Қаралы қаңтардың қайғысы әлі сейілген жоқ. Күн өткен сайын бүлікке қатысты тың деректер жарияланып жатыр. Солардың ішінде террорлық шабуылға радикалды діни бағыт өкілдерінің де қатысқаны белгілі болды. Мұндай азаматтар қоғам үшін шынымен қауіпті ме? Билікке бағыну мен бүлік шығармау ұстанымдары қайда қалды? Елімізде теріс ағым өкілдеріне неге тыйым салынбайды?
Кеңшілік ТЫШҚАНҰЛЫ,
дінтанушы:
– Радикалды діни бағыт өкілдері қандайда бір саяси мүддені жүзеге асыру үшін «билікке бағынамыз» деп ұрандатады. Бірақ бұл ағымдағылардың шынайы идеологиясы емес. Мүмкіндік қолына түскен кезде олар шынайы бейнелерін көрсетеді. Яғни, бұл жерде логикалық қайшылық бар. Бүлікке қатысы бар радикалды топ өкілдері мемлекеттік қызметте жұмыс істемейді. Көп бөлігі жеке шаруалармен айналысқандықтан, бос уақыты баршылық. Олар шариғат заңын мойындамайтындықтан, зайырлы мемлекетте өмір сүргілері келмейді. Керісінше, өз талаптарын орындайтын қоғам құруды қиялдайды. Сондықтан да олар бейбіт басталған шерудің соңын өз мүдделеріне қолданды. Діннің атын жамылған радикалды топтар қарсылыққа бейім.
Ерзат ТӨЛЕШҰЛЫ,
дінтанушы:
– Еліміздің тарихында тәуелсіздікке дейін діни алауыздық болған жоқ. Жат ағым өкілдері сыналап кіріп, жастардың санасын улады. Шетел асқандар да аз болмады. Тіпті, ел ішінді Ақтөбе, Алматы, Атырау сияқты бірнеше қалаларда қарулы қақтығыстар, жарылыстар жасады. Осы ретте деструктивті діни ағым (ДДА) өкілдерінің елдігіміз үшін қауіпті екенін анық аңғардық. Бұған дейін де сан рет айтылып, көтеріліп келсе де, бұл мәселе аса өзектілікке ие бола алмады. ДДА ұстанушыларымен күресу үшін 2011 жылы Дін істері комитеті құрылып, қарсы насихат, түсіндіру жұмыстары бойынша өз қызметін бастаған. Әлі де жалғасуда. Алайда Дін істері басқармасының да, ДДА ұстанушыларымен тікелей жұмыс істейтін теологтердің да қолында ешқандай заң құзіреті болмағандықтан, ДДА ұстанушылары айылын жиған емес. Сәйкесінше, жұмыстың жемісі де мардымсыз. Дәл қазіргі жағдайда «темірді қызған кезде соғып» ДДА ұстанушыларына, басқа да ел арасына іріткі салатын діни-саяси топтар мен ұйымдарға заңдық тұрғыдан тыйым салынса, құба-құп болар еді.
Талғат ЖАҚИЯНОВ,
Діни ахуалды талдау және
мониторинг департаментінің
директоры, әлеуметтанушы:
– Проблеманың себебін жоймай, алдын алмай, мәселе ешқашан да шешілмейді. Сол себепті бізге діни радикализмнің алдын алуға бағытталған превенциялық сипаттағы ұлттық бағдарлама қабылдау қажет. Мұндай тәжірибе бірқатар дамыған елде жүзеге асып жатыр. Әрине, белгілі бір деңгейде радикализмнің алдын алуға бағытталған кешенді жұмыстар да жүріп жатыр. Жетістіктер мен жақсы тәжірибелер де жоқ емес. Алайда атқарылып жатқан дерадикализация жұмыстарында болсын, профилактикалық жұмыстарда болсын жүйелілік, сабақтастық, біртұтастық болмай тұр. Нәтижелері де мәз емес. Салафилерді бүгінде біз шартты түрде топтарға жіктей аламыз (суруриттер, мадхалиттер, такфиршілдер), олардың ішкі ұйымдық-басқару жүйесі, күнделікті қозғалыстарын реттейтін ережелері, қаржылық-шаруашылық инфрақұрылымы, тағы да басқа ұйымға тән белгілері бар екенін дәлелдей аламыз. Ал олардың қызметінің экстремистік сипаты айқын көрініп тұр. Яғни, «ұйым» ретінде, соның ішінде «экстремистік ұйым» ретінде де дәлелдеуге құқықтық және әдістемелік негіздер жеткілікті. Өкінішке қарай, саяси ерік-жігер мен батылдық қана жетпей тұр.
Жандәулет СҮЛЕЙМЕНОВ,
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»
басшысының орынбасары:
– Болған істен сабақ алып, алдағы уақытта қайталанбауы үшін елімізде ғылыми тәжірибелік бағытта орталық ашу керек. Діни экстремизмнің қауіпті екенін әрдайым айтып жүрміз. Олардың идеологиясында конституциялық құрылымға қарсы келетіндей мәндер жатыр. 2011 жылы Атырауда, 2016 жылы Ақтөбеде болған оқиғалар да діни экстремизмге қатысты болды. Биылғы «қаңтар оқиғасы» дін проблемаларының әлі өзекті екенін көрсетті. Алаңға шыққандардың барлығын радикалды діни бағыт өкілдері деп айта алмаймыз. Бірақ ішінара радикалды топтар бар екенін көрдік. Сондықтан мемлекет тарапынан теріс ағымға құқықтық баға беретін уақыт келді. Салафизмнен келетін салдарларды зерттеп, қауіптің алдын алуымыз керек. Алдағы уақытта осындай жағдайдың қайталанбауына ешкім кепілдік бермейді.
Дайындаған Көктем ҚАРҚЫН