Қаңтар оқиғаларына байланысты 9 257 әкімшілік іс қаралды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Бас прокуратурасы бірінші қызмет басшысының орынбасары Елдос Қилымжанов мәлім етті, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бас прокуратура азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау және қаңтардағы оқиғаларда жасалған қылмыстардың мән-жайларын анықтау жұмыстарын жалғастыруда. Ел Президентінің ауырлататын мән-жайлар болмаған кезде, жазаны жеңілдету жөніндегі тапсырмасын орындау аясында тиісті жұмыс жүргізілді. Бүгінгі күні соттар қаңтар оқиғаларына байланысты 9 257 әкімшілік істі қарады. Олардың жартысына жуығы ешқандай жаза қолданбай қаралды – 4 584 адамға сот ескерту жасады», – деді Е. Қилымжанов.Оның айтуынша, қазіргі уақытта прокурорлардың өтініштері бойынша қамауға алудан 1 149 адам босатылды, 577-сі бойынша айыппұлдар ескертулерге ауыстырылды, 393-і әкімшілік іс құрамы болмауына байланысты толығымен тоқтатылды.
«Осылайша, сотпен әкімшілік қамауға алынған 3 314 адамның ішінен бүгінгі күні тек 63-і қамауда қалғанына ерекше назар аударамын. Бұл ретте прокурорлардың әкімшілік жазаны жеңілдетуге арналған тағы 13 өтінішхаты соттарда қаралуда», – деді Елдос Қилымжанов. «Жалпы, биылдың 25 қаңтарындағы жағдай бойынша жедел-тергеу топтарының өндірісінде 2 044 қылмыстық іс бар. Осы істер бойынша 898 күдікті ұсталған. Олардың ішінен 802-сі соттың санкциясымен қамауға алынды, 50-іне үй қамағы, ал 21 адамға кепіл, 12-іне ешқайда кетпеу қолхаты тағайындалды. 13-і бойынша бұлтартпау шарасы туралы мәселе қаралуда», – деді Бас прокуратура өкілі.