Қаңтардың басында болған дүрбелеңге қатысушылар мен ұйымдастырушыларға қатысты мәліметтер күн өткен сайын айқындалып келеді. Тергеушілер бүлік кезінде террористердің белсенді әрекет еткенін әу бастан-ақ айтқан. Алайда олар нақты кімдер, артында қандай күштер тұр дейтін сауалдарға толық жауап берілген жоқ. Қоғам асыққанымен, мұндай сұрақтарға жауап беру үшін тергеп-тексеру жұмыстарын аяқтауға біраз уақыт кетері сөзсіз. Дегенмен террористердің қандай топтың мүшелері екені жайлы мәліметтер белгілі бола бастады. Жуырда Бас прокуратураның бірінші қызметі бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов қаңтар бүлігіне байланысты терроризммен қатысы бар 45 іс тергеліп жатқанын мәлімдеді. Дегенмен тергеудің құпиялығына байланысты көп мәлімет таратылмады. Алайда қоғамда «террористер еніп кетті» деген уәжге қатысты әлі де болса көп сауал бар. Өйткені қоғамдағы терроризмге қатысты қалыптасқан стереотип билік өкілдерінің уәжіне күмән келтірушілер қатарын көбейтіп жіберді. Ал құқық қорғаушылар Қылмыстық кодекстің 255-бабы 1-тармағына сәйкес әрекет етері сөзсіз. Аталған бапта «терроризм актісі, яғни жарылыс жасау, өрт қою немесе адамдардың қаза табуы, елеулi мүлiктiк залал келтiру не қоғамға қауiптi өзге де зардаптардың туындау қаупiн төндiретiн өзге де әрекеттер жасау, егер бұл әрекеттер қоғамдық қауiпсiздiктi бұзу, халықты үрейлендiру, Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының, шет мемлекеттiң немесе халықаралық ұйымның шешiмдер қабылдауына ықпал ету, соғысқа арандату не халықаралық қарым-қатынастарды шиеленiстiру мақсатында жасалса, сондай-ақ аталған әрекеттердi дәл сол мақсаттарда жасау қатерін төндіру» деп көрсетілген. Демек, бүлік кезіндегі оқиғаларды терроризм демеуге қақымыз жоқ.
«Жауапкершілікті неге мойындарына алмайды?»
Көптеген маман мен қоғам белсенділері қаңтар бүлігіне қатысушылардың арасында террористердің бар екені айтылған күннен бері «Олар кімдер? Ұйым аты неге аталмайды? Әдетте террористер талап қоятын еді ғой. Талаптары қайда? Неге болған оқиғалардың жауапкершілігін мойындарына алмайды?» деген мазмұндағы сауалдарды жиі қоя бастады. Бір жағынан мұндай сауалдардың қойылуы заңды. Екінші жағынан «терроризм» дейтін сөздің мазмұны мен мұндай әдістің түпкі мақсатына үңілсек, террористердің қандай да бір істі мойындарына алуы немесе талап қоюы, өздерінің аты-жөндерін ашып айтып, жаһанға жар салуы шарт емес. Тек қоғамға үрей сеуіп, дүрбелең кезінде көздеген мақсатына жетсе болды. Сондықтан террористер тек мәлімдеме жасап, бүлікті өздері ұйымдастырғандарын ашық айтады деп біржақты баға беруге болмайды. Тарихта ассасиндер, карматилер тәрізді радикал топтар қастандықтарын әдетте жасырын істейтін және ол кезде де «ұйқыдағы ұяшықтар» амалын қолданған. Террорлық топтардың ашық мәлімдеме жасауы, нақты талаптар қоюы ХХ ғасырдың 70-жылдарынан бері «сәнге» айналғандықтан, қоғамда оларға қатысты белгілі бір стереотип қалыптасып үлгерді. Ал Алматы мен өзге өңірлерде болған бүлікке қатысты ешбір топ мәлімдеме жасаған жоқ. Бірақ қоғамды үрейлендіру, билікті әлсіз етіп көрсету, тонау, зорлық-зомбылық пен мүлікті бүлдіру тұрғысынан қарастырсақ, латынның terror- қорқыныш, үрей дейтін сөзінің мазмұнына сәйкес келіп тұр. Оның үстіне, қандай да бір бүлік, жарылыс және тағы басқа оқиғаларға қатысты жауапкершілікті мойнына алмайтын топтар да бар. Мәселен, 40 жылдан астам Түркияның мазасын алып келе жатқан «Күрдістан жұмысшы партиясы» атты радикал-коммунистік топ әкімшілік, полиция, әскери ғимараттарға, ауруханаларға жарылғыш қойып, жолдарға мина төсегендерін, адамдарды ұрлап, өлтіріп кеткенін мойындап, мәлімдеме жасап әуре болмайды. Ресми Анкара сол себепті оларды террорист ретінде таниды. Батыс елдерінің бірқатары оларды күрд халқының азаттығы үшін күресіп жүрген топ ретінде бағалайды. Демек, терроризм дегеннің өзі жалпыға ортақ, барша мемлекет мойындайтын, мазмұны өзгертеймін ұғым емес деген сөз.«Йакын инкар» қандай топ?
«Қаңтар қасіретіне» қатысы бар радикалды ұйымдардың аты бастапқы кезде аталмағанымен, соңғы бірер күнде «Йакын Инкар» атты топ мүшелерінің ұстала бастағаны жайлы деректер белгілі болды. Тіпті, олардың қоныстарынан граната, тапанша және өзге де қарулар табылған. Содан да болар, бүлікті ұйымдастырушылар қатарында осы топ өкілдерінің бар екеніне құзырлы органдар өкілдерінің көзі жете бастаған сыңайлы. Бірақ соның өзінде де жауабы жоқ сансыз сұрақ әлі де бар. Дінтанушы Асылбек Ізбайыровтың айтуынша «Йакын Инкар» тобы осы күнге дейін саяси талап қоймаған, алайда әлеуметтік сипаттағы қауіп-қатері мол ұйым саналып келіпті. «Йакын Инкар» тобы алғаш рет Қырғыз елінде бой көрсете бастады. Бұл топ «Табилғи Жамағат» ұйымынан бөлініп шыққан. Бұл топтың бірнеше жыл бұрын Қырғыз Республикасында, Ыстықкөл маңайында құрылғаны туралы деректер бар. Топ мүшелері 2017-2018 жылдардан бастап өздерін таныта бастады. «Йакын Инкар» тобына мүше болғандар кімдер? Осы мәселеге тоқталайық. Негізі, олар саяси процестерге қатыспаған, саясаттан өздерін аулақ ұстайтын адамдар саналады. Олар бұл өмірдегі басты міндет – исламды тарату, яғни дағуат жасау деп біледі. «Йакын Инкар» ұғымының мағынасы «Құдайдан басқаның барлығын тәрк ету» дегенге саяды. Олар қоғамдағы барлық игіліктен, ғылыми-техникалық жетістіктерден бас тартады. Олар – саяси емес, әлеуметтік тұрғыда қауіпті саналатын ұйым. Бір сөзбен айтқанда, «Егова куәгерлері» ұйымының исламдық баламасы деуге болады. Олар «Таблиғи жамағаттан» бөлініп шықты. Әдетте шаштары ұзын, аздап сақал қоятын, өздерінің сырттағы, яғни Пәкістан жақтағы ұстаздарын ғана тыңдайтын адамдар тобы. Бұл ұйым елімізде 2018 жылы экстремистік топ болып танылды. Дегенмен «классикалық» террористерге ұқсай бермейді. Сарапшылар олардан төнетін қауіп ең алдымен әлеуметтік сипатта болады деп есептеп келген еді», – дейді Асылбек Ізбайыров. Сарапшының бұл пікірін шығыстанушы Жанат Момынқұлов та қолдайды. Шамасы, күні бүгінге дейін тек уағыз айтуды, оқшауланып өмір сүруді қалаған топтың агрессия танытуы мамандарды таңғалдырса керек. «Әлемге танымал террористік ұйымдардың бір ерекшелігі, олар өздері жасаған террор әрекеттерін өз мойнына алады. Алматы оқиғасында арандатушы топтар арасында криминалмен қатар діншіл радикал топтардың болғаны туралы көп естідік. Жақында «Таблиғи Жамағат» экстремистік ұйымының қанаты «Йакын инкар» ұйымының дүрбелеңге қатысы бары, оның мүшелерінің ұсталғаны туралы ақпарат шықты. Бұл ұйымның көршілес Қырғыз елінде мыңға жуық өкілі бар. Қырғыз дінтанушылары «Йакын Инкар» ұйымын бейсаяси, экстремистік сипаты бар, бір Алланы ғана мойындайтын, аскетизм, сопылық бағыт ұстанған, жаңалықты, заңдарды танығысы келмейтін енжар діни топ ретінде сипаттайды. Яғни, бұл топ бұрын террор актілерімен көзге түспеген, саяси мақсаты жоқ, одан алыс болып келген. Бұған дейін ешкім естімеген, Қазақстанда еш ықпалы жоқ діни топ Алматы қантөгісіне не себеппен қатысты? Осы сауалға жауап табу өзекті болып тұр. Өз басым шығыстанушы маман ретінде бұлардың Алматыда төңкеріс ұйымдастырып, саяси билікті қолына алғысы келді дегенге сене алмаймын. Бізде діни топтарды күштік құрылымдар қатаң бақылап, тырп еткізбей келгені мәлім. Бәлкім, бар айыпты әлсіз, беймәлім діни топтың мойнына іліп, істі жабу ниеті тұруы мүмкін. Ал күштірек бір топтың ықпалы, ақшасы, байланысы мықты болғандықтан, оларға әзірге тисе алмайды», – дейді Жанат Момынқұлов. Дегенмен «Йакын Инкар» тобының экстремистік ұйымдардың қатарына кіргені рас. 2018 жылдың 15 қазанында Астана қаласы Есіл ауданының соты бұл ұйымды экстремист деп таныған. Сол кезде медиада олар жайлы азды-көпті ақпарат та шыққан. Ал Қырғыз билігі бұл топтың мүшелерін ұстауды 2017 жылдан бастады. Бірақ оларға экстремист ретінде айып тағылғанымен, нақты қандай әрекеттері үшін тұтқындалғаны айтылмады. Тек 2015 жылы қырғыз баспасөзінде шыққан бірқатар ақпаратта Ыстықкөл төңірегіндегі аймақтардан Сирияға аттанғандар көп болғаны айтылған. Бірақ Сирияға аттанған қырғызстандықтарды дәл қандай топтың алдап-арбағаны жайлы дерек жоқ.Террористерді кімдер қолдайды?
Еліміздегі бейбіт шерулерді өздерінің мүддесі үшін пайдаланып, бүлік бастағандардың нақты қанша екені, ел ішінде қанша террорист әрекет еткені белгісіз. Бірақ 45 іс терроризмге қатысты қозғалғаны ақиқат. Кейде әр іске бір емес, бірнеше, тіпті ондаған азамат қатысты болуы мүмкін екенін ескерсек, террористер саны жүздеген адамға жетуі мүмкін. Дегенмен біздің пайымдауымызша, террористер саны әу баста айтылғандай, ондаған мыңға жете қоймайды. Өйткені соңғы күндері аты атала бастаған «Йакын Инкар» ұйымы мүшелерінің саны сонша көп емес. Қырғыз теологі Қадыр Мәліков «инкаршылар» қарасы көп емес екенін айтқаны бар. 2016-2017 жылдары Ыстықкөл маңында әрі кетсе, 30-40 адам болуы ықтимал деп болжаған. Кейін олардың саны жүздеген адамға жетуі мүмкін. Сонда да еліміздің бірнеше қаласында бір мезгілде бүлік ұйымдастыратындай қауқары болды ма, жоқ па дегенге назар аудару қажет. Бір сөзбен айтқанда, «Йакын Инкар» ұйымын террорлық актілерді ұйымдастырушы ретінде көрсету арқылы шын бүлікшіні назардан тыс қалдыру тәсілі қолданылса ше? Мәселе осында. Шығыстанушы Жанат Момынқұлов та сондай көзқарас байқатты. «Меніңше, бүлік салып, бейбіт митингті қантөгіске ұластырғандар – арам ойлы, саяси мақсатты радикал топтар. Ал олардың артында кім қолдап тұр және олардың бүлігіне көз жұмғандар кімдер? Бұл террорлық актінің мақсаты – азаматтық негіздегі бейбіт протестке қылмыстық сипат беру, іріткі салып, бейбіт ереуілдің абыройына нұқсан келтіру еді. Неге күштік құрылымдар кездейсоқ немесе күдікпен ұсталған азаматтарды соттың шешімінсіз, қатты ұрып-соғып, азаптап қинады? Қазір қоғамымыздың жүрегі жаралы, есін жиып жатыр. Қашан шын кінәлілер ұсталып, істің ақиқаты айтылмайынша, қоғамда тыныштық, елде береке орнамайды», – дейді ол. Дегенмен аталған радикалды топтың бүлікке қатысты бар екенін жоққа шығару да қиын. Өйткені батыс елдерінің арнайы қызметі әу бастан-ақ «Таблиғи Жамағат» ұйымын экстремистік топ ретінде таныған. Әсіресе, бұл ұйымға қатысты француздардың ұстанымы өте қатаң. Француз мамандары «Табилғи Жамағат» бейкүнә, саясаттан аулақ ұйым емес деп санайды. Бұл топ радикалдар санын көбейтуге ықпал етеді екен. Мұндай пікірді ислам дінін зерттеген француз маманы М. Габорие айтқан. Демек, осынау ұйымнан бөлініп шыққан «Йакын Инкар» тобын да бейкүнә адамдар қауымы деп бірден үзілді-кесілді баға беру қиын. Оның үстіне, бұл діни топтардың көбі Пәкістан, Үндістан жақтағы «ұстаздарының» нұсқауымен жүреді. Ал қаңтардың 5-і күні Гонконгтан шығатын Asia Times басылымының колумнисі Пепе Эскобар Қазақстандағы бүлікті Британияның Ми-6 барлау қызметі ұйымдастырғанын, қолында бұған қатысты деректер бар екенін жазды. Ал Британия тыңшылары Үндістан мен Пәкістан маңында түрлі топты қолдайтыны бұрыннан айтылатын. Әрине, бұл қатардағы көп конспирологияның бірі болуы мүмкін. Бірақ мұндай ақпараттардың ортаға тасталуы да бүлікті ұйымдастырғандардың ізден жаңылдыру амалы болуы ықтимал. Қысқасы, «Қаңтар қасіретін» тудырған топтың шын бейнесін анықтау үшін құқық қорғаушылардың біраз тер төгуі қажет болып тұр.Террористік құрылымдар тізіміне 22 ұйым енген
Негізі, еліміздегі тыныштық пен тұрақтылыққа қауіп төндіріп, мемлекет мүддесіне қатер төндіретін кез келген ұйымды, топты террористік құрылымдар қатарына қосуға болады. Біреулер үшін бейкүнә, бейтін құрылым тәрізді көрінетін топтардың әлеуметтік, экономикалық, тіпті мәдени-рухани зардабы да зор болуы бек мүмкін. Террорист тек саяси талап қояды деу қате. Одан соң бір мемлекет мойындаған топты, келесі бір ел террористік құрылым қатарына қоспауы мүмкін. Ал қоғам әдетте халықаралық қауымдастық бірауыздан мойындаған террористік топтар арқылы ғана бұл ұғымға баға беретіні бар. Алайда Қазақстан 22 ұйым мен құрылымды террористік ұйым ретінде таныған. Олардың қатарында «Аль-Каида»,«Шығыс Түркістандағы исламдық қозғалыс», «Өзбекстандағы исламдық қозғалыс», «Күрд Халық Конгресі» («Конгра-Гел») , «Асбат аль-Ансар», «Мұсылман бауырлар», «Талибан» қозғалысы, «Боз гурд», «Әлеуметтік реформалар қоғамы», «АУМ Синрикё», «Шығыс Түркістан азат ету ұйымы», «Таблиги джамагат», «Ислам мемлекеті» (ДАИШ), «Йакын Инкар» ұйымдары бар. Байқасаңыздар, бұл ұйымдардың барлығы діни радикалдар емес. Мәселен, «Боз гурд» – радикалды пантюркистер, «АУМ Синрике» – буддистік негіздегі экстремистік топ, «Күрд Халық Конгресі» – радикалды ұлтшылдар. Бірақ тізімдегі барлық топты қоғамға азды-көпті қауіп төндіретіні біріктіреді. Сондықтан да болар, «Қаңтар бүлігіне» қатысқан және оны ұйымдастырған қандай ұйым немесе топ болса да террорист саналары анық. Ал қолдарына қару алып, қалаларда жедел әрекет еткен топтардың қайдан келгенін анықтау оңай іс емес.