«Үйлі боламын» деген арманым алыстап барады
«Үйлі боламын» деген арманым алыстап барады
213
оқылды
Баспана екінің біріне бұйыра бермейтін бақытқа айналғалы қашан. Жыл сайын құбылатын тұрғын үй бағасы биыл да тұ­рақ­сыз болатын тәрізді. Құбылғанда біз­дегі құн түспейді, тек қымбаттайтынын біле­міз. Әйткенмен, Алматыда пәтер қым­баттамауы мүмкін екен. Бірақ сарапшылар оны да уақытша деп отыр. Себебі өзге ел­дің құрылыс материалдарына тәуелді мемлекетте бағаның орнында тұруы ертегі секілді дүние.

Алматыда үй бағасы өзгермей ме?

Елдегі ең үлкен мегаполис саналатын Ал­матыда уақытша болса да, тұрғын үй бағасының тұрақты тұруының өз себебі бары анық. Өйт­кені қаңтардағы жаппай бүлік кезінде ең көп қираған – осы қала. Тәртіпсіздіктен кейін жыл­жымайтын мүлік нарығында тыныштық байқалады. Бірақ мұны уақытша үрдіске балап отырғандар көп. Сарапшылар ақпанның соңы­на қарай құрылыс пен сату өткен жылғы қарқы­нына қайта оралады деп күтіп отыр. Риэлтор Азамат Ескендірдің ай­туынша, сол уақытта бү­ліктің зардабы толық жойылып, жағдай қал­пына келеді екен. – Адамдардың дүрліккені рас. Бірақ ол қала­дан көшкісі келетіндер көбейіп, баспанаға сұра­ныс азаяды деген сөз емес. Қаладағы қираған мем­­лекеттік мекемелерге, кәсіпкерлерге тиесілі ғи­мараттар, кейбір тұрғын үйлер ақпанның соңы­на қарай қалпына келуі тиіс. Сол кезде жағдай реттеліп, сұраныс қайта өсуі мүмкін, – дейді ол. Негізі, Алматыда баспана бағасының ар­зандауы екіталай екені былтыр желтоқсанда айтылды. Себебі 2021 жылы қалада жаңадан салынған үйдің бағасы 20-25 пайызға дейін өсті. Оған азаматтардың зейнетақы қорында жиналған ақшаларын тұрғын үйге жұмсауы әсер еткені анық. Жыл басында көптеген сарапшы «биыл Қазақстанда жылжымайтын мүлік бағасы кем дегенде 5 пайызға өседі» деп болжаған. Жаңа жыл келді дегенше болған жоқ, елордада баға шарық­тап үлгерді. Сол жағалаудағы 1 бөлмелі үйдің құны кемі 20 миллионға барды. Ал бағаны қым­бат­татуға кім мүдделі? Көбіне сатушылардың өзі үйді қымбаттатып жіберетіні айтылады. Бірақ оған ықпал еткен себептер де жоқ емес. «2021 жылы БЖЗҚ-ға байланысты баға өсімі болды. Екінші нарықтағы сатушылар бағаны көтеріп жіберді. Бұл үлкен дау тудырды. Алдағы тоқсанда желтоқсандағы баға сақталады деп ойлай­мын», – дейді риэлтор Әділ Серғазинов. Иә, зейнетақы қорының әсері болмады деуге келмес. Мысалы, «Отбасы банктің» мәліметіне сенсек, 2021 жылдың қаңтар-қараша айларында 414 мың азамат зейнетақы қорында жинақталған қаржысын үй жағдайын жақсартуға пайдала­ныпты. Бұл шамамен 1,7 трлн теңгеге жуық қар­жы. Осы жағдай жаңадан салынған пәтердің ғана емес, ескі үйдің бағасына әсер етті. Ал биыл сәуір айынан бастап қордағы ең төменгі жеткіліктілік шек өсетінін ескерсек, үйге деген сұраныс азаюы да мүмкін. Дегенмен қазір сұраныс көп. Krisha.kz мәліметінше, желтоқсанда жаңа рекорд орнаған. Тұрғын үйге сұраныс 40 пайызға өскенін хабарлады.

Баспана нарығы да өзге елдерге тәуелді

Шынын айту керек, елде пәтер бағасы арзандайды дегенге сену қиын. Соңғы 10 жылда 4 есеге қымбаттаған баспана былтыр тіптен қар­қын алыпты. Ranking.kz есебінше, 2021 жылы жаңа үйлер 15,2 пайызға, ескі үйлер бағасы 23,1 пайызға өскен. Осы жағдайға жеткізген кейбір себептерді атамай өтуге болмас. Нарықтағы баға­ның өсуіне құрылыс материалдарының қымбат­шылығы да әсер етіп отыр. Басым бөлігі шетелден келеді. Үй салушы компаниялар шыққан шы­ғынды пәтердің шаршы метріне қосып сатады. 2022 жылы да құрылыс материалдарының бағасы шарықтай бермек екен. Оның үстіне, материалды шекарадан өткізу – бір бейнет. Қазақстан құры­лысшылары қауымдастығының президенті Виктор Микрюковтың айтуынша, шекарадағы жағдай шешілсе ғана жылжымайтын мүлік ар­зандауы мүмкін. – Шекарада материалдар тиелген үлкен ва­гон­дар елге кіре алмай тұрады. Бұл мәселе ше­шіл­се, әрине құрылыс нысандарына пайдасы болар еді. Ең алдымен бағаның өсуі тоқтайды. Абзалы, елімізде құрылыс материалдары өндірісі белсенді дамыса, бәріне жақсы болады, – дейді Микрюков. Құрылыс материалдарының отандық өндірісі жоқ, сосын сала доллар бағамына байланатыны түсінікті. Дегенмен отандық өндіріс мүлде жоқ деп те айтуға келмес. Алайда олардың өзі айна­лып келіп, шетелдік нарыққа тәуелді болады екен. Мысалы, құрылыс саласында 15 жылдық тәжіри­бесі бар кәсіпкер Арман Байқадам біраз жайдың басын ашты. – Қазақстанда арматура шығады, бірақ қолданып көрмеппіз. Тек Ресейдің арматурасын аламыз. Қазақстанның арматурасы шетелге кетеді. Ішкі нарыққа кірмейді. Яғни, шетелге сатқан тиімді, – дейді ол. Соңғы рет баспана бағасының түсуі 2007 жылғы ипотекалық дағдарыс кезінде ғана болғаны есте. Бүкіл банктер мораторий жариялап, құрылыс саласын қаржыландыруды тоқтатқан кез еді. Сол кезде екінші нарықтағы үйлердің ба­ғасы доллар­мен шаққанда 50-60 пайызға түсіп кеткен. Қазір төр­тінші деңгейге жататын комфорт класс үйлер­дің шаршы метрі кемі 260 мың тең­ге­ден басталады. Қайткен күнде де, тұрғын үй ба­ғасы алдағы уақытта халықтың қалтасына тіптен ауыр бола түспек. Нарықта үй бағасы қарыштап қымбаттаған сайын жастардың да пәтер аламын деген үміті азая бастағандай. Азық-түлік бағасы тағы қымбат. «Ары тартсаң арба сынады, бері тартсаң өгіз өледінің кері» . «Үй аламын» деген арманымыз да алыстап бара жатқандай...