«Nur Otan» партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы партиялық бақылау комиссиясының отырысы өтті. Аталған жиында партияның аумақтық филиалдарының қоғамдық қабылдау бөлмелеріндегі өткен жылы атқарған жұмыс нәтижелері бойынша есебі тыңдалды. 2021 жылы партияның қоғамдық қабылдауларына 11 395 адам жүгінді. Азаматтар тарапынан түскен өтініштерді қарастыру нәтижесі бойынша 44% оң шешімін тапты, 56%-ына түсініктеме берілді. Қоғамдық қабылдау алаңдарында 3 757 кездесу өткізіліп, 7 984 адам қабылданды. Сонымен қатар мемлекеттік органдардың өкілдері 304 тақырыптық және көшпелі қабылдау өткізіп, 728 адамның арыз-шағымын тыңдады. Отырыс барысында «Nur Otan» партиясының Абай, Катонқарағай, Глубокое аудандарындағы филиал төрағалары бірінші орынбасарларының есептері де тыңдалды. «Жалпы, сіздердің есептеріңізге қарасақ, барлық тапсырмалар жүзеге асырылып жатыр. Десе де, бір айта кетерлігі жыл көлемінде жоғарыда есептері тыңдалған үш аудандағы филиалдардың жұмысының кемшіл тұстары бар. Бұл мәселе бойынша кейбір партия мүшелеріне сөгістер мен ескертулер берілетін болады. Біз партияның бағдарламалары мен бастамаларын уақытылы жүзеге асыруға тиіспіз. Сондай-ақ тұрғындардың арыз-шағымдарында уақытылы қарастырып, күрмеулі мәселелердің оңтайлы шешілуіне қол үшін беруіміз қажет, – деді «Nur Otan» партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Мұхтар Әділбекұлы.