Астаналық деңгей. Бұл тек сыртқы жылтырақты ғана емес, өзге де кездесе бермес ішкі сұлулықтың болуын білдірсе керек. Заманауи шаһарға қатысты небір сиқыр сөз, көркем метафораларды төкпелеуге болады, бірақ ондағы заңғар ғимараттарда, аспанға мойынсұнған алып тұрғын үйлерде сапа болмаса, адамдар өзін онда жайлы сезіне алмасы анық. Алдағы 12 ақпанда «Астана» концерт залында Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгіновтің халыққа есеп беру кездесуі өтпек. Жылдағыдай, биыл да ең көп сауал сапасыз құрылысқа қатысты болады деп күтілуде. Мәселен, кейінгі бір жарым жыл ішінде Nur Otan партиясының Орталық аппаратына, көшбасшы партияның қалалық филиалына және елорда әкімдігіне астаналықтардан сапасыз құрылыс туралы 40 мыңнан астам шағым түсті. Әкімдіктің дерегінше, қалалықтар негізінен, жаңа тұрғын үй кешендеріндегі шұрық тесік шатырдан аққан суға, автотұрақты су басуына, үй салынып біткен соң аулалардың абаттандырылмауына, айналаның тазартылмайтынына, қоқыстың уақытылы әкетілмей, қоқырсып, күлімсі иісімен тұрғындар тынысын тарылтатынына наразы. Бас қаламызда 2 600-ден аса көппәтерлі тұрғын үй бар. Баспана қоры барған сайын артуда. 2018 жылы оның қатары 140 көппәтерлі тұрғын үймен толықса, былтыр 80 шақты жаңа ТК қолданысқа берілген. Бұдан бөлек, жаңадан 280 көпқабатты тұрғын үй құрылысы жүргізіліп жатыр. Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы жоспардан тыс тексерулер нәтижесінде бір жыл ішінде құрылыс компанияларын 428 мәрте әкімшілік жауапқа тартып, 81,7 млн теңге айыппұл салыпты.
Қарапайым бұқараға – қатырма үйлер
Шынар Тілеуғалиқызы проблемаға 2017 жылы елордадағы Art House тұрғын үй кешенінен пәтер сатып алғанда жолыққанын айтады.«Мұндай баспанада тұру мүмкін емес. Біздегі ең ірі салушылардың өзі сапалы үй тұрғызуға қабілетсіз екеніне көз жетті. Пәтер шатырда не жөртеле үстінде емес, 3-қабатта орналасқан. Еденнен ызғар еседі. Жасампаздық деген жақсы, бірақ пәтер едені қызметін атқаратын тұтас темір-бетонды монолиттік плитаның үлкен бөлігі үйден ары асып, далаға шығып тұр. Осылайша, небәрі 70 шаршы метр пәтер аумағының 50%-ы сыртта, «ауада ілініп» тұр. Оның астындағы жерге дейінгі аралық пайдаланылмай, ашық қалды», – дейді тұрғын.Ол 2017 жылдың желтоқсанында әкімдікке арызбен жүгінеді. Содан кейін құрылыс компаниясы өкілдері келіп, ақауларды растайды. Жылу далаға кетпеуі және сырттан аңқылдап жел соқпауы үшін жарылып кеткен еден мен қабырғаны қалпына келтіру жұмыстары 2018 жылғы маусымда жүргізілетіні жөнінде кепілхат тастап кетеді. Жайдары жаз, жауынды күз артта қалып, қаһарлы қыс келгелі проблемалы баспана табиғи мұздатқыш рөліне қайта көшті. Ал Шынар апай жүрегіне ота жасатқан сырқат әкесін қасына ала алмаған, өзі де үнемі ауырған. Содан жарғақ құлағы жастыққа тимей, жанайқайын айтып, жауапты құрылымдарға жортуылдайды. 2018 жылғы 19 желтоқсанда тағы тексеріс өткізіліп, жарықтар өздігінен жабылып қалмағанын білген салушы жұмыс 2019 жылғы мамырға жоспарланғаны туралы тағы кепілхат ұстатады. Осы кезеңде жатын бөлмедегі қабырға күйрей бастапты: 5 миллиметрлік жарық пайда болып, одан суық саулайды. Ақыры мердігер тек 2019 жылдың маусымында жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын жүзеге асырады. Баспана тұрғыны жаңарған қабырғаның қаншаға шыдарын білмей, алаңдайды. Ал «Жағалау» кешенінің тұрғыны Ержан Түлеков қыс түскелі тынышы кеткеніне шағымданады: «Біздің аудан арқылы қар тиелген КамАЗ-дар полигонға қарай тұтас колонна болып ағылады. Әбден қажыдық, ұйқыдан айырылдық. Үйлеріміздің қабырғалары өте жұқа, дыбыс изоляциясы жоқ», – деп қамығады ол. Жазда дүлей дауыл тұрғанда, қыста ақ түтек боран соққанда астаналық жаңа ғимараттардың қыштақталары ұшып, жүргіншілер мен автокөлік иелері өміріне қауіп төндіруі «қалыпты» көрініске айналған.
Үлескерлер проблемасы жойылмады
«Шығыс» тұрғын үй кешенінің үлескерлері ел Президенті Қ.Тоқаевқа дейін хат жазыпты. Соның бірі – зейнеткер З.Рақымжанұлы. «Үй салынып бітуге таяу, тек іске қосу үшін шамалы күш-жігер танытса болғаны. Алайда құрылыс компаниясымен, жеке инвестормен, әкімдіктің уәкілетті ұйымы – Елорда құрылыс компаниясы өкілдерімен қаптаған кездесу-келіссөзде түсінгеніміз, құрылыстың ілгерілемеуіне лауазымды тұлғалардың бейжайлығы және бұл шаруамен айналысуға құлық танытпауы себеп. Мемлекет қайтарымды негізде миллиардтаған қаражат бөлді, осы нысанның табыс әкелетіні де дәлелденді. Алайда бюрократиялық сергелдең жалғасып, қаржыландыру созбалаңға салынуда. «Нұрлы жерден» қаржы бағытталған екі жыл ішінде шартқа қол қою, қайта бекіту, сан алуан аудиттер, тараптардың бір-біріне таусылмас талаптары, басшылардың ауысуы кесірінен «Шығыстың» бірде-бір подъезі қолданысқа берілмеді», – дейді Зейнілғабиден Рақымжанұлы. Ал қалабасы ең көп үлескер шоғырланған «Шығыстың» мәселесімен таныс екен. А.Көлгіновтің мәліметінше, салушы мен жеке инвестор «Шығыс 1А және 1В» нысандарын 2019 жыл соңына дейін тұрғызып шығуды жоспарлапты. Алайда екі тарап та келісімшарттарын орындамауы кесірінен құрылыс белгіленген мерзімде бітпеді. Сондықтан Нұр-Сұлтан әкімдігі бұл тұрғын үй кешендерін «Нұрлы жер» қаржысына аяқтау ісін Елорда құрылыс компаниясы ЖШС-на жүктеу туралы шешім қабылдады. Қазіргі кезде серіктестік құрылысты бітіруге қанша қаражат керегін анықтау үшін қаржылық және техникалық аудит жүргізіп, келісім бекіту шараларына кірісті. Әкімнің хабарлауынша, «Шығыстың» екі блогы 2020 жылғы мамырға дейін бой көтеруі тиіс. Басқа кезектерінің мерзімі әзірге анықталмаған. Ел Президенті төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында әкім Алтай Көлгінов қала құрылысы бойынша жеке баяндады. – 2019 жыл басында қалада 76 проблемалы тұрғын үй және оларда 14 500 үлескер болды. Әрбір үй бойынша жоспар қабылданды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Нұрлы жер» бағдарламасына өзгеріс енгізілуі арқасында мемқаржыларды пайдалану мүмкіндігі кеңейді. Нәтижесінде, 2019 жыл қорытындысында 10 үйдің құрылысы аяқталды. Үлескерлер саны 2,5 мың адамға азайды. Биыл 20 тұрғын үй құрылысын тамамдау көзделіп отыр. Қалған үйлер 3 жыл ішінде іске қосылады, – деп уәде етті А.Көлгінов. Әрине, сапасыз баспана мәселесі әр ел астанасында кездеседі. Мысалы, Мысыр астанасы Каирге барғанымызда, адамдардың қабырғасына сылағы жағылмаған, қыштақтамен жабылмаған, тіпті шатыры жоқ көпқабатты үйлерде жаппай тұрып жатқанын көріп, таңғалдық. Мәнісін сұрағанымызда, жолбасшымыз: «Егер құрылысы бітіп, шатыры жабылса, үй иелері мемлекетке салық төлей бастайды. Ал аяқталмаған үйге алым-салық төлемейтіндіктен, тұрғындар мен бизнес заң талабын осылай айналып өтеді», – деп түсіндірді. Бірақ бұл дамыған елдер қатарына қосылуға ұмтылған бізге тіпті де үлгі емес.Еліміздегі сапасыз құрылысқа заңнамадағы өзгерістер жол ашты: Doing Business рейтингіндегі Қазақстанның тұғырын биіктетем деп, Үкімет құрылыс нысанын мемлекеттік қадағалаушы органдар қатысуынсыз қолданысқа беру тәртібін енгізді. Бұл саладан әкімдік те шеттетілген. Салдарынан баспананы қабылдап алатын тапсырыс беруші де, бас мердігер де, техникалық қадағалаушы ұйым да, авторлық қадағалау фирмасы да – жеке компаниялар. Яғни, 4 жеке бизнес өкілі өзара ымыраласып, ақаулы баспананы қабылдай салады. Олардан зардап шегіп, ұлардай шулаған жұрт осыған жол берген билік органдарына шұбырады. Олардың мәселесін шешу үшін қала әкімдігі бизнеске араласып, «Елорда құрылыс» компаниясын құрды. Үкімет болса, о баста баспанаға мұқтаж жандарға арналған «Нұрлы жерді» алданған үлескерлерге бағдарлауға мәжбүр.Бұл іс Тартар тауына тас домалатам деп, шыңға жете онысын құлатып ала беретін Сизифтің бос әуресіне ұқсауын қашан қояры белгісіз. Елдос СЕНБАЙ