«Куәгер ұлымды күдікті деп тергеп жатыр» – мұғалімнің туыстары араша сұрайды
«Куәгер ұлымды күдікті деп тергеп жатыр» – мұғалімнің туыстары араша сұрайды
Фото: almaty.tv
186
оқылды

Қаңтар қасіреті кезінде ұсталып, қамауға алынғандардың туыстары араша сұрайды, – деп хабарлайды  Almaty.tv.

Алматыда 13 қаңтарда жаппай тәртіпсіздікке қатысы бар деген күдікпен тергеуге алынған Өркен Ерзаттың ісі де қаралып жатыр. Қамауда отырған Өркен Ерзаттың анасы Күлмәрия Нұрахымбек баласының тәртіпсіздікке қатысқанына сенбейді. «Кенже ұлым оқиғаның куәгері болғаны үшін ғана күдікті атанып отыр» дейді. Ұлына араша сұрайды. Анасының айтуынша, Өркен Ерзат әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да мемлекеттік грантта оқыған. Диплом алғаннан кейін, ұстаздық етіп, мұғалім болып жұмыс істеген. Ал әпкесінің сөзінше, Өркен 5 қаңтар күні үйге келе жатқан екен. Алайда сол күні автобус жүрмеді. Сондықтан таксимен жетіп алу үшін қолма-қол ақша керек болып, есепшоттан шешпек болған. Жолда жатқан жаралыларды көріп, оларды жедел жәрдем көлігіне салып жіберуге көмектесіпті. Сол сәтте кенеттен оқ тиген дейді.
«Бауырым сол орында 20-30 минут қана болды. Сол кездің өзінде жараланып қалды. Сосын 13 қаңтарға дейін ол менің үйімде болды. 13-і күні сағат 12:40-та біздің ауданның полицейлері келіп: «Үйлеріңде ер адам бар ма? Шықсын» деді. Бауырымды ұстап алып кетеді деген ой болмады. Бауырымды шақырдым. Олар бауырымның жарақатын көрді де, бірден 2 сағаттық сұрақ-жауап аламыз деп алып кетті. Содан бері бауырымның не күй кешіп жатқаны маған беймәлім», – дейді Өркен Ерзаттың әпкесі Ардақ Ерзат.
Әр хабарды күтіп отырған туған әпкесінің інісін көрмегелі, міне, бүгін 11-ші күн болыпты. Соңғы рет телефон арқылы тілдескенде өзіне «митингке шықты» деген айып тағылып жатқанын айтыпты. 15 қаңтарда Қылмыстық кодекстің 272-бабы бойынша жаппай тәртіпсіздікке қатысы бар деген күдікке ілініп, 2 айға қамауға алынды деп хабарланған. Мемлекет тарапынан тағайындалған кезекші адвокаттың сөзінше, тергеу енді басталды.   https://youtu.be/zgKGUkreetU

Бұған дейін қаңтардағы қақтығыста жәбір-жапа көрген, араша сұраған азаматтар тікелей шағымдана алатын прокурорлардың телефонын жариялаған болатынбыз.