Қазақстанның табиғи байлығына ие олигархтар қорға 30 миллиард теңге аудармақшы
Қазақстанның табиғи байлығына ие олигархтар қорға 30 миллиард теңге аудармақшы
Фото: ERG
258
оқылды

Eurasian Resources Group (ERG) корпорациясы "Қазақстан халқына" қорына 30 миллиард теңге бөлді. Бұл туралы ERG баспасөз қызметі хабарлады.

ERG акциясының 40%-іне Қазақстан үкіметіне, қалған үлестері ERG негізін қалаушылар Александр Машкевичке, Патох Шодиевке және Шухрат Ибрагимовке тиесілі. Айта кетейік, ERG – табиғи ресурстарды өндіру мен өңдеу саласындағы әлемдегі жетекші әрі әртараптанған (энергетика, транспорт, маркетинг) компаниялардың бірі.  Компания әлемнің 15 елінде жұмыс істейді және осы саладағы ең ірі жұмыс берушілердің бірі саналады. Компания 90-жылдардың ортасынан бастап Қазақстандағы табиғи ресурстарға инвестиция сала бастады. Еске сала кетейік, ERG корпорациясы коронавируспен күрес мақсатында Қазақстанға 100 млн теңге бөлген еді. "Қазақстан халқына" қорының қызметі денсаулық сақтау, білім беру, спорт, мәдениет, әлеуметтік инфрақұрылым салаларына мемлекеттік қолдаудан тыс қайырымдылық көмек көрсету, төтенше жағдай кезінде зардап шеккен азаматтарға, халықтың әлеуметтік осал топтарына көмектесу, тәртіпсіздік салдарын қалпына келтіру және қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасын қолдау. 16-25 қаңтар аралығындағы кезеңде қорға 65, 7 мың қазақстандықтан 39,1 миллион теңге, 130 заңды тұлға мен ірі бизнесмендерден 42,1 миллиард теңге түсті. Еске сала кетейік, Президент 11 қаңтарда "Қазақстан халқына" қоғамдық әлеуметтік қорын құруды тапсырған еді. Қасым-Жомарт Тоқаев оның Қазақстан халқының қоры болатынын және оның әкімдіктерге немесе үкіметке бағынбайтынын айтқан еді. 16 қаңтарда қордың қамқоршылық кеңесі сайланды. Оның құрамына белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, азаматтық қоғам өкілдері, меценаттар және еліміздің беделді азаматтары кірді. "Қазақстан халқына" қорын Болат Жәмішев басқарады. Бұған дейін «Қазақстан халқына» қорынан көмек алуға өтінімді қалай беруге болатынын жазған едік.