Монополистер билеген экономика
Монополистер билеген экономика
© коллаж: Елдар Қаба
792
оқылды
Қазақстанда бәсекелестік дең­гейі төмен. Оған монополист компаниялар кедергі келтіріп отыр. Олар баға құраушы салаларда 60%-дан 100%-ға дейін шоғырланып ал­ған. Тіпті, тұтас империя десе бо­ла­ды. Сондықтан да олардың барлығын болмаса да, стратегиялық маңызға ие емес түрлерін бәсекелестік ор­таға беру мәселесі айтылып келеді. бірақ мемлекет бұл қадамға бара ала ма?

Республикалық монополист – 73 кәсіпорын

Ашық ақпарат көздеріне сүйенсек, еліміздің «Табиғи монополиялар субъек­тісінің мемлекеттік тіркелімінде» респуб­ли­калық деңгейде 73 кәсіпорын бар екен. Онда да бұл нақты ақпарат емес. Өйткені бұл тізім мезгіл-мезгіл көбейіп немесе ке­міп отырады. Әрі бұл былтырғы мәліметтер болғандықтан, орташа есеппен қазір 60 кәсіпорын бар деп сеніммен айтуға бо­лады. Республикалық деңгей дегеніміз – екі немесе одан көп облысқа қызмет көр­сететін компаниялар. Болмаса, әр облыста негізінен коммуналдық-энергетикалық не­месе өзге да салаларда жергілікті моно­по­­листері жетерлік. Олардың ықпалы өз­дері орналасқан қала мен облыстан әрі аспайды. Ал экономикаға кедергі келтіріп, бәсекелестіктің бағын байлап тұрғандары – республикалық алпауыттардың ішіндегі ірілері. Таяуда Бәсекелестікті қорғау және да­мыту агенттігі олардың тізімін жария­лады. «Электр энергиясы нарығында верти­калды ықпалдасқан олигополия сипатты өте қатты шоғырланған үш компания бар. Олар – «Самұрық-Энерго», «Қазақстан коммуналдық жүйелері», «Орталық Азия электр энергетикасы корпорациясы». Бұлар энергоактивтерді өндіру, тасымалдау және бөлшек саудада сату бойынша ортақ пайдаланады. Елдегі жалпы электр энер­гиясы нарығындағы үлесі 50% болғаны­мен, жекелеген аймақтарда олар – 100% мо­нополистер. Отын-энергетика кеше­нін­де, соның ішінде мұнай өнімдері нары­ғында да үш алпауыт – Petrosun, KMG, Petroleum operating-тің үлестері 80%-дан астам. Олардың екеуі – Petrosun мен KMG және CNPC сұйылтылған мұнай газы нарығының 70%-ына ие. Коммуналдық-тұрмыстық көмір бойынша – «Шұбаркөл Көмір», «Қаражыра», «Богатырь Көмір» – 70%. Көлік және байланыс саласында – «ҚТЖ» (жүк және жолаушылар тасы­малы), әуе көлігінде – Air Astana және SCAT, ұялы байланыс бойынша – «Казақ­телеком» (60%) мен «Кар-Тел» компания­лары – монополист», – делінген «ҚР-да бәсекелестікті қорғау және дамытудың 2026 жылға дейінгі Тұжырымдамасын бекіту туралы» Жарлық жобасындағы агенттік талдауында. БҚДА бұл тұрғыда монополистік мо­дель­дің сақталып отыруына байланысты жүйелі проблемалар шешімін таппай келе жат­қанына да назар аудартып отыр. Олар – «негізгі қуат көздеріне» қолжетімділіктің шектеулі болуы, баға құраудағы бұрмалау­шылықтар, ішінара таңдай отырып қолдау көрсетушілік немесе фаворитизм, бәсеке­лестікті қорғау мен дамытудың қолданыс­тағы механизмінің жеткіліксіздігі, ақ­парат­тардың бұрмалануы.

Инновация мен стратегия

Мамандардың айтуынша, монополия­лық нарықты қалай реттеу керек екенін тү­сіну үшін, әуелі компаниялардың ол жағ­дайға қандай жолмен жеткенін айқын­дап алу қажет. Оның бірнеше негізі бар. Солардың бір-екеуіне тоқтала кетсек, ең басты талап – инновация. Компаниялар­дың инновацияларды енгізуге ұмтылудағы басты себебі – дәл осы монополиялық жағ­дайға ие болу мақсатында. Ол бұрын нарықта болмаған жаңа өнім болуы шарт емес. Мәселен, жаңадан өткізу нарығы, өндірістің анағұрлым тиімді жаңа тәсілі болуы мүмкін. Бір компания жасап шы­ғар­ған инновация сол сәтте оның бәсеке­лестеріне қолжетімсіз болады да, оның мо­нополиялық әлеуетке қол жеткізуге уақыт­ша болса да мүмкіндігі болады. Бірақ бұл қабілетті ұдайы дамытып отыру қажет. Бұл – нарық шарты. «Инновация арқылы монополияға жету – тиімді тәсіл. Сондықтан да мем­лекет бәсекелестік ортаны қалыптас­тыру­дың осындай жолын стратегия ретінде қа­растыруы тиіс. Қазақстанда мұндай құ­­бы­лысты тек банк қызметінен ғана көру­ге болатын сияқты. Бір кездері жыл­дам транзакция жүргізу мақсатында инно­вациялық технологияларды кеңінен пай­даланған Kaspi банкі бүгінде жетекші рөлге ие. Бірақ оның соңы абсолютті мо­но­по­лияға ұласып кетпеу үшін мемлекет бәсекелес жағдай тудыруы қажет. Мәселен, шетелдік банктердің филиалдарын тарту арқылы қаржы нарығы дами түсер еді. Мобильді байланыс қызметі туралы да осыны айтуға болады», – дейді AERC Қолданбалы зерттеулер департаментінің аға аналитигі Евгения Пак. Монополияның пайда болудағы тағы бір негізі – нарықтың көлемі. Мәселен, бір­неше қатысушыдан гөрі, бір қатысу­шының қызмет көрсеткені анағұрлым тиімді болып келетін нарық түрлері бо­лады. Мұндайды экономикада «табиғи монополия» деп атайды. Көп ретте оны реттеп отыру үшін мемлекет мұндай ком­паниялардың қызметіне немесе тауарына бағаны айқындау үшін тарифті өзі бекітеді. Ондай салалар негізінен электрмен қамту, қоғамдық көліктер, тасымал салалары болып келеді. Мәселен, осы мәселе көп зерт­телген Англияда автобуспен жолаушы­ларды тасымалдау жекеменшік компания­ларға берілген кезде, олар шығынға батпау үшін жолаушылар аз жүретін бағыттарға автобус жібермей, жіберген күннің өзінде де бағаны қатты көтеріп жіберген. Сон­дық­тан да бәсекелестіктің лайықты қыз­мет көрсету тиімділігін төмендетіп жібере­тін де салалар болады. «Мұндай проблема теміржолға да қатысты. Егер онда көп компания қызмет көрсететін болса, адам аз тұратын шалғай аудандарға пойыздар жүрмей қалар еді. Ал бір қатысушыға берілгесін жерде, табиғи монополия субъектісі болатын жалғыз ком­пания бәсекелестері жоқ болған­дық­тан, ол нарыққа инновация енгізуге мүд­делі болмайды. Тіпті, шығынын көп етіп, табысын аз етіп көрсету үшін қызметінің тиімділігін әдейі төмендетуі мүмкін. Өйткені соны сылтау етіп мемлекеттен тариф өсіруді, салықты азайтуды талап етпек. Табиғи монополияның қаупі де осында», – дейді Евгения Пак. Маманның айтуынша, елімізде қалып­тасып отырған жағдай – соның бір көрінісі. Мәселен, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы қанша жерден монополист болса да, инновацияның жоқтығынан, паркі мен жабдықтарының ескіргенінен және басқару менеджментінің тиімсіздігінен шығынға батып отыр. Сондықтан да мемлекет мұндай табиғи мо­но­полия субъектілерін реттеуді ана­ғұрлым қатаңдата түсіп, олардың қыз­метінің ашықтығын қамтамасыз етуі керек. Шығындары мен қызмет бағасының құрылымы туралы ақпарат толық әрі қол­жетімді болуы тиіс. Сондай-ақ мемлекет мұндай компанияларға инновациялардың енгізілуін табанды түрде талап етіп, қатаң қадағалауы қажет.

Нарық өзі реттейді

Қазақстан экономикалық қатынас­тар­да әлі де болса кеңестік модельден арыла алмай отыр. Ел экономикасында «қолмен басқару», «субсидиялық реттеу», «жоспар­мен бөлу» секілді тетіктер сақталып қал­ған. Мұндай сипат, әсіресе табиғи моно­полия басым салаларда анық сезіледі. Ондай нарықты мемлекет субсидиямен ұстап отыр. Бүгінгі қалыптасып отырған жағдай – соның айғағы. «Қазақстанда табиғи монополиялар субъектілері деген және реттелетін нарық деген ұғым бар. ҚТЖ қызметі реттелетін табиғи монополияға жатады. Сондықтан да олар қызметтерін өздері қалаған баға­мен жүзеге асыра алмайды. Олар өкілетті орган бекітіп берген тариф бойынша ғана жұмыс істейді. Мұндағы проблема осы та­риф­тердің қалай есептеліп шығаты­нында. Ол ұлттық компанияға шығын әкеліп отыр. Сондықтан да мұнда жылдар бойы қалыптасып отырған жағдай шорт кесіп шеше салатындай оңай мәселе емес. Оны бізге кешегі «газ наразылығы» көр­сетті. Мемлекет бұл секторды бәсекелес ортаға беріп, араласуын біртіндеп азайтып еді, баға екі есе көтерілді де, соңы бірден әлеуметтік наразылыққа ұласты. Бұл – өте қауіпті! Жалпы, мемлекеттік реттеу саясатының әуелден ұстанған бағыты – әлеуметтік наразылыққа жол бермеу. Мемлекет Ұлттық компаниялардың қыз­метін саяси құрал ретінде пайдаланады. Бірақ бұл да дұрыс деп айта алмаймын. Нарық өзін-өзі реттеуі керек», – дейді GRATA International заң фирмасының серіктесі, адвокат Шәймерден Чиканаев. Маманның айтуынша, табиғи моно­полия субъектілерінің басты проблема­сы – онда кросс-субсидиялау шарасының жүр­гізілетіні. Яғни, олар бір қызмет түрін­дегі шығынды басқа қызметтерінен таба­тын табысымен жауып отырады. Мәселен, ҚТЖ тариф шектеулі болғандықтан, жо­лаушылар тасымалындағы шығынын жүк тасымалы­нан түскен табысынан жабады. Мұндағы тариф жоғары, бірақ кәсіп­кер­лердің қалтасына түскен салмақ, түптеп келгенде тұтынушының қалтасына түсе­тіні белгілі. «Бізге бұл жағдайдан бірте-бірте бас тарту керек. Қандай да болмасын қыз­мет­тің немесе тауардың өзіндік құны айқын болуы қажет. Мәселен, сұйылтылған газ­дың өзіндік құны қанша, оның нарықтағы бағасы қандай болуы керек деген нақты ұғым жоқ. Ертең біртұтас энергетикалық на­рық құрамыз деп отырмыз. Сол кезде баға жоқ дегенде Ресейдің бағасымен теңеседі. Сондықтан да мемлекет осы бас­тан дұрыс ақпараттық саясат жүргізіп, ха­лыққа осының барлығын түсіндіріп, монополиялық қуатқа ие компаниялардың бәсекелес ортаға шығуына мүмкіндік беруі керек. Тарифтік шектеу дегенді алып тас­тап, бағаны сұранысқа қарай реттеу тетігін біртіндеп енгізу қажет. Болмаса, қазіргідей өзіндік құнынан төмендетіп сату немесе бюджеттен субсидиялау практикасы ұзақ жалғаса алмайды. Бұл тығырықтан шығар жол емес», – дейді Шәймерден Чиканаев. Сонымен, Қазақстан экономикасының проблемасы – дені дұрыс бәсекелестіктің жоқтығында. Көп нәрсе ашық емес және мемлекет тарапынан тым қатты реттеледі. Белден басу, қолмен басқару тетіктері көп. Мамандар субсидияның көптігі сондай, кейбір тауарлардың өзіндік құнын анықтау қиындық тудыратынын айтады. Шетел­мен, тіпті таяу көршілерімізбен салыстыр­ғанда бізде баға әлдеқайда арзан. Сондық­тан да түбі бұл баға теңеседі. Біз бағаның өсуіне дайын болуымыз керек.