жоғары жақтан келген пәрмен деп түсіндірді. Себебі кәсіпкерлерге кедергі жасайтын ұйымның бәрі жабылуы тиіс екен. Демек, кәсіп­керлер білгенін істей беруі тиіс болып тұр. Шынтуайтына келгенде, мамандармен ақылдаспай жасалған дүниенің салдары қалай болатыны белгілі. Шымкент үлкен ауылға айналды. Әрине, оның біраз себебі бар. Қала дербес мәртебе алғанда көрші облыстан Сайрам, Төлеби аудандарының 40 шақты ауылы қосылды. Одан бөлек, жекеменшік үйлерге де жер көптеп берілген. Салдарынан Шымкентіміз жайылып, ауылға айналып кетті. Негізінен, оның барлығы да ақылдасып шешілуі тиіс мәселе еді. Жалпы бүлдірілген дүние көп. Ашығын айтқанда, осылайша дауысымызды «тұншық­тырып» тастады. Мен сәулетшілер кауым­дастығы­ның төрағасы ретінде көп жағдайда қауымдастықтың атынан айтамын.Біз екі рет қала әкімінің атына ашықхат жолдадық. Біріншісі, шу болған атшабар мә­селесі болса, екіншісі бас жоспардан тыс «қы­зыл» сызық бойында орналас­қан құрылыстар хақында ашықхат жаздық. Өкінішке қарай, оған әкімдік жауап берген жоқ. Жауап беруді қажет деп те таппады. – Шымқалада бас жоспарға сай келмейтін құрылыстардың жүріп жатқаны туралы жиі айтылады. Одан бөлек, «қызыл» сызық бойын­дағы кәсіпкерлік нысан да көп. Неге? – Бас жоспар – ол қаланың негізгі құрылыс жүргізу құжаты. Сондықтан әрбір құрылыс осы құжатқа сай салынуы керек. Оған сай емес құрылыс болмауы тиіс. Алайда Шымкентте бұл мәселе қазір күрделі күйінде тұр. Көптеген салынуы тиіс құрылыстардың мақсаты ауысып кетті. «Қызыл» сызыққа еніп кеткен көше болуға тиіс жерлерден салынып жатқан құрылыс нысандары бас жоспарға сай емес деп нық айта аламын. Байқасаңыздар, кейінгі жылдары қаланың үлкен орталық көше­лерінің біраз аумағында Global Coffee дейтін қара дүңгіршектер пайда болды. Оның көпшілігі «қызыл»­ сызықтың бойына салынған. Ол туралы талай рет айтып, жазып та жүрмін. Бірақ әкімдік тарапынан ешқандай қозғалыс жоқ. Сондай-ақ Бәйдібек би даңғылының зоосаябаққа қарсы бетіндегі құры­лыстардың жағдайы да сын көтер­мейді. Көшенің «қызыл» сызығына қонжиған, тәулік бойы жұмыс істейтін «Жаңа­лық» дүкені, автокөлік жөндеу стан­салары, дәріхана сияқты ғимарат­тар әкімдік пен тиісті бақылау мекемелерінің салғырт­тығы­нан аяқ жолға ентелей кіріп, жүргін­шілерге қолайсыздық туғызады. Тіпті, көлік жөндеу боксы орнына дүкен ашып алған. Т.Рысқұлов және Ж.Шаяхметов көшелері қиылысында да едел-жедел үлкен алып құрылыс жүріп жатыр.Көшенің «қызыл» сызығына қара­май, бастырмалатып салынып жатқан бұл құрылыс бұрынғы әкім­дердің тұсында тоқтатылған заңсыз құрылыстар саналған еді. Енді мораторий дегенді сылтауратып, заңсыз құрылыстарға тыйым салынбай отыр. Ертеңгі күні осы ғи­мараттардың орны мемлекет мұқ­­таж­дығы үшін керек деп мил­лиондаған қаржыға сатып алынады-ау. Дәл осыған ұқсас құрылыс нысаны өте көп. Демек, қазір қаланың болашақ дамуы да, бас жоспары да ешкімді қызықтырып отырған жоқ. – Жалпы, Шымкент қаласының бас жоспары соңғы рет қашан өзгертіліп еді. Естуімізше, тағы да қайта қаралып жатқанға ұқсайды... – 2012 жылы бекітілген Шымкент қаласының бас жоспары қала жаңа статус алғалы бері қолдан-қолға өтіп, 2018 жылы өзектендіру жобасы деп өзгертілген. Енді оған қайтадан бәйге жарияланып, жобалаушы анықталып, жұмыс істеп жатыр. Ол мәселені біз де бақылап отырмыз. Бірақ қоғамдық талқылау әлі өткен жоқ. Қазір алғашқы жұ­мыс­тары жүріп жатыр. Жақын ара­да Сәулет басқармасына барып, осы мәселе бойынша біраз ақыл­дастық. Қайта қаралып жатқан бас жоспарда жайылып кеткен елді мекендерді сәл біріктіруді көздеуі тиіс. Ең алдымен инфрақұрылым мен жолдарды реттеу. Елді мекендерді бір-бірімен қарым-қаты­насын ыңғайластырып қарау қа­жет. Қаладағы кептелістерді азайту. Барлығы да бас жоспармен іске асады. Жүйелі түрде ескі мамандармен жұмыс істесе, дұрыс болады деп ойлаймын. – Кезінде үлкен дауға айналған, бүкіл шымкенттіктер шулаған атшабар мәселесіне нүкте қойылды ма? – Дау болған атшабар аумағына Bi group компаниясы салатын тұр­ғын үй кешенінің құрылысы басталып кетіпті. Қаланың жанашыр аза­маттары мен мамандардың жанайқайына пысқырып та қара­май, құлағына ілмегені өкінішті. Қаланың бас жоспарын өзгертпей-ақ, белден басып, демалыс айма­ғына тұрғын үй, қоғамдық құры­лыстар сала беруге болады екен. Рекреациялық аумақты екіге жарып, аса ірі тұрғын үй кешендерін салуға сәулетші мамандарының бәрі қарсылық білдіргенбіз. Өйт­кені қала құрылыс жоспарының өзіндік заңдылықтары мен стандарттары бар. Тұрғын үй кешендерін шамадан тыс бір аумаққа шоғырландыру, біріншіден инфра­құрылым, көлік қозғалыстарына салмақ түсіреді. – Тәуелсіздіктің 30 жылдық мере­кесіне орай Шымкентте қоғам қайраткері, ғалым-этнограф Өзбек­әлі Жәнібековтің композициялық мүсіні тұрғызылды. Алайда саябақ ішіне орнатылған мүсіннің тастақ­таның үстіне тұғырсыз қойыла салғаны, тіпті тұлғаның аты-жөні жерге жазылғаны, туған, қайтыс болған жылдары көрсетілмегені жөнінде қоғамда біраз пікір қай­шылығы болған еді. Сәулетші ретінде бұған не дер едіңіз? – Шымкент қаласында соңғы кездері орнатылған ескерткіштер туралы өз пікірімді білдіру – аза­маттық және кәсіпқой сәулетші ретінде тікелей борышым. 40 жылдық шығармашылық өмірімде қаламызда, басқа да өңірлерде орнатылған ондаған ескерткіштің сәулеттік жобаларын жасадым. Бағасын халық берер, дегенмен ескерткіш орнатудың өзіндік ережелері мен канондары бар. Ең бастысы, қандай ескерткіш қайда орналасуы керек, қоршаған ор­таның табиғи бөлігіндей сіңісіп кете ме, соған айрықша көңіл бөлу қажет. Бұл мәселе жеке орындаушы мен әкімнің ғана шешімімен емес, көп талқысынан өтіп, арнайы комиссияның ұсынысына сәйкес қала әкімі немесе мәслихаттың шешімімен жүзеге асырылады. Орналасу орнын қаланың бас сәулетшісі бекітуі керек, өйткені қаланың бас жоспарын тікелей қадағалаушы, және өзгерістер енгізуге жауапты адам сол. Шымкен­тте жақында орнатылған ескерт­кіштердің осы тәртіппен орна­тылғанына күмәнім бар. Өйткені қала әкімі жанындағы сәулетшілер кеңесі жойылған. Жер комиссиясына Сәулетшілер қауымдас­тығының төрағасын қосу туралы әкімнің орынбасары М.Айманбетовке жазған хатымыз жауапсыз қалды. Ескерткіштерді орнату жөнінде комиссия құрылғанын естімедім. Есесіне жалпы халықтың көңілінен шыға бермейтін дүние­лер көбейіп жатыр. Мемлекет қай­раткері Ө.Жәнібековке, Алаш көсемдеріне орнатылған ескерткіштерді құптаймын. Өте дұрыс, тарихымыз үшін де, болашағымыз үшін де. Алайда белгілі мемлекет қайраткерлеріне ескерткіш қою­дың өз ерекшеліктері болуы тиіс. Ал ел басқарған, мемлекет қайрат­керлері, қолбасшылардың мүсін­дері үлкен алаңдар мен көшелердің көрнекті жерлеріне, тұғырға орнатылуы тиіс. Қалай болғанда да, жобалау жұмыстары көппен, әсі­ресе тиісті мамандармен ақылдасып барып шешілсе дұрыс болады. – Әңгімеңізге рақмет!

Шымкент қаласы