Ағымға түсіп адасқандар
Ағымға түсіп адасқандар
© коллаж: Қуаныш Сапарбай
341
оқылды
Қаралы қаңтардың қайғысы әлі сейілген жоқ. Күн өткен сайын бү­лікке қатысты тың деректер жа­рияланып жатыр. Солардың ішінде террорлық шабуылға радикалды діни бағыт өкілдерінің де қатысқаны белгілі болды. Мұндай азаматтар қоғам үшін шынымен қауіпті ме? Билікке бағыну мен бүлік шығармау ұстанымдары қайда қалды? Елі­мізде теріс ағым өкілдеріне неге тыйым салынбайды? Кеңшілік Кеңшілік ТЫШҚАНҰЛЫ, дінтанушы: – Радикалды діни бағыт өкілдері қандайда бір саяси мүддені жүзеге асыру үшін «билікке бағынамыз» деп ұран­датады. Бірақ бұл ағым­дағылардың шынайы идео­ло­гиясы емес. Мүмкіндік қо­лына түскен кезде олар шы­найы бейнелерін көрсе­теді. Яғни, бұл жерде логикалық қайшылық бар. Бү­лікке қатысы бар радикалды топ өкілдері мемле­кеттік қызметте жұмыс істемейді. Көп бөлігі жеке шаруалармен айналысқандықтан, бос уақыты бар­шылық. Олар шариғат заңын мойындамайтын­дық­тан, зайырлы мемлекетте өмір сүргілері келмейді. Керісінше, өз талаптарын орындайтын қоғам құруды қиялдайды. Сондықтан да олар бейбіт басталған шерудің соңын өз мүдделеріне қолданды. Дін­нің атын жамылған радикалды топтар қар­сылыққа бейім. Ерзат Ерзат ТӨЛЕШҰЛЫ, дінтанушы: – Еліміздің тарихында тә­уел­сіздікке дейін діни алауыз­дық болған жоқ. Жат ағым өкілдері сыналап кіріп, жастардың санасын улады. Шетел асқандар да аз бол­мады. Тіпті, ел ішінді Ақтөбе, Алматы, Атырау сияқты бірнеше қалаларда қарулы қақтығыстар, жарылыстар жасады. Осы ретте дес­трук­тивті діни ағым (ДДА) өкілдерінің елдігіміз үшін қауіп­ті екенін анық аңғардық. Бұған дейін де сан рет айтылып, көтеріліп келсе де, бұл мәселе аса өзек­ті­лік­ке ие бола алмады. ДДА ұстанушыларымен күре­су үшін 2011 жылы Дін істері комитеті құрылып, қар­сы насихат, түсіндіру жұмыстары бойынша өз қыз­метін бастаған. Әлі де жалғасуда. Алайда Дін істері басқармасының да, ДДА ұстанушыларымен тікелей жұмыс істейтін теологтердің да қолында ешқандай заң құзіреті болмағандықтан, ДДА ұстанушылары айылын жиған емес. Сәйкесінше, жұмыстың жемісі де мардымсыз. Дәл қазіргі жағ­дай­да «темірді қызған кезде соғып» ДДА ұстанушыла­ры­­на, басқа да ел арасына іріткі салатын діни-саяси топтар мен ұйымдарға заңдық тұрғыдан тыйым салынса, құба-құп болар еді. Талғат Талғат ЖАҚИЯНОВ, Діни ахуалды талдау және мониторинг департаментінің директоры, әлеуметтанушы: – Проблеманың себебін жоймай, алдын алмай, мәселе ешқашан да шешілмейді. Сол себепті бізге діни радикализм­нің алдын алуға бағытталған превенциялық сипаттағы ұлттық бағдарлама қабылдау қажет. Мұндай тәжірибе бірқатар дамыған елде жүзеге асып жатыр. Әрине, белгілі бір деңгейде радикализмнің алдын алуға бағытталған кешенді жұмыстар да жүріп жатыр. Жетістіктер мен жақсы тәжірибелер де жоқ емес. Алайда атқарылып жатқан дерадикализация жұмыстарында болсын, профилак­тикалық жұмыстарда болсын жүйелілік, сабақ­тастық, біртұтастық болмай тұр. Нәтижелері де мәз емес. Салафилерді бүгінде біз шартты түрде топтарға жік­тей аламыз (суруриттер, мадхалиттер, такфир­шілдер), олардың ішкі ұйымдық-басқару жүйесі, күнделікті қозғалыстарын реттейтін ережелері, қаржылық-шаруашылық инфрақұрылымы, тағы да басқа ұйымға тән белгілері бар екенін дәлелдей аламыз. Ал олардың қызметінің экстремистік сипаты айқын көрініп тұр. Яғни, «ұйым» ретінде, соның ішінде «экстремистік ұйым» ретінде де дәлелдеуге құқықтық және әдістемелік негіздер жеткілікті. Өкінішке қарай, саяси ерік-жігер мен батылдық қана жетпей тұр. Жандәулет Жандәулет СҮЛЕЙМЕНОВ, «Дін мәселелерін зерттеу орталығы»  басшысының орынбасары:  – Болған істен сабақ алып, алдағы уақытта қайта­лан­­бауы үшін елімізде ғы­лыми тәжірибелік бағытта ор­талық ашу керек. Діни экстре­мизмнің қауіпті екенін әр­дайым айтып жүрміз. Олар­дың идеологиясында конституциялық құры­лым­ға қарсы келетіндей мәндер жатыр. 2011 жылы Атырауда, 2016 жылы Ақтөбеде болған оқиғалар да діни экстремизмге қатысты болды. Биылғы «қаң­тар оқиғасы» дін проблемаларының әлі өзекті екенін көрсетті. Алаңға шыққандардың барлығын ра­дикалды діни бағыт өкілдері деп айта алмаймыз. Бірақ ішінара радикалды топтар бар екенін көрдік. Сондықтан мемлекет тарапынан теріс ағымға құқықтық баға беретін уақыт келді. Салафизмнен келетін салдарларды зерттеп, қауіптің алдын алуымыз керек. Алдағы уақытта осындай жағдайдың қайталанбауына ешкім кепілдік бермейді.

Дайындаған Көктем ҚАРҚЫН