Финляндиядағы «HundrED» академиясы қазақстандық педагогтардың әдістемелік жобалары алғаш рет үздік инновациялық идеялардың қатарына енгені туралы ресми ақпарат жариялады. «Қалыптастырушы бағалауда проактивті мұғалім болу» атты кәсіби әзірлеме орта білім беру саласындағы шабыттандыратын жобаларды іздеу және таратумен айналысатын ең беделді коммерциялық емес ұйымдардың сайтында жарияланды.
«Қалыптастырушы бағалауда проактивті мұғалім болу» жобасы критериалды бағалауды енгізу кезеңінде, яғни мұғалімдер үшін жаңа әдіс-тәсілдерді түсіну және қолданудың қажеттілігі туындаған сәтте іске асырылды.
Жоба бес бағалау стратегиясына мән бере отырып, сабақтарды жоспарлау мен өткізуге арналған 24 проактивті картаны қамтиды, сондай-ақ әр оқушыны өз білімін қалыптастыруға бағыттайды. Әрбір карта сабақты жоспарлау кезінде мұғалімнің рефлексия жағдайына назар аударып, формативті бағалауды қолдану нәтижелерін көрсетуге мүмкіндік береді.