Баспана екінің біріне бұйыра бермейтін бақытқа айналғалы қашан. Жыл сайын құбылатын тұрғын үй бағасы биыл да тұрақсыз болатын тәрізді. Құбылғанда біздегі құн түспейді, тек қымбаттайтынын білеміз. Әйткенмен, Алматыда пәтер қымбаттамауы мүмкін екен. Бірақ сарапшылар оны да уақытша деп отыр. Себебі өзге елдің құрылыс материалдарына тәуелді мемлекетте бағаның орнында тұруы ертегі секілді дүние.
Алматыда үй бағасы өзгермей ме?
Елдегі ең үлкен мегаполис саналатын Алматыда уақытша болса да, тұрғын үй бағасының тұрақты тұруының өз себебі бары анық. Өйткені қаңтардағы жаппай бүлік кезінде ең көп қираған – осы қала. Тәртіпсіздіктен кейін жылжымайтын мүлік нарығында тыныштық байқалады. Бірақ мұны уақытша үрдіске балап отырғандар көп. Сарапшылар ақпанның соңына қарай құрылыс пен сату өткен жылғы қарқынына қайта оралады деп күтіп отыр. Риэлтор Азамат Ескендірдің айтуынша, сол уақытта бүліктің зардабы толық жойылып, жағдай қалпына келеді екен. – Адамдардың дүрліккені рас. Бірақ ол қаладан көшкісі келетіндер көбейіп, баспанаға сұраныс азаяды деген сөз емес. Қаладағы қираған мемлекеттік мекемелерге, кәсіпкерлерге тиесілі ғимараттар, кейбір тұрғын үйлер ақпанның соңына қарай қалпына келуі тиіс. Сол кезде жағдай реттеліп, сұраныс қайта өсуі мүмкін, – дейді ол. Негізі, Алматыда баспана бағасының арзандауы екіталай екені былтыр желтоқсанда айтылды. Себебі 2021 жылы қалада жаңадан салынған үйдің бағасы 20-25 пайызға дейін өсті. Оған азаматтардың зейнетақы қорында жиналған ақшаларын тұрғын үйге жұмсауы әсер еткені анық. Жыл басында көптеген сарапшы «биыл Қазақстанда жылжымайтын мүлік бағасы кем дегенде 5 пайызға өседі» деп болжаған. Жаңа жыл келді дегенше болған жоқ, елордада баға шарықтап үлгерді. Сол жағалаудағы 1 бөлмелі үйдің құны кемі 20 миллионға барды. Ал бағаны қымбаттатуға кім мүдделі? Көбіне сатушылардың өзі үйді қымбаттатып жіберетіні айтылады. Бірақ оған ықпал еткен себептер де жоқ емес. «2021 жылы БЖЗҚ-ға байланысты баға өсімі болды. Екінші нарықтағы сатушылар бағаны көтеріп жіберді. Бұл үлкен дау тудырды. Алдағы тоқсанда желтоқсандағы баға сақталады деп ойлаймын», – дейді риэлтор Әділ Серғазинов. Иә, зейнетақы қорының әсері болмады деуге келмес. Мысалы, «Отбасы банктің» мәліметіне сенсек, 2021 жылдың қаңтар-қараша айларында 414 мың азамат зейнетақы қорында жинақталған қаржысын үй жағдайын жақсартуға пайдаланыпты. Бұл шамамен 1,7 трлн теңгеге жуық қаржы. Осы жағдай жаңадан салынған пәтердің ғана емес, ескі үйдің бағасына әсер етті. Ал биыл сәуір айынан бастап қордағы ең төменгі жеткіліктілік шек өсетінін ескерсек, үйге деген сұраныс азаюы да мүмкін. Дегенмен қазір сұраныс көп. Krisha.kz мәліметінше, желтоқсанда жаңа рекорд орнаған. Тұрғын үйге сұраныс 40 пайызға өскенін хабарлады.Баспана нарығы да өзге елдерге тәуелді
Шынын айту керек, елде пәтер бағасы арзандайды дегенге сену қиын. Соңғы 10 жылда 4 есеге қымбаттаған баспана былтыр тіптен қарқын алыпты. Ranking.kz есебінше, 2021 жылы жаңа үйлер 15,2 пайызға, ескі үйлер бағасы 23,1 пайызға өскен. Осы жағдайға жеткізген кейбір себептерді атамай өтуге болмас. Нарықтағы бағаның өсуіне құрылыс материалдарының қымбатшылығы да әсер етіп отыр. Басым бөлігі шетелден келеді. Үй салушы компаниялар шыққан шығынды пәтердің шаршы метріне қосып сатады. 2022 жылы да құрылыс материалдарының бағасы шарықтай бермек екен. Оның үстіне, материалды шекарадан өткізу – бір бейнет. Қазақстан құрылысшылары қауымдастығының президенті Виктор Микрюковтың айтуынша, шекарадағы жағдай шешілсе ғана жылжымайтын мүлік арзандауы мүмкін. – Шекарада материалдар тиелген үлкен вагондар елге кіре алмай тұрады. Бұл мәселе шешілсе, әрине құрылыс нысандарына пайдасы болар еді. Ең алдымен бағаның өсуі тоқтайды. Абзалы, елімізде құрылыс материалдары өндірісі белсенді дамыса, бәріне жақсы болады, – дейді Микрюков. Құрылыс материалдарының отандық өндірісі жоқ, сосын сала доллар бағамына байланатыны түсінікті. Дегенмен отандық өндіріс мүлде жоқ деп те айтуға келмес. Алайда олардың өзі айналып келіп, шетелдік нарыққа тәуелді болады екен. Мысалы, құрылыс саласында 15 жылдық тәжірибесі бар кәсіпкер Арман Байқадам біраз жайдың басын ашты. – Қазақстанда арматура шығады, бірақ қолданып көрмеппіз. Тек Ресейдің арматурасын аламыз. Қазақстанның арматурасы шетелге кетеді. Ішкі нарыққа кірмейді. Яғни, шетелге сатқан тиімді, – дейді ол. Соңғы рет баспана бағасының түсуі 2007 жылғы ипотекалық дағдарыс кезінде ғана болғаны есте. Бүкіл банктер мораторий жариялап, құрылыс саласын қаржыландыруды тоқтатқан кез еді. Сол кезде екінші нарықтағы үйлердің бағасы доллармен шаққанда 50-60 пайызға түсіп кеткен. Қазір төртінші деңгейге жататын комфорт класс үйлердің шаршы метрі кемі 260 мың теңгеден басталады. Қайткен күнде де, тұрғын үй бағасы алдағы уақытта халықтың қалтасына тіптен ауыр бола түспек. Нарықта үй бағасы қарыштап қымбаттаған сайын жастардың да пәтер аламын деген үміті азая бастағандай. Азық-түлік бағасы тағы қымбат. «Ары тартсаң арба сынады, бері тартсаң өгіз өледінің кері» . «Үй аламын» деген арманымыз да алыстап бара жатқандай...