Қазақстанда бәсекелестік деңгейі төмен. Оған монополист компаниялар кедергі келтіріп отыр. Олар баға құраушы салаларда 60%-дан 100%-ға дейін шоғырланып алған. Тіпті, тұтас империя десе болады. Сондықтан да олардың барлығын болмаса да, стратегиялық маңызға ие емес түрлерін бәсекелестік ортаға беру мәселесі айтылып келеді. бірақ мемлекет бұл қадамға бара ала ма?
Республикалық монополист – 73 кәсіпорын
Ашық ақпарат көздеріне сүйенсек, еліміздің «Табиғи монополиялар субъектісінің мемлекеттік тіркелімінде» республикалық деңгейде 73 кәсіпорын бар екен. Онда да бұл нақты ақпарат емес. Өйткені бұл тізім мезгіл-мезгіл көбейіп немесе кеміп отырады. Әрі бұл былтырғы мәліметтер болғандықтан, орташа есеппен қазір 60 кәсіпорын бар деп сеніммен айтуға болады. Республикалық деңгей дегеніміз – екі немесе одан көп облысқа қызмет көрсететін компаниялар. Болмаса, әр облыста негізінен коммуналдық-энергетикалық немесе өзге да салаларда жергілікті монополистері жетерлік. Олардың ықпалы өздері орналасқан қала мен облыстан әрі аспайды. Ал экономикаға кедергі келтіріп, бәсекелестіктің бағын байлап тұрғандары – республикалық алпауыттардың ішіндегі ірілері. Таяуда Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі олардың тізімін жариялады. «Электр энергиясы нарығында вертикалды ықпалдасқан олигополия сипатты өте қатты шоғырланған үш компания бар. Олар – «Самұрық-Энерго», «Қазақстан коммуналдық жүйелері», «Орталық Азия электр энергетикасы корпорациясы». Бұлар энергоактивтерді өндіру, тасымалдау және бөлшек саудада сату бойынша ортақ пайдаланады. Елдегі жалпы электр энергиясы нарығындағы үлесі 50% болғанымен, жекелеген аймақтарда олар – 100% монополистер. Отын-энергетика кешенінде, соның ішінде мұнай өнімдері нарығында да үш алпауыт – Petrosun, KMG, Petroleum operating-тің үлестері 80%-дан астам. Олардың екеуі – Petrosun мен KMG және CNPC сұйылтылған мұнай газы нарығының 70%-ына ие. Коммуналдық-тұрмыстық көмір бойынша – «Шұбаркөл Көмір», «Қаражыра», «Богатырь Көмір» – 70%. Көлік және байланыс саласында – «ҚТЖ» (жүк және жолаушылар тасымалы), әуе көлігінде – Air Astana және SCAT, ұялы байланыс бойынша – «Казақтелеком» (60%) мен «Кар-Тел» компаниялары – монополист», – делінген «ҚР-да бәсекелестікті қорғау және дамытудың 2026 жылға дейінгі Тұжырымдамасын бекіту туралы» Жарлық жобасындағы агенттік талдауында. БҚДА бұл тұрғыда монополистік модельдің сақталып отыруына байланысты жүйелі проблемалар шешімін таппай келе жатқанына да назар аудартып отыр. Олар – «негізгі қуат көздеріне» қолжетімділіктің шектеулі болуы, баға құраудағы бұрмалаушылықтар, ішінара таңдай отырып қолдау көрсетушілік немесе фаворитизм, бәсекелестікті қорғау мен дамытудың қолданыстағы механизмінің жеткіліксіздігі, ақпараттардың бұрмалануы.Инновация мен стратегия
Мамандардың айтуынша, монополиялық нарықты қалай реттеу керек екенін түсіну үшін, әуелі компаниялардың ол жағдайға қандай жолмен жеткенін айқындап алу қажет. Оның бірнеше негізі бар. Солардың бір-екеуіне тоқтала кетсек, ең басты талап – инновация. Компаниялардың инновацияларды енгізуге ұмтылудағы басты себебі – дәл осы монополиялық жағдайға ие болу мақсатында. Ол бұрын нарықта болмаған жаңа өнім болуы шарт емес. Мәселен, жаңадан өткізу нарығы, өндірістің анағұрлым тиімді жаңа тәсілі болуы мүмкін. Бір компания жасап шығарған инновация сол сәтте оның бәсекелестеріне қолжетімсіз болады да, оның монополиялық әлеуетке қол жеткізуге уақытша болса да мүмкіндігі болады. Бірақ бұл қабілетті ұдайы дамытып отыру қажет. Бұл – нарық шарты. «Инновация арқылы монополияға жету – тиімді тәсіл. Сондықтан да мемлекет бәсекелестік ортаны қалыптастырудың осындай жолын стратегия ретінде қарастыруы тиіс. Қазақстанда мұндай құбылысты тек банк қызметінен ғана көруге болатын сияқты. Бір кездері жылдам транзакция жүргізу мақсатында инновациялық технологияларды кеңінен пайдаланған Kaspi банкі бүгінде жетекші рөлге ие. Бірақ оның соңы абсолютті монополияға ұласып кетпеу үшін мемлекет бәсекелес жағдай тудыруы қажет. Мәселен, шетелдік банктердің филиалдарын тарту арқылы қаржы нарығы дами түсер еді. Мобильді байланыс қызметі туралы да осыны айтуға болады», – дейді AERC Қолданбалы зерттеулер департаментінің аға аналитигі Евгения Пак. Монополияның пайда болудағы тағы бір негізі – нарықтың көлемі. Мәселен, бірнеше қатысушыдан гөрі, бір қатысушының қызмет көрсеткені анағұрлым тиімді болып келетін нарық түрлері болады. Мұндайды экономикада «табиғи монополия» деп атайды. Көп ретте оны реттеп отыру үшін мемлекет мұндай компаниялардың қызметіне немесе тауарына бағаны айқындау үшін тарифті өзі бекітеді. Ондай салалар негізінен электрмен қамту, қоғамдық көліктер, тасымал салалары болып келеді. Мәселен, осы мәселе көп зерттелген Англияда автобуспен жолаушыларды тасымалдау жекеменшік компанияларға берілген кезде, олар шығынға батпау үшін жолаушылар аз жүретін бағыттарға автобус жібермей, жіберген күннің өзінде де бағаны қатты көтеріп жіберген. Сондықтан да бәсекелестіктің лайықты қызмет көрсету тиімділігін төмендетіп жіберетін де салалар болады. «Мұндай проблема теміржолға да қатысты. Егер онда көп компания қызмет көрсететін болса, адам аз тұратын шалғай аудандарға пойыздар жүрмей қалар еді. Ал бір қатысушыға берілгесін жерде, табиғи монополия субъектісі болатын жалғыз компания бәсекелестері жоқ болғандықтан, ол нарыққа инновация енгізуге мүдделі болмайды. Тіпті, шығынын көп етіп, табысын аз етіп көрсету үшін қызметінің тиімділігін әдейі төмендетуі мүмкін. Өйткені соны сылтау етіп мемлекеттен тариф өсіруді, салықты азайтуды талап етпек. Табиғи монополияның қаупі де осында», – дейді Евгения Пак. Маманның айтуынша, елімізде қалыптасып отырған жағдай – соның бір көрінісі. Мәселен, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы қанша жерден монополист болса да, инновацияның жоқтығынан, паркі мен жабдықтарының ескіргенінен және басқару менеджментінің тиімсіздігінен шығынға батып отыр. Сондықтан да мемлекет мұндай табиғи монополия субъектілерін реттеуді анағұрлым қатаңдата түсіп, олардың қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуі керек. Шығындары мен қызмет бағасының құрылымы туралы ақпарат толық әрі қолжетімді болуы тиіс. Сондай-ақ мемлекет мұндай компанияларға инновациялардың енгізілуін табанды түрде талап етіп, қатаң қадағалауы қажет.Нарық өзі реттейді
Қазақстан экономикалық қатынастарда әлі де болса кеңестік модельден арыла алмай отыр. Ел экономикасында «қолмен басқару», «субсидиялық реттеу», «жоспармен бөлу» секілді тетіктер сақталып қалған. Мұндай сипат, әсіресе табиғи монополия басым салаларда анық сезіледі. Ондай нарықты мемлекет субсидиямен ұстап отыр. Бүгінгі қалыптасып отырған жағдай – соның айғағы. «Қазақстанда табиғи монополиялар субъектілері деген және реттелетін нарық деген ұғым бар. ҚТЖ қызметі реттелетін табиғи монополияға жатады. Сондықтан да олар қызметтерін өздері қалаған бағамен жүзеге асыра алмайды. Олар өкілетті орган бекітіп берген тариф бойынша ғана жұмыс істейді. Мұндағы проблема осы тарифтердің қалай есептеліп шығатынында. Ол ұлттық компанияға шығын әкеліп отыр. Сондықтан да мұнда жылдар бойы қалыптасып отырған жағдай шорт кесіп шеше салатындай оңай мәселе емес. Оны бізге кешегі «газ наразылығы» көрсетті. Мемлекет бұл секторды бәсекелес ортаға беріп, араласуын біртіндеп азайтып еді, баға екі есе көтерілді де, соңы бірден әлеуметтік наразылыққа ұласты. Бұл – өте қауіпті! Жалпы, мемлекеттік реттеу саясатының әуелден ұстанған бағыты – әлеуметтік наразылыққа жол бермеу. Мемлекет Ұлттық компаниялардың қызметін саяси құрал ретінде пайдаланады. Бірақ бұл да дұрыс деп айта алмаймын. Нарық өзін-өзі реттеуі керек», – дейді GRATA International заң фирмасының серіктесі, адвокат Шәймерден Чиканаев. Маманның айтуынша, табиғи монополия субъектілерінің басты проблемасы – онда кросс-субсидиялау шарасының жүргізілетіні. Яғни, олар бір қызмет түріндегі шығынды басқа қызметтерінен табатын табысымен жауып отырады. Мәселен, ҚТЖ тариф шектеулі болғандықтан, жолаушылар тасымалындағы шығынын жүк тасымалынан түскен табысынан жабады. Мұндағы тариф жоғары, бірақ кәсіпкерлердің қалтасына түскен салмақ, түптеп келгенде тұтынушының қалтасына түсетіні белгілі. «Бізге бұл жағдайдан бірте-бірте бас тарту керек. Қандай да болмасын қызметтің немесе тауардың өзіндік құны айқын болуы қажет. Мәселен, сұйылтылған газдың өзіндік құны қанша, оның нарықтағы бағасы қандай болуы керек деген нақты ұғым жоқ. Ертең біртұтас энергетикалық нарық құрамыз деп отырмыз. Сол кезде баға жоқ дегенде Ресейдің бағасымен теңеседі. Сондықтан да мемлекет осы бастан дұрыс ақпараттық саясат жүргізіп, халыққа осының барлығын түсіндіріп, монополиялық қуатқа ие компаниялардың бәсекелес ортаға шығуына мүмкіндік беруі керек. Тарифтік шектеу дегенді алып тастап, бағаны сұранысқа қарай реттеу тетігін біртіндеп енгізу қажет. Болмаса, қазіргідей өзіндік құнынан төмендетіп сату немесе бюджеттен субсидиялау практикасы ұзақ жалғаса алмайды. Бұл тығырықтан шығар жол емес», – дейді Шәймерден Чиканаев. Сонымен, Қазақстан экономикасының проблемасы – дені дұрыс бәсекелестіктің жоқтығында. Көп нәрсе ашық емес және мемлекет тарапынан тым қатты реттеледі. Белден басу, қолмен басқару тетіктері көп. Мамандар субсидияның көптігі сондай, кейбір тауарлардың өзіндік құнын анықтау қиындық тудыратынын айтады. Шетелмен, тіпті таяу көршілерімізбен салыстырғанда бізде баға әлдеқайда арзан. Сондықтан да түбі бұл баға теңеседі. Біз бағаның өсуіне дайын болуымыз керек.