Түркістан облысына қарасты Сарыағаш ауданындағы тәуелсіз журналист «С-ИНФОРМ» газетінің редакторы Амангелді Батырбековтің ұлы оққа ұшқан болатын. «Айдың-күннің аманында үйге шабуыл жасалып, оқ атылды» деген хабар желдей ескен. Журналистің ұлы Дінмұхамедке шолақ мылтықпен екі рет оқ атылған. Абырой болғанда, ауруханада бірнеше күн ем алып, аман қалды. Бірақ бұл тура «қаралы қаңтар» оқиғасымен тұспа-тұс болғандықтан, көпшіліктің назарынан тыс қалған-ды. Біз білетін Батырбеков – билік өкілдерінің, әсіресе өңірдегі сыбайластықты терең қозғап, тайсалмай ашық, анық жазып жүрген бірден-бір тәуелсіз журналистің бірі. Сондықтан Батырбеков өзінің парақшасында бұл оқтың өзіне бағытталғанын, абайсызда ұлына тигенін айтып мәлімдеді. Осылайша, өміріне қастандық жасап, өзін өлтіруге тапсырыс беруі мүмкін деген екі адамнан күдіктенетінін арызында қалдырған. Оның бірі – Сарыағаш ауданы білім бөлімінің басшысы Бауыржан Майрихов. Себебі осынау білім бөлімінің басшысы өзі туралы әшкере болған талай мақала үшін келісімге келуге ортаға бірнеше адам салып, ақша да ұсыныпты. Масқара болғанда, жуырда Сарыағаш аудандық білім бөлімінің басшысы Бауыржан Майриховтың Амангелді Батырбековті атуға адам жалдағаны туралы сыбыс расталды. Ол үшін қол астындағы қызметкерге қомақты ақша да беріпті. Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаментінің басшысы Қайрат Дәлбеков мәлімдеді. «Шенеунік журналистің өмірін 5 миллионға бағалаған. Яғни, орындаушылар тапсырма орындап, қылмыстың ізін суыту үшін Шардара арқылы Арыс қаласы, Арыстан ары қарай Шымкентке жеткен. Айғақты зат ретінде жеңіл «ВАЗ» автокөліктері алынды. Оның қылмыстық жолмен тапқан ақшаға алынғаны дәлелденді. Сонымен қатар 16-шы калибрлі патрондар алынып отыр», – деді ол. Делдал қызметін атқарған адам қылмысқа жас жігіттерді тартқан. Сондықтан киллер шатасып, тілшінің баласын атыпты. Полицейлердің қолына түскен жалдамалы жендет тапсырыс берушінің кім екенін айтып, мәселені толық жайып салған. Бүгінде аталған оқиға бойынша шенеунікпен қосқанда бес күдікті қамауға алынған. Қазір ұсталғандарға қатысты «адам өлтіруге оқталу» бабымен қылмыстық іс қозғалған. Түркістан облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасы Бауыржан Майриховқа қатысты Сарыағаш аудандық Полиция басқармасы тарапынан қылмыстық іс қозғалғаны және қазір уақытша ұстау изоляторына жабылғанын ресми түрде растады. Басқарма тергеп-тексеру амалдары жүргізілуі кезінде Б.Майриховты атқарып отырған қызметінен шеттетіп, бөлім басшысының міндеттерін уақытша атқаруға мемлекеттік қызметшіні 24.01.2022 жылдан бастап тағайындау мәселесін қарауда екенін айтады. Батырбековтің шенеунікті күдікті ретінде жазып беруінің себебі де жоқ емес. Оның айтуынша, негізінен елдегі сыбайластық тақырыбында жиі қалам тербейтін журналист Майриховтың жуырда жұмыстан кетуіне де себепші болыпты. 2012 жылдан бері аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары, 2017 жылдан бері бөлім басшысы болып жұмыс істейтін Майриховтың құрығы ұзын, әбден жең ұшынан жалғасып кеткен сыбайласы көп екенін айтады. Тіпті, оның атын атап тұрып, дәлелді дәйектерді келтіре отырып, оған «Мафия» деген атаумен сериялы посттар да арнапты. «Мәжіліс депутаты Ержан Құдайбергеновтің қабылдауына жазылып, Майриховтың талай былығын айтқан едім. Ресми хат жолдауымды сұрады, ол хат облыс басшысы мен басқарма басшысына жетті. Соңында қыркүйек айында тыңдалым өткізіп, Б.Майриховтың 22 шілде күні жұмыста себепсіз болмауын негізге ала отырып, жұмыстан шығарған. Алайда жұмысқа жарамсыз анықтамасы болмаса да, ауруханадан анықтама алып, Түркістан облыстық сотына арызданған ол желтоқсан айының соңғы күндерінде орынтағына қайта қонжиды. Сөйтіп, мемлекеттен қаржы өндіріп алды», – дейді журналист. Сонымен қатар жоғарыда атап өткендей, Батырбеков шенеуніктің Сарыағаштағы білім бөліміндегі «Мафия 1-2..» деген сериялы жазбасында аудандағы бірнеше мектептегі қаржы жымқыру дерегін жайып салып отырған. Соның бірі – қараша айында ғана «Біздің Сарыағашта бір балабақша бар. «Алихан-2020» деген аты бар да, заты жоқ...» деген атаумен жариялаған жазбасы. Онда карантин кезінде құжат бойынша «Алихан-2020» балабақшасы ашылғанын, бірақ бір жарым жылдан бері, яғни 18 ай бойы ол жерде ешқандай балабақшаның болмағаны әшкереленген. Балабақшаның негізгі қожайыны Сарыағаш аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің осы балабақшаларға жауапты бас маманы Лаура Омарова ханым екені, оның Майриховпен таза сыбайластығы жазылған. Жазбада көрсетілгендей, «Алихан-2020» балабақшасы №59 мектеп директоры күйеуінің атына ашылыпты. Сөйтіп, құжатта «110 бала бар» деп өтірік көрсетіп, Бауыржан Майрихов екеуі мемлекеттен осы уақытқа дейін 50 миллион теңгеден астам қаржы алғаны айтылады. Яғни, мемлекет әр балаға ай сайын 25 500 теңгеден құяды. Журналист бүгінде осы іске байланысты тексеру жұмыстарының жүріп жатқанын, таяу күндері қылмыстық іс қозғалатынын атап өтті. Ал шенеуніктің журналиске суық қару жұмсауына осы жазбалар әсер етуі әбден мүмкін. Демек, жазбада айтылғандай-ақ, шенеунік адам өлтіруге жендет жалдауымен-ақ өзінің «Мафия» екенін дәлелдеп отыр. Айды аспанға бір-ақ шығарған осынау хабар елдің жағасын ұстатты. Басқа-басқа, бала тәрбиесімен айналысып отырған лауазымды тұлғаның дәл осыған баруы шынында да сұмдық болды. Онсыз да еліміздегі соңғы жағдайдан әлі еңсесін тіктей алмай отырған халыққа мына хабар айрықша әсер етті. Мына түрімен жұрт баласын сабаққа жіберуге де қорқатын шығар... Біз бала тәрбиесін кімге тапсырып отырмыз?
Шымкент қаласы