Алаяқтықтың жаңа әдісі әшкереленді

Алаяқтықтың жаңа әдісі әшкереленді

Қылмыскерлер алдап-арбау жолымен Шымкент тұрғын­дарының жарты миллиард теңгеге жуық қаражатын қолға түсірген. Шаһардағы дүкендердің бірінде 3 әйел қала тұр­ғынын қоршай алып, тез баюдың қызықты тәсілін ұсынған. Алаяқтық схемасы қарапайым: тұрғын банктен 1 миллион теңге көлемінде несие алады. «Соның 300 мың теңгесін өзіңе алып, 700 мың теңгені бізге берсең, несиені толықтай өзіміз жабамыз» деп сендірген. Өзіне тиесілі соманы қалта­сына басқан соң аңқау адам көңілі жайланып, өз жайына кетеді. Ал алаяқтар, әрине несиені өтемейді, із-түзсіз жоғалып кетеді. Азаматтар алданғанын тек несие төлейтін уақыт өтіп кетіп, соны ескертуге банк қызметкері хабарласқанда немесе соңына ЖСО-лар түсіп, картасын бұғат­тағанда бір-ақ біледі. Содан кейін жәбірленушінің бірі полицияға жүгінген. Полицейлер куәгерлермен сұхбат­тасып, алаяқтар жүруі мүмкін жерлердегі бейнекамералардың жазбаларын көрді. Көп ұзамай жедел уәкілдер олардың ізіне түсіп, әйелдердің кім екенін анықтап, оларды қамауға алды. Үшеуі де Түркістан облысының тумалары болып шықты. Тергеу барысында олар сол бір ғана схема бойынша 500-ге жуық адамды алдағаны белгілі болды. Келтірілген жалпы шығын шамамен 400 миллион теңгені құрады. «Полиция қызметкерлері жүр­гізген жедел-іздестіру іс-шарасы нәтижесінде осы қылмысқа қатысты үш азаматша анықталды. Олардың алаяқтық, яғни бөтен­нің мүлкін алдау немесе сенімді теріс пайдалану арқылы адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен бірнеше рет қылмыс жасағаны анықталды. Аталған тұлғалар күдікті деп танылып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амал­дары жүргізіліп жатыр», – деді Шымкент қаласы Полиция департаментінің Әл-Фараби ауданы АПБ тергеушісі Спандияр Зайнидин.

Е.ЕРДЕНОВ