Футзалдан Қазақстан құрамасы 2022 жылғы Еуропа чемпионатында Финляндия құрамасын 6:2 есебімен жеңіп, турнирдегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Осылайша, Кака шәкірттері В тобында 4 ұпаймен жеке-дара көш бастады.
Алғашқы турда Альберт Акбаликов алаңнан қуылып, бірқатар негізгі құрамның ойыншылары мен бас бапкер маңызды кездесуге қатыса алмаған соң Словениямен (4:4) тең есептің өзін қанағат тұттық. Сол ойыннан кейін Италия мен Финляндия құрамалары кездесіп, олар да жеңімпазды анықтай алмады. Осылайша, төрт команданың топтан шығуға мүмкіндігі теңесті. Футзалшыларымыз екінші кездесуде жеңіске жетпесе, плэй-оффтың ауылы алыстап кететінін түсінді.
Екінші турда алдымен Италия мен Словенияның жолы түйісті. Бұл матчта Еуропаның екі дүркін чемпионы Италия футзалшылары фаворит саналған. Бірақ олар бұл кездесуде маңызды үш ұпайды еншілей алмады. Матч 2:2 есебімен аяқталды. Екі ойында да қарсыластарымен тең түскен Италия мен Словения 2 ұпайға шүкіршілік етті. Бұл Қазақстан мен Финляндия үшін В тобында бірінші орынға шығуға тамаша мүмкіндік болды.
«Суоми» елінің спортшыларымен өтетін кезекті ойынға екі футзалшымыз қатыспады. Бірі вирус жұқтырған (Шыңғыс Есенаманов), ал екіншісі (Альберт Акбаликов) өткен ойында қызыл қағаз алды. Есесіне өзге ойыншыларға мүмкіндік берілді. Төрешінің ысқырығы естіле салысымен, Қазақстан құрамасы шабуылға шығып, жылдам гол соғып қалудың жолын қарастырды. Алғашқы минуттарда есеп ашатын мүмкіндігіміз де болды. Қарымта шабуылға шығып, Игита қорғаған қақпаның саңылауын табуды көздеген фин футзалшылары да осал қарсылас емес екенін көрсетіп бақты. Ойынның 13-минутында қарсылас команданың ойыншысы Миика Хосио есеп ашып кетті. Дегенмен үзіліске дейін футзалшыларымыз қарымта қайтарды. Қазақстан құрамасының сапынан Біржан Оразов көзге түсті. Ал екінші таймда финдер Яни Корпеланың голынан кейін қайтадан есепте алға шықты. Осыдан соң қақпашы Игитаның өзі шабуылға араласып, ойыншыларға қолдау көрсетті. Ұрымтал сәттердің бірінде қақпашымыздың алыстан бағыттаған добы қарсылас команда ойыншыларының біріне тиіп, қақпаға еніп кетті. Тамаша голдан соң таразы басы қайта теңесті. Ал Игита қатарынан үшінші Еуропа чемпионатында гол соғып, тамаша жетістікке қол жеткізді. Бұған дейін әлемнің төрт дүркін үздік қақпашысы 2016 жылы Сербия, 2018 жылы Испания қақпасын дәл көздеген. Фин қақпасына соғылған керемет голдан кейін Қазақстан футзалшылары ойын басымдығын толықтай өз қолына алды. Кездесудің 29-минутында Арнольд Кнауб командасын жеңіске жетеледі. Арада екі минут өткенде Оразов дубль авторы атанды. Көп ұзамай Кнауб тағы да қарсылас қақпасынан саңылау тапты, ал соңғы минутта Азат Валиуллин матчтың нүктесін қойды.