Журналисті өлтіруге жендет жалдаған кім?
Журналисті өлтіруге жендет жалдаған кім?
333
оқылды
Түркістан облысына қарасты Сарыағаш ау­да­нындағы тәуелсіз журналист «С-ИН­ФОРМ» газетінің редакторы Амангелді Батырбек­ов­­тің ұлы оққа ұшқан болатын. «Ай­дың-күн­нің аманын­да үйге шабуыл жаса­лып, оқ атылды» деген хабар жел­дей ес­кен. Жур­на­листің ұлы Дін­мұхамед­­ке шолақ мылтықпен екі рет оқ атылған. Абырой болғанда, ауру­ханада бірнеше күн ем алып, аман қалды. Бірақ бұл тура «қаралы қаңтар» оқиғасымен тұс­па-тұс болғандықтан, көпшіліктің назарынан тыс қалған-ды. Біз білетін Батырбеков – билік өкілдерінің, әсіресе өңірдегі сыбайлас­тықты терең қоз­ғап, тайсалмай ашық, анық жазып жүрген бір­ден-бір тәуелсіз журналистің бірі. Сондықтан Батырбе­ков өзінің парақшасында бұл оқтың өзіне бағытталғанын, абайсызда ұлына тигенін айтып мә­лім­деді. Осылайша, өміріне қастандық жасап, өзін өлтіруге тапсырыс беруі мүмкін деген екі адам­нан күдік­тенетінін арызында қалдырған. Оның бірі – Сарыағаш ауданы білім бөлімінің басшысы Бауыржан Май­рихов. Себебі осынау білім бөлімінің басшысы өзі туралы әшкере болған талай мақала үшін келісімге келуге ор­таға бірнеше адам салып, ақша да ұсы­ныпты. Масқара болғанда, жуырда Сарыағаш аудандық білім бөлімінің басшысы Бауыржан Майриховтың Амангелді Батырбековті атуға адам жалдағаны ту­ралы сыбыс расталды. Ол үшін қол астындағы қыз­меткерге қомақты ақша да беріпті. Бұл туралы Түр­кістан облысы Полиция департаментінің бас­шысы Қайрат Дәлбеков мәлімдеді. «Шенеунік жур­­налистің өмірін 5 миллионға баға­лаған. Яғни, орын­даушылар тапсырма орындап, қылмыстың ізін суыту үшін Шардара арқылы Арыс қаласы, Арыстан ары қарай Шымкентке жеткен. Айғақты зат ретінде жеңіл «ВАЗ» автокөліктері алынды. Оның қылмыстық жолмен тапқан ақшаға алын­ғаны дәлелденді. Сонымен қатар 16-шы калибрлі па­трон­дар алынып отыр», – деді ол. Делдал қызме­тін атқарған адам қылмысқа жас жігіттерді тартқан. Сондықтан киллер шатасып, тілшінің баласын атыпты. Полицейлердің қолына түскен жал­дамалы жендет тапсырыс берушінің кім екенін айтып, мә­се­лені толық жайып салған. Бүгінде аталған оқиға бойын­ша шенеунікпен қосқанда бес күдікті қа­мауға алынған. Қазір ұсталғандарға қатысты «адам өлтіруге оқталу» бабымен қылмыстық іс қозғалған. Түркістан облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасы Бауыржан Майрих­овқа қатысты Сарыағаш аудандық По­лиция басқармасы тара­пы­нан қылмыс­тық іс қозғалғаны және қазір уақытша ұстау изоляторына жабылғанын ресми түрде рас­тады. Басқарма тергеп-тексеру амалдары жүргізілуі кезінде Б.Майри­ховты атқарып отырған қыз­ме­тінен шеттетіп, бөлім басшысының міндеттерін уа­қытша атқаруға мемлекеттік қыз­метшіні 24.01.2022 жылдан бастап та­ғайындау мәселесін қарауда екенін айтады. Батырбековтің шенеунікті күдікті ретінде жазып беруінің себебі де жоқ емес. Оның айтуынша, негізінен елдегі сыбайластық тақырыбында жиі қалам тербейтін журналист Майриховтың жуырда жұмыстан кетуіне де себепші болыпты. 2012 жыл­дан бері аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары, 2017 жылдан бері бөлім басшысы болып жұмыс істейтін Майриховтың құрығы ұзын, әбден жең ұшынан жалғасып кеткен сыбайласы көп екенін айтады. Тіпті, оның атын атап тұрып, дәлелді дәйектерді келтіре отырып, оған «Мафия» деген атаумен сериялы посттар да арнап­ты. «Мә­жіліс депутаты Ержан Құдайбер­геновтің қабыл­дауына жазылып, Май­рих­овтың талай былығын айтқан едім. Ресми хат жолдауымды сұрады, ол хат облыс басшысы мен басқарма басшысына жетті. Соңында қыркүйек айында тың­далым өткізіп, Б.Майриховтың 22 шілде күні жұмыста себепсіз бол­мауын негізге ала отырып, жұмыстан шығарған. Алайда жұмысқа жарамсыз анықтамасы болмаса да, ауруханадан анықтама алып, Түркістан облыс­тық сотына арызданған ол желтоқ­сан айының соңғы күндерінде орын­тағына қайта қонжиды. Сөйтіп, мемле­кеттен қаржы өндіріп алды», – дейді журналист. Сонымен қатар жоғарыда атап өт­кендей, Батырбе­ков шенеуніктің Сары­ағаштағы білім бө­ліміндегі «Мафия 1-2..» деген сериялы жазбасында аудандағы бірнеше мектептегі қаржы жымқыру дерегін жайып салып отырған. Соның бірі – қара­ша айында ғана «Біздің Сары­ағашта бір балабақша бар. «Алихан-2020» деген аты бар да, заты жоқ...» деген атаумен жариялаған жазбасы. Онда каран­тин кезінде құжат бойынша «Али­хан-2020» балабақ­ша­сы ашылғанын, бірақ бір жарым жылдан бері, яғни 18 ай бойы ол жерде ешқандай балабақшаның болмағаны әшкереленген. Балабақшаның негізгі қожайыны Сарыағаш аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің осы балабақшаларға жауапты бас маманы Лаура Омарова ханым екені, оның Майри­ховпен таза сыбайластығы жазыл­ған. Жазбада көрсетілгендей, «Али­хан-2020» балабақшасы №59 мектеп дирек­торы күйеуінің атына ашылып­ты. Сөйтіп, құжатта «110 бала бар» деп өтірік көрсетіп, Бауыржан Майрихов екеуі мемле­кеттен осы уақытқа дейін 50 миллион теңгеден ас­там қаржы алғаны айтылады. Яғни, мемлекет әр балаға ай сайын 25 500 теңгеден құяды. Журналист бүгінде осы іске байланысты тексеру жұмыс­та­ры­ның жүріп жатқанын, таяу күндері қылмыстық іс қозғалатынын атап өтті. Ал шенеуніктің журналиске суық қару жұм­сауына осы жазбалар әсер етуі әбден мүмкін. Демек, жазбада айтылғандай-ақ, шенеунік адам өл­тіруге жендет жалдауы­мен-ақ өзінің «Мафия» еке­нін дәлелдеп отыр. Айды аспанға бір-ақ шы­ғарған осынау хабар елдің жағасын ұстатты. Басқа-басқа, бала тәрбиесімен айна­лысып отырған лауа­зымды тұлғаның дәл осыған баруы шынында да сұмдық болды. Онсыз да еліміздегі соңғы жағдай­дан әлі еңсесін тіктей алмай отырған халыққа мына хабар айрықша әсер етті. Мына түрімен жұрт ба­ла­сын сабаққа жіберуге де қорқатын шығар... Біз бала тәрбиесін кімге тапсырып отырмыз?

Шымкент қаласы