Тәртіпсіздік кезінде ұрланған қаруды өз еріктерімен тапсырғандар қылмыстық жауапкершіліктен босатылады. Бұл туралы бүгін ОКҚ-де ҚР Бас прокуратурасы бірінші қызмет басшысының орынбасары Елдос Қилымжанов мәлімдеді.
«Құқық қорғау органдары қылмыстық істерді тергеумен қатар, ұрланған қаруды іздеу және оларды тәркілеу жұмыстарын жалғастыруда. Ішкі істер министрлігінің өкілі айтқандай, қаруларды өз еркімен тапсыру мүмкіндігі бар. Өз кезегінде Бас прокуратура заңсыз сақталған қаруларды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды өз еріктерімен тапсырған адамдарға қылмыстық жауаптылықтан босату кепілін береді», - деді Елдос Қилымжанов.Оның айтуынша, қаруды өз еркімен тапсырғандардың әрекеттерінде басқа да қылмыс құрамы болмауы керек.