Танымал заңгер Абзал Құспан тәртіпсіздік кезінде қамауға алынған азаматтардың бәрін бірдей "жазықсыз" деп айтуға келмейтінін айтты. Бұл туралы Абзал Құспан журналист Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында баяндады. Маманның айтуынша, олардың арасында әйел зорлап, адам өлтіргендер де бар. Қазіргі уақытта арнайы комиссия қамалғандардың ісін жеке-жеке қарап, тергеушілерге көмектесіп жатыр.
"Facebook-ті ашып қалсаңыз, барлығын бірдей шығарып жіберу керек деген ұрандарды көресіз. Бұл таза дилетанттық. Барлығы бірдей дәлелсіз қамалып жатқан жоқ. Видеокамераға түсіп жатқандар бар", – деді Абзал Құспан.Кеше Алматыда тәртіпсіздікке қатысты деген күдікке ілінген 11 ер адам бостандыққа шықты. Абзал Құспанның айтуынша, сол босап шыққан азаматтар тәртіпсіздік кезінде әйел адамның зорланғанын көрген.
"7-ауруханаға жарақатпен түскен ғой. Сол кезде ереуілшілер ауруханаға басып кіріп, бұлардың көздерінше медбике қызды зорлап тастаған. Ол полицей емес, сырттан келген адам емес, ол – ереуілге қатысқан тентек, бұзақы топтардың қылығы. Мұндай мысалдарды тізіп айта беретін болсақ, талай адам түңіліп кетер еді", – дейді адвокат.