Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутаттар Үкіметке сауалдар жолдап, құпия ақпаратты қорғауға қатысты заң жобасын мақұлдады. Мәжіліс депутаттары ратификациялаған құжат Еуразиялық экономикалық одақ жұмысына байланысты болып тұр. Заң жобасының «2014-ші жылғы 12-ші қарашадағы Еуразиялық экономикалық комиссияның бәсекелестіктің бірыңғай қағидаларының сақталуын бақылау жөніндегі өкілеттіктерді жүзеге асыруы кезінде құпия ақпаратты қорғау тәртібі және оны жария еткені үшін жауаптылық туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» дейтін атауы бар. Бұл құжат Еуразиялық экономикалық комиссияның бәсекелестіктің бірыңғай қағидаларының сақталуын бақылау жөніндегі өкілеттіктерді жүзеге асыруы кезінде құпия ақпаратты қорғау тәртібі және оны жария еткені үшін жауаптылық туралы келісімді 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың ережелеріне сәйкес келтіруге бағытталған. Тақырып бойынша баяндама жасаған Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин атап өткендей, жалпы ЕАЭО-ның тұрақты жұмыс істейтін реттеуші органы ретінде Еуразиялық экономикалық комиссия құрылған 10 жылға жуық уақыттан бері мүше мемлекеттер үшін монополияға қарсы заңнаманы жетілдіру бөлігінде бірыңғай саясаттың жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдайлар қамтамасыз етілген. Комиссия трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің жалпы қағидаларының сақталуын бақылау жөніндегі өз өкілеттіктерін іске асыру шеңберінде (өтініштерді қарау, тергеп-тексерулер жүргізу және істерді қарау) қажетті ақпаратты, оның ішінде мемлекеттік билік органдарынан, заңды және жеке тұлғалардан құпия ақпаратты сұратады және алады. Аталған келісім құпия ақпаратпен жұмыс істеу тәртібін реттейді және комиссия қызметкерлерінің құпия ақпаратты алған кезде оны жария еткені үшін жауапкершілігін регламенттейді. Бұл келісімге Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғыз Республикасы және Армения елдері қол қойған.