Қарағанды облысында кәсіпкердің үйіне қарақшылық шабуыл жасағандар ұсталды
Қарағанды облысында кәсіпкердің үйіне қарақшылық шабуыл жасағандар ұсталды
340
оқылды
Қарағандыда кәсіпкерді тонамақ болған қарулы топ ұсталды, деп хабарлайды  Polisia.kz. 22 қаңтарда сағат 14.45-те полицияға Қарағандыдағы жеке үйлердің біріне шабуыл жасалғаны туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына барған тәртіп сақшылары бетперде таққан белгісіз екі адам сәлемдеме жеткіземін деген сылтауымен 46 жастағы кәсіпкердің үйіне кіргенін анықтады. Жәбірленушінің айтуынша, қаскөйлер қолдарындағы қарумен аспанға екі рет оқ атып, одан бағалы заттарын беруді талап еткен. Жәбірленуші қарсылық көрсеткенде, қылмыскерлер оған пышақ жарақатын салған. Күдіктілер оқиға орнынан жалпы құны 2 340 000 теңге болатын алтын бұйымдар алып кеткен. Жүргізілген шаралар барысында құқық қорғау органдары 25 пен 40 жас аралығындағы үш күдіктіні ұстады.
"Олардың бірі жеке кәсіпкердің мекемесінде жұмыс істейтіні белгілі болды. Ол қасындағы сыбайластарына кәсіпкер туралы ақпарат беріп, қылмыс болған кезде сыртта көлікте күтіп отырған. Күдіктілердің тұрғын үйлеріне жүргізілген тінту барысында полиция қызметкерлері айғақ зат ретінде тапанша, алтын бұйымдардың жартысын тәркіледі", - деді Қарағанды облысының ПД бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин.
https://www.youtube.com/watch?v=ZkNRQWqFJ3c&feature=emb_title