Бүлікке қатысқан "Йакын Инкар" ұйымы туралы не белгілі?
Бүлікке қатысқан "Йакын Инкар" ұйымы туралы не белгілі?
2017 жылы Қырғызстанның Ақсу ауданында ұсталған «Йакын инкар» өкілдері. Фото: Аzattyk.org

Қаңтарда Қазақстанда болған тәртіпсіздік кезінде "Йакын Инкар" (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) радикал тобының мүшелері де ұсталған. Олардан қару-жарақ пен діни жазба әдебиеттері тәркіленген. Бұл туралы «Хабар» арнасы хабарлады. "Йакын Инкар" қандай ұйым? Олар қай әрекеті үшін экстремист деп танылды?

"Йакын Инкар" діни ұйымы Қазақстанда 2018 жылдың қазанында экстремистік ұйым деп танылды. Олардың қозғалысы 1926 жылы Үндістанда құрылған. "Таблиги джамаат" (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) діни экстремистік ұйымынан бөлінген. 2017 жылға дейін Қырғызстанда діни ағымын насихаттаған, кейін "экстремистік топ" деп танылды. Қозғалыс мүшелерінің нақты саны белгісіз. ҚР Бас Прокуратурасының мәліметінше, діни ұйымның мақсаты Қазақстан аумағында "халифат" құру болған. Бұл ұйымның жақтаушылары басқа діндерді, ағымдарды үзілді-кесілді жоққа шығарады. Ұйымның атауы араб тілінен аударғанда "құдайдан басқа барлық нәрсені жоққа шығару" дегенді білдіреді. Ұйымның мүшелері ұзын шаш өсіреді және Пәкстанның дәстүрлі киімдерін киеді. Олар барлық заманауи техника жетістіктерінен бас тартады, мемлекеттік институттарды мойындамайды.

Қай әрекеті үшін экстремист деп танылды?

Қырғызстандық теолог Қадыр Мәліковтің айтуынша, діни ағым Орта Азия елдерінің ішінде әуелі Қырғызстанның солтүстігінде – Ыстықкөл және Нарын облыстарында пайда болды. Діни ағымды жақтаушылар алғашында көпшілікке еркін уағыздаған. Теологтың айтуынша, оның мүшелерінің басым көпшілігі халықтың өмір сүру деңгейі мен діни сауаты төмен аудандардан келген жастар. Жұмыссыз және сауатсыз жастар үшін "Йакын Инкар" (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) қолайлы орта  болған, сол үшін республиканың барлық өңірінен ағымды қолдаушылар саны жылдам көбейген. "Йакын инкар" (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) қозғалысына тыйым салынғанға дейін Қырғызстанның құқық қорғау органдары оларды жауапқа тарта алмаған. Себебі ұйым өкілдері заңды мойындамаған, ресми тіркелмеген, "Құдай көмектеседі" деген желеумен медицина көмегіне жүгінбеген, телефон қолданбаған, тіпті балаларын мектепке жібермеген. Сол кездегі Қырғыз Республикасы Думасының басшысы, бас мүфтиі Мақсат қажы Тоқтомушев нағыз мұсылманның ондай болмайтынын және олардың басқа ағым екенін айтқан. Сонымен бірге олардың дінді уағыздауға рұқсат алмағанын мәлімдеген.
"Олар ешкімді тыңдамай, жеке топқа, діни фанаттарға айналды. Олар жұмыс істемейді, сақалдары ұзын, аяқтары жуылмаған күйде жүріп, білімсіз болса да уағыз айтты және зайырлы ғылымды мойындамады, көлікті пайдаланбайды, ақша қолданбады. Осылайша, бұл топ фанатизмнің белгілеріне ие және Исламның дәстүрлі нысандарына ғана емес, сонымен бірге қоғамдық тәртіпке, ұлттық дәстүрлер мен прогреске (ғылым, мәдениет) қайшы келеді. Сондықтан діни ағым деструктивті бағытқа ие деп танылды", – деп жауап берген теолог Қадыр Мәліков AsiaTerra сайтына берген сұхбатта.
2017 жылы маусымда Қырғыз Республикасының соты "Йакын инкарды" (Қазақстанда тыйым салынған ұйым)  экстремистік ұйым деп танып, оның қызметіне тыйым салды. Ал Қазақстанда бұл ұйым 2018 жылдың қазанында экстремистік ұйым деп танылды.