Нұралы «Зенит» қатарына қосыла ма?

Нұралы

Еліміздегі үздік қорғаушылардың бірі Нұралы Әліп үшін осы жыл жағымды жаңалықпен басталды. Қазақстандық футболшыны күтпеген жерден ресейлік «Зенит» футбол клубы оқу-жаттығу жиынына шақырды. «Қайрат» ойыншысы ресейлік команда сапында 13 қаңтардан 25 қаңтарға дейінгі аралықта қаралымнан өтті. Ойыны бас бапкер Сергей Семактың көңілі­нен шыққан соң екінші оқу-жаттығу жиы­нына баратын футболшылардың тізіміне енді. Әзірге Әліптің жаңа ко­мандадағы сынақ мерзімі аяқталған жоқ.

Дубайдағы бірінші оқу-жаттығу жиынында «Зенит» үш жолдастық матч өткізді. Алдымен жергілікті «Эмирейтспен» (19 қаңтар), кейін болгариялық «Ботевпен» (22 қаңтар), содан соң словакиялық «Жилинамен» (25 қаңтар) кездесті. Нұралы Әліп тек словакиялық «Жилинаға» қарсы жолдастық кездесуде жасыл алаңға шықты. «Эмирейтс» және «Ботевпен» өткен екі кездесуге дене қызуының көтерілуіне байланысты қатыса алмады. Бірақ оның тапсырған тесті оң нәтиже көрсеткен.

Петерборлық команда 28 қаңтарда, яғни бүгін Португалияда өтетін екінші оқу-жаттығу жиынына аттанады. Қаралымда жүрген қазақ­стандық ойыншы Біріккен Араб Әмірлік­теріндегі алғашқы жаттығудан соң ресейлік «Матч.Тв» арнасына сұхбат беріп те үлгерді.

– Зенит ойыншылары, бапкерлік штаб мені жақсы қабылдады. Тимощук пен Анюков қолдау білдіріп, ағалық ақылын айтты. Қаралымда жүрген соң өзімді барынша жақсы жағынан көрсеткім келеді. Ішкі қобалжуды жеңіп, толығымен ашыла білуім керек. Бап­кер­лер құрамының көзіне түсу, олардың оң бағасын алу үшін жұмыстанып жатырмын, – деді футболшы.

Негізі, Нұралыны «Зенит» сапында көреміз деп ешкім күткен жоқ. Алайда Санкт-Петербургтің «Зениті» Қазақстанның үздік қорғаушысын оқу-жаттығу жиындарына ар­найы шақырып, өздерімен Дубайға ала кетті. Көптеген басылымдар бұны кезекті «қонақ ойыншы» деп хабарлады. Себебі бұған дейін 2020 жылы Исламхан да дәл солай «Қайраттан» «Зенитке» шақырту алды. Өкінішке қарай, оның қадамы сәтсіз болды. Оған дейін «Қазақтың Мессиі» атанған Сейдахмет те аталған клубтың назарын өзіне аударғаны бар. 2017 жылы Еркебұлан «Зенит U-19» коман­дасымен жаттығып, 30 минуттың ішінде 4 гол соқты. Бірақ 17 жастағы Еркебұлан жасының әлі 18-ге жетпегеніне байланысты келісім­шартқа отыра алмады. Енді міне Нұралы Әліпке мүмкіндік берілді. Ақтаудың тумасы «Қайрат» сапында жүріп, бірқатар еуропалық клубтардың көзіне түсті. 18 жасында ұлттық құрама сапына шақырту алған оны еліміздегі талантты жастардың алдынғы қатарында жүр десек болады.

Бастапқыда көптің көкейінде «Ловрен мен Ракицкийі бар «Зенитке» Нұралы неге қажет болды екен?» деген сұрақ туындады. Бұл сұраққа Ресейдің танымал комментаторы Дмитрий Орлов жауап берді. Ол клубтағы қос ардагер қорғаушының жанына жылдам, әуе доптарына таласа алатын жас әрі талантты ойыншы керек болғанын, бұл талаптарға Нұралының сәйкес келетінін жеткізді. Әрі ол Ресей біріншілігінде легионер саналмайды. Екіншіден жас та болса тәжірибелі, тісқаққан ойыншы.

Спорт комментаторы Ермұхамед Мәулен де қазақстандық қорғаушының жақында «Зенит» қатарын толықтыратынына сенімді. Өйткені ресейлік клубқа қазір Нұралыдай ойыншы ауадай қажет деп есептейді.

– Бойы 186 сантиметр қорғаушы осы кезге дейін «Қайрат» сапында 4 голдың авторы атанды. Еурокубок ойындарының тұрақты қатысушысы болды. Ұлттық құрама сапында 12 матч ойнап үлгерді. Демек, халықаралық тәжірибесі де жоқ емес деген сөз. 1999 жылы 22 желтоқсанда дүние есігін ашқан жас қорғаушы «Зенит» сапына алынса, бұл қазақ футболы үшін жақсы жаңалық болмақ, – дейді футболшының өнеріне баға берген ол.

Спорт мамандары мақтаса мақтағандай, Нұралы немістің Transfermarkt порталы жариялаған Қазақстан чемпионатындағы ең қымбат футболшылардың (1,7 миллион еуро) алдыңғы шебінде тұрған футболшы. Жастайы­нан «Қайрат» сапының негізгі ойыншысы атанды. 18 жасында Қазақстан құрамасына шақыртылды. Бүгінде ол ұлттық құраманың да маңызды ойыншысы. Бастапқыда «Каспий» футбол клубының түлегі 2015 жылы «Қайрат­тың» жастар командасына қосылды. 2018 жылы наурызда алматылық клубтың негізгі құрамына алынды. Алғашқы ойынын 11 нау­рыз күні «Қызылжар» клубына қарсы өткізді. Негізгі командада 77 матчқа қатысып, 4 гол соқты. Алматылық клубпен бірге бір мәрте ел чемпионы атанды, бұдан бөлек ҚПЛ-дың екі рет күміс және бір рет қола медалін жеңіп алды.

Ірі денелі, бойшаң қорғаушы кейінгі 2-3 жыл бедерінде футболшы ретінде керемет прогресс жасады. Болгариялық бапкер Станимир Стойлов оны Қазақстан ұлттық құрамасының қатарына қосты. Содан бері футболшы «Қайрат» командасының негізгі қорғаушысы қызметін атқарып келеді. Өткен жылы «Қайрат» сапында тамаша өнерімен көзге түсті. Қорғаныста сақ ойнап, тасқамал қорғаушы екенін байқатты. Алматылық клуб сапында 25 ойынға қатысып, Қазақстан ұлттық құрамасының матчтарына да белсене араласты. Қазақстан құрамасының қазіргі бас бапкері Талғат Байсуфинов та Нұралыға негізгі құрамнан орын беріп, ұлттық құраманың болашағы осындай жас талантты футболшы­ларда екенін атап өтті.

Әуелде Зениттің бапкері Семакқа Әліпті «Қайраттың» жаттықтырушысы Құрбан Бердыев ұсынды деген алып-қашпа әңгіме тарады. Кейін Аршавиннің ұсынысымен қазақстандық ойыншыны оқу-жаттығу жиынына шақырғаны туралы әңгімелер өрбіді. Кім ұсынса да футболшының еліміздегі ең үздік клубтардың бірінде негізгі құрамда ойнайтыны белгілі. Оның үстіне алматылық команданың басшысы Қайрат Боранбаев бір сұхбатында Әліпке «Аякстың» өзі қызығу­шылық танытқанын сөз еткен. Одан бөлек футболшыны «Рубин» клубы да жіті назарда ұстап отырғаны хабарланған. Алайда бәрінен бұрын «Зенит» ертерек қамданып, футбол­шыны қаралымнан өтуге шақырды. Мұның өзі үлкен мүмкіндік.

Клубтың бас жаттықтырушысы Сергей Семак ойыншының алғашқы қадамын оң бағалады.

– Әліптің «Жилинамен» ойынға қатыс­қаны жақсы болды. Өйткені сол матч алдында бірқатар футболшылар қатардан шығып қал­ан болатын. Сондықтан ойыншылар жетіспеді. Әсіресе, қорғаушылар. Біз Нұралыны екінші оқу-жаттығу жиынына алып кетеміз. Ол өзінің жақсы футболшы екенін алаңда сенімді ойыны арқылы көрсетті. Командамен бір жаттығудан кейін кез келген футболшы бірден ойыншылармен түсінісіп ойнап кете алмайды. Ал Нұралы бұл жағынан еш қиналған жоқ, – деп ойыншыға үлкен сенім артты.

Ең бастысы, қазір Ресей чемпионатында қазақстандық футболшылар легионер саналмайды. Осы жағдай да трансферге оң әсерін тигізуі мүмкін. Сергей Семак та осы жағдайға баса назар аударып отыр. Оның үстіне жақында Нұралының позициясында ойнайтын «Зениттің» қорғаушысы Ракицкий­дің клубпен келісімшарты аяқталды. Футбол­шының аталмыш командада қалу-қалмауы әлі белгісіз. Петерборлық клубтан жаңа келісім­шарт жасау туралы әзірге ешқандай ұсыныс келмеген. Соған қарағанда Нұралыға негізгі құрамға енуге мүмкіндік арта түсетін секілді.

Жанкүйерлер мен спорт мамандарының футболшыға берген бағасы мен пікірі әрқилы. Қазақстан құрамасының қорғаушысын бірі мақтаса, енді бірі керісінше «Зенит» футболшыларының деңгейінен әлдеқайда төмен деп есептейді. Бастысы Әліптің ойыны бас бапкердің көңілінен шықты. Қалғанын уақыт көрсетер.

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.