Атырау қалалық №2 соты ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабы («Лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану») және 369-бабы («Қызметтік жалғандық жасау») бойынша айыпталған М.Бекмұхамбетов атындағы мектеп директорына қатысты үкім шығарды, – деп хабарлады "Ақ Жайық". Сотта анықталғандай, мектеп директоры 2018 жылдың қыркүйегінен 2021 жылдың шілдесіне дейін табельдерді толтырып, бұйрықтар шығару арқылы оған жалған мәліметтер енгізіп, нәтижесінде 6 миллионнан астам бюджет қаражаты негізсіз жұмсалған.
- Сотталушының кінәсі жәбірленушілер мен куәлардан алынған жауаптармен, сараптама және аудиторлық тексеру қорытындыларымен толық дәлелденді, – деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.Сот білім мекемесінің бұрынғы басшысын мемлекеттік қызметте және мемлекеттік ұйымдарда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындаған. Қазіргі күні оның 6 млн теңге залалды толықтай өтегені белгілі. Сот үкімі әзірге заңды күшіне енбеген. Үкім шығару барысында жеңілдететін мән-жайлар ретінде сотталушының жас баласының болуы, кінәсін толық мойындауы және қылмыстық құқық бұзушылық салдарынан келтірілген мүліктік залалды ерікті түрде толық өтегені ескерілген. Айта кетейік, аталған мектеп былтыр 440 млн теңгеге күрделі жөндеу жұмысын жасатып, одан кейін мұғалімдерінің спорт залының еденін жамап отырған фотосуреттері тарау арқылы аяқ астынан "танымал" болып кеткен еді.