Тәртіпсіздік кезінде ең көп зардап шеккен нысандар — бизнес нысандары. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов мәлім етті, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қаңтар оқиғасына байланысты қозғалған қылмыстық істерді тергеу барысы жөніндегі жаңа мәліметтер беруге рұқсат етіңіздер. Алматы, Талдықорған, Тараз, Шымкент, Қызылорда, Өскемен, Ақтөбе, Атырау және Семей қалаларында 1 466 әртүрлі үй-жайға шабуыл жасалды. Оның ішінде 71 мемлекеттік мекеме, соның арасында 12-сі әкімшілік ғимарат пен 27 полиция нысаны бар», – деді С.Әділов.Оның айтуынша, ең көп зардап шеккен бизнес нысандары болды. Бұл объектілер зақым келтіруден өзге толықтай тоналды, яғни олардың саны – 1 395.
«Одан өзге 700-ден астам автокөлік зақымдалып, жойылды, соның 500-ден астамы полицияның, Қорғаныс және Төтенше жағдай министрліктерінің, жедел жәрдем және өзге органдардың қызметтік көліктері. Сондай-ақ 116 жеке меншік көліктері бар», – деді Тергеу департаментінің бастығы.