Субсидия «сауын сиыр» емес
Субсидия «сауын сиыр» емес
199
оқылды
Бүгінде баспана әрбір үшінші қазақстандықтың басты мәселесіне айналды деуге болады. Баспананы жалдау, сатып алудың ақысы да күн санап шарықтап барады. Жыл басында Президенттің пәтер жалдап күнелтіп жүрген әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың пәтерақысын субсидиялау бойынша тапсырма беруі көптің көкейіндегісін дөп басқандай болды. Дегенмен қазына қаржысының үштен бір бөлігі жұмсалатын әлеу­мет­тік саланың мұндай зор шығы­ны экономикаға шектен тыс салмақ салатыны анық. Әрі-беріден соң пә­терақыға дейін мемлекет тара­пы­нан төленуі «алма піс, аузыма түс» дейтіндердің көбеюіне әкеп соғуы да бек мүмкін. Тек өткен жылдың өзінде ха­лық­ты әлеуметтік тұрғыдан қам­сыз­­дандыру ісіне мемлекеттен 7 трил­лион теңгеге жуық қаражат бө­лін­ген екен. Экономистер әлеу­мет­тік саланың шығындарын құмға сіңген сумен салыстырады. Ғылым тілі­мен айтқанда, қайтарымы жоқ қаражат. Есесіне, халықтың әлеу­меттік тұрғыдан осал тобына жа­та­тындарға жұбаныш. Көңілге медеу. Жасыратыны жоқ, біздің қоғамда мар­дымсыз әлеуметтік төлемді айдан-айға әзер жеткізіп, бірде аш, бірде тоқ күн кешіп жүрген отба­сы­лар да бар. Бұл тұрғыдан оларға бері­летін жәрдемақы мөлшерінің жыл санап артқанын құптаймыз. Мұнда жанға бататыны өздерін шынында жәрдемақы, зейнетақы секілді әлеуметтік төлемге мұқтаж етіп көрсетуге тырысып, жа­тыпішерлікке салынғандар көбеюі болып тұр. Дамуға бет алған қоғамға бұлардан келетін қауіп көп. Әсіресе, еңбекке жарамды, он екі мүшесі сау жандардың әлеуметтік төлемдерді күнкөрістің бірден-бір тетігі ретінде қарастыратыны өкінішті-ақ. Оған қоса, ретін тауып, дәл осындай төлемдерді қалтаға басып қалуды ойлайтындардың қарасы қалың. Бірер жыл бұрын көпбалалы отбасыларға қосымша жәрдемақы берілген тұста хан сарайындай үйде тұрғандардың да әлеуметтік төлемге қол жайғаны мәлім болған-ды. Кейіннен әлемдік пандемия кезінде мемлекет тарапынан табысынан айырылғандарға берілген 42 500 теңгені жұмысы тоқтамағандар да оңай олжаға айналдырды. Қысқасы, бізде мемлекет қолдауына шын мәнінде зәру азаматтармен бірге әлеуметтік төлеммен-ақ күнімді көремін деген масылдық көзқарастағылар табылып жатады. Сондықтан да кез келген әлеуметтік бағдарламаны қабыл­дауда оның мақсатқа аудиторияға жету тетігін мұқият ойластырған жөн. Президент тапсырма­сына сай, баспананы жалға алудың құнын субсидиялау мәселесіне осы мәселенің ескерілуі құпталды. Сөз жоқ, бұл бастаманың өзектілігі, өміршеңдігі ешқандай талас тудырмайды. Ендігі мәселе оны іске асырудың механизмін қарас­тыруда болып тұр. Мыңдаған отбасына үміт сыйлаған бұл бастаманы жатыпішерлердің «майшелпекке» айналдыруына жол беруге бол­майды. Өйткені жалдамалы пәтерде тұратын әлеу­меттік жағдайы төмен отбасылардың жалдау ақысын субсидиялауға жыл сайын 51,5 миллиард теңге қаржы қарастырылмақ. Мұндай мәліметті Индустрия және инфрақұрылымдық даму ми­нистрлігі таратты. Ведомствоның мәліметінше, мемлекет баспананы жалдау ақысының 50 пайы­зын ғана төлейді. Көмектің бұл түріне ай сайынғы кірісі отбасының әр мүшесіне шаққанда 36 018 тең­геден (ең төменгі күнкөріс деңгейі) аспайтын­дар қол жеткізуі мүмкін. Жалпы, қазір елімізде 590 мыңға жуық азамат баспана кезегінде тұр. Олардың 70 мыңының табысы әлгінде айтылғандай ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайды. Демек, пәтер кезегінде тұрғандардың дәл осы санаты жалдау ақысын субсидиялаудан үмітті. Әрине, жалдамалы пә­терде тұрып, мемлекеттің субсидиясын пайда­ланып, уақыт өте баспаналы болуға әрекет жасай­тындар үшін бұл таптырмас мүмкіндік. Сол секілді пәтерақысының тең жартысын мемлекет төлегеніне мәз болып, жатыпішерлікке салы­натындардың да көбеюін ешкім жоққа шығара алмас. Әлеуметтанушы Рамазан Салықжановтың пікірінше, бұл мәселенің алдын алуда баспананы жалдау ақысына субсидия берілетіндердің санатына баса мән берілуі керек. [caption id="attachment_180961" align="alignleft" width="1200"]субсидия © коллаж: Қуаныш Сапарбай[/caption] – Әрине, субсидияны пәтер жалдап тұратын­дардың бәріне бірдей беру масылдыққа апарып соғуы мүмкін. Оны тағайындаудың механизмінде табысының 30 пайыздан көп бөлігін пәтерақыға жұмсайтындарға басымдық берілуі керек. Одан соң көпбалалы, тұрақты табысы жоқ деген сияқ­ты әлеуметтік санаттардың ескерілгені жөн. Меніңше, мемлекетке мұндай шығынға бар­ғанның орнына жалға берілетін тұрғын үйлерді көптеп салуға көңіл бөлгені тиімді болатын сияқ­ты. Баспанасы жоқ азаматтар осындай үйлерде бел­гілі бір уақыт ішінде тек қана коммуналдық шы­ғындарды төлеп тұрып, пәтер мәселесін өз күшімен шешіп алар еді, – дейді Рамазан Саттарұлы. Ал экономист Марат Каирленов пәтерақыны субсидиялау тетігін енгізу тұрғын үйді жалға беру нарығын заңдастыруға мүмкіндік беретінін айтады. Субсидия тағайындалған жағдайда жалға алушылар пәтер иелерінен барлық процесті заңға сай жүзеге асыруды талап ете бастайды. – Негізінен пәтер жалдау ақысын субси­дия­лау­ды іске асырудың механизмі көп. Әскерилер сияқты отбасының әр мүшесіне қарай қаржылан­дыру тетігін де қарастыруға болады. Оның үстіне, азаматтардың үйінің бар-жоғы туралы деректі электронды мәліметтер базасынан алу қиындық тудыра қоймайды. Әрі пәтер жалдап тұратындар да жалға берушілерден келісімді заңдастыруды талап ете бастайды. Нәтижесінде, тұрғын үйлерді жалға беру бизнесі «көлеңкеден» шығады, – дейді экономист. Сонымен бірге ол қазір әлеуметтік қолдаудың мұндай түрлері ауадай қажет екенін алға тартады. Осы орайда сарапшы әлеуметтік саланы қар­жыландырудағы әлемдік тәжірибені мысал етті. – Әлемдік тәжірибеде жалпы ішкі өнімнің 20 пайызы әлеуметтік салаға бөлінеді. Ал бізде бұл көрсеткіш 10 пайыздан аспайды. Салдарынан халықтың өмір сүру сапасы төмендеді. Мәселен, 15 жыл бұрын азаматтар табысының 36 пайызын азық-түлік сатып алуға жұмсайтын. Бұл көрсет­кіш өткен жылы 57 пайызға дейін ұлғайды. Көп ел­дерде халықтың күнделікті тұтынатын тауар­ларды сатып алуға тапқан табысының 17 пайы­зын ғана жұмсайды. Экономикалық тиімділігі жа­ғынан алып қарағанда, азаматтарға пәтера­қыны субсидиялау сияқты әлеуметтік қолдау жасалуы керек деп ойлаймын, –дейді Марат Каирленов. Қазір Президент тапсырмасымен салалық ведомство өкілдері әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың пәтерақысын субсидиялаудың тетігін қарастырып жатыр. Әзірге оны тағайын­даудың нақты механизмі жайында нақты мәлімет жоқ. Сонда да болса пәтер жалдап күнелтіп жүр­ген көпшілік бұл бастаманың нәтижелі бола­тынына сенім артады. Әйтсе де, баянды баста­маны жүзеге асыруда «пәтерімді төлеуге мемлекет субсидия береді» деп қамсыз жатуды әдет қы­латындардың көбейіп кетпеуіне де баса назар аударған жөн.