Елімізде шетелден келіп, жұмыс істейтін азаматтардың саны азаюы мүмкін. Өзге елдерден мамандарды жөн-жосықсыз әкелетін алпауыт компаниялардың бары жасырын емес. Ал олар елдегі еңбек нарығына кері әсер етіп, жұмысшылар арасында әлеуметтік теңсіздіктің, жалақы айырмашылығының қалыптасуына әсер ететіні жасырын емес. Соның салдарынан бұқараның наразылығы да күшейеді. Ал Қазақстан еңбек мигранттарына шынымен зәру ме?
Санын шектеуге кірістік
Таяуда бизнесмендермен кездескен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік жұмысшылар үшін квота санын азайтып, еңбек күші ретінде қазақстандықтарды көптеп тартуға шақырғаны мәлім. Президент елімізде, әсіресе жастар арасында жұмыс істейтін азаматтар саны жеткілікті деп санайды. Яғни, жеке кәсіпкерлердің шетелдік жұмысшыларға арналған квоталарды кеңейту идеясын құптамады. Осы жайларға тоқталған Президент ел алдында еңбек идеологиясын енгізу міндеті тұрғанын айтқан еді. Расымен, елімізде шетелдік еңбек мигранттары аз емес. Мысалы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сайтында Қазақстанға 2021 жылы сырттан тартылған жұмыс күшінің квотасы туралы құжаттар бар. Министрдің қолы қойылған бұйрықтардан шетелдік жұмысшы ретінде сырттан 28 305 шетелдік, еңбекші иммигрант ретінде 255 000 мың адам тартылғанын көрдік. 2020 жылы да квота саны былтырғымен шамалас болған. Ал биыл 15 мың шетелдіктің қызмет етіп жатқаны айтылды. Шетел азаматтарының жұмыс күшін тартуға берілген рұқсаттардың ішінде мынадай санаттар бар: бірінші санат – 635 (басшылар және олардың орынбасарлары), екінші санат – 3 206 (құрылымдық бөлімшелердің басшылары). Келген жұмыс күшінің негізгі бөлігі үшінші және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады екен – 8 572 адам. Қазір елде шетел азаматтарын жұмыс күші ретінде пайдаланатын 1 779 жұмыс беруші бар. Оларда шамамен 458 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді. Бұл жалпы жұмысшылар санының 97 пайызын құрап отыр. Бірақ ресми деректе өзге елден заңсыз келіп, қара жұмысқа жегіліп жүргендердің нақты саны жайлы ақпар жоқ. Олар да еңбек күші ретінде қаралады. Саны өте көп. Осыған қарап, шетелдік еңбек күшін азайту қажеттілігі туып отырғанын аңғару қиын емес.Шетелдіктердің тиімсіз тұсы қайсы?
Былтыр Қазақстан мұнайсервистік компаниялар одағының бас директоры Нұрлан Жұмағұлов мұнай өндіру саласындағы отандық еңбеккерлердің табысы мен шетелден келген жұмысшылардың орташа жалақысын салыстырып, зерттеу жүргізді. Зерттеу қорытындысына қарасақ, Экспат-мұнайшы – 12 млн теңге, Қазақстан азаматы 739 мың теңге жалақы алады. Айырмасы жер мен көктей. Еңбек саласын 20 жылдан бері зерттеп жүрген сарапшы Олег Егоровтың айтуынша, 2000-жылдары шетелдік жұмысшылар жалақы мәселесінде жергілікті мұнайшыларға иегінің астынан қараған. Бірақ екі жақтың да ауыртпашылығы мен атқаратын жұмысы теңдей болған екен. «Бұл мәселе компаниялардың, консорциумның өз ішінде қаралатын еді. Мен сол жылдары америкалық мұнай кәсіпорнында жұмыс істедім. Өзім құралпылас шетелдік мамандардың жалақысы 10 есе көп болды. Қашағанда жалақыны теңестіру соңғы жылдары ғана айтыла бастады. Қазақстандық топ-менеджерлер отандық мұнайшылардың жалақысы теңеспесе де, шетелдіктердің айлығына жақындасын деген талаптар қойып жүр. Техникалық мамандардың жалақысы, қара жұмыс істейтін жұмысшылардың еңбекақысына қатысты мұнай өндірісі саласында жиі толқулар болады», – дейді О.Егоров. Қандай да бір дау туа қалса, шетелдіктердің дайын тұратын жауабы бар екен. Егер АҚШ-тан келетін маманды біздің мұнай секторында ұстап тұру үшін оның жалақысы қомақты болуы шарт. Себебі ол өз елінде 20 мың АҚШ долларынан кем жалақы алмайды. Тіпті, әлеуметтік пакеттерді қосқанда одан да көп төлеуге мәжбүр. Тұратын жері, тамағына қосымша қаражат қарастырылған. Ал мұндай жеңілдіктер көбіне қазақстандық жұмысшыларға берілмейтіні белгілі. Бірақ ТМД елдері бойынша көші-қон сарапшысы Елена Садовская бұл пікірмен келісе қоймайды. Айтуынша, мәселе біліктілікке де қатысты. «Квота бойынша тартылатын шетелдік жұмыс күшінің саны Қазақстанда 2000-жылдарға қарағанда айтарлықтай азайған. Ол кезде экономикалық өсу болды, жаңа кәсіпорындар ашылды, жаңа жұмыс күші қажет болды. Заманауи жоғары технологиялық жабдықта жұмыс істей алатын жергілікті кадрларды қажетті көлемде таба алатынымызға күмәнім бар. Жоғары жалақыны компаниялар өз қалтасынан төлейді, білікті мамандарға қызығады. Алайда шетелдік жұмысшыларды тарта бастаған кезден-ақ компаниялар қазақстандық еңбек нарығында білікті мамандарды іздеп, таппағаны туралы анықтама ұсынуы керек еді», – дейді Е.Садовская Қош, білікті мамандарға зәруміз делік. Әйткенмен, аса бір білімді қажет етпейтін жұмыстарға да шетелдіктерді тартатын болдық. Оны қалай ақтаймыз? Әлде жергілікті азаматтар ондай жұмысқа құлықсыз ба? Мәселен, былтыр мамырда Атырау облысының әкімдігі ауылшаруашылық саласында жұмыс істету үшін Өзбекстаннан 600 адамды ұшақпен алып келген. Оған қоса, Атырау басшылығы көше сыпыртуға 70 өзбек азаматын арнайы чартерлік рейспен жеткізген екен. Рас, жер қойнауын пайдалануда ірі мұнай өндіруші компаниялардың үлесі салыстырмалы түрде көп. Теңіз жобасында, Қарашығанақ және Қашағанда ұлттық мұнай компанияларының акциясы 20 пайыздан аспайды. Теңізшевройл – 20 пайыз, Қарашығанақ – 10 пайыз, ал Қашағанда – 16 пайыз. Сондықтан бұл ірі кеніштердегі шетелдік компаниялардың ең жоғары жалақы алатын позицияларын сырттан келгендер қолдарында ұстап отыр. Ал оларды елдегі жұмыссыздық пен еңбек нарығы секілді мәселелер алаңдатпайды.Ресей күресті бастағанда біз де қосылдық па?
30 жыл бұрын Кеңес Одағы тараған соң Орталық Азияның мигрант жұмысшылары миллиондап Ресейге ағылды. Қара жұмысшылардың азғантай тобы ғана Қазақстаннан нәпақа тапқан. Қызығы сол, қазір Ресей де еңбек мигранттары мен заңсыз еңбек күшіне қарсы күресті бастады. Биылдан бастап миграция тәртібін күшейтті. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің тұрғындары Ресейге келгеннен кейін бір ай ішінде есірткі құмарлығы және туберкулез, мерез секілді жұқпалы ауруларға тексеру нәтижелерін тапсыруы тиіс. Билік еңбек мигранттарынан бас тартуға ниетті. Ал Қазақстанға келетін мигрант саны 2014 жылдан бері өскенін аңғаруға болады. Ресейде мигранттарға қатысты ұлтаралық өшпенділік пен ксенофобия өршіген. Ресми өкілдері де соңғы жылдары мигрант жұмысшыларға халықтың өшпенділігі артқанын мойындады. Ресей президент әкімшілігі басшысының орынбасары Магомедсалам Магомедов 2020 жылғы сауалнамада респонденттердің төрттен бірі мигранттарды жақтырмағанын айтқан. Қорыта айтқанда, Ресейден кейін Қазақстан да сыртқы еңбек күшіне тәуелділіктен арылуға мүдделі сияқты.