Аутистер саны артып келеді. Психикалық даму ауытқушылығы бар адам саны елдегі статистикалық көрсеткіштен де көбірек болуы мүмкін. Өйткені ерекше балалармен жұмыс істейтін мамандар аутизмнің алғашқы белгілерін анықтауға әлем елдеріндегі білікті дәрігерлердің өзі бас қатырып жатқанын айтады. Елімізде аутизмі анықталғандардың саны соңғы жеті жылда бес есе өскен. Денсаулық сақтау министрлігінің Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің берген мәліметіне сүйенсек, бүгінде 4 887 адамға «ақыл-ой кемшілігі» диагнозы қойылған. 2015 жылы балалардағы аутизмнің 228 жағдайы анықталған болса, қазір 1 184 балада психикалық даму ауытқушылығы байқалыпты.
Диагнозы дәлелденбеген
Біздің дәрігерлер ақыл-ойы кеш дамитын адамдардың диагнозын дөп басып айту қиын екенін айтады. Бірақ аутистердің саны анағұрлым өсуіне диагностика жасаудың мүмкіндігі жақсарғанымен түсіндіреді. Ерте жастағы балаларды оңалту орталығының невролог дәрігері Әлия Смағұлова аутизмнің себебі мен салдары әлі толық зерттелмегенін алға тартады. Оның айтуынша, аутизмге байланысты көптеген теория бар. Бірақ оның өзі толық дәлелденбеген. Психологтердің пайымынша, «ақыл-ой кемшілігі» генетикалық себептерге байланысты болуы әбден мүмкін. Бірақ басқа ауру түрлері секілді геномдық және хромосомалық көрсеткіштеріне байланысты анықтайтын нақты талдау жоқ. Бұрын да аутизм белгілері бар адам көп болды. Тек оларға аутизм диагнозы қойылмаған. Қазір ғылым мен медицина дамып жатқандықтан, «аутизм» диагнозы көп қойыла бастаған. Көбіне балалардың диагнозы МРТ арқылы қаралады. Неврологтер мен психологтер баланың анатомиялық тұрғыдан миы дұрыс қалыптасқанына психикалық дамудың кешігуіне немесе өзгерген мінез-құлықтарына қарап баға береді. «Бала бойындағы психикалық ауытқушылық туралы естігенде ата-аналар «біздің тұқымда жоқ» деп айтады. Бірақ олардың ата-бабасын ешкім толық зерттеген жоқ қой. Оның үстіне, бұл диагноз дөп дәлелденіп біткен жоқ. Мүмкін, өзгеріс молекуларлық деңгейде болып жатқан шығар. Мидың клеткалары нейрондардан тұрады. Бұл ақыл-ойға, қимыл-қозғалысқа, сезім мен тәртіпке жауап береді. Аутизм дәл осы тәртіптің патологиясы. Өйткені қалыпты балаларда әлеуметтік дағдылар пайда болады. Ал аутистерде әлеуметтік дағды қалыптаспаған. Олардың басқа біреулермен ойнағысы келмейді. Сөйлеген сөздері де басқаша. Бір ата-аналар «балам сау болып туып, кейін пайда болды» деп жатады. Бір айлық кезде балаларды невропатологтер тексереді. Бірақ баланың тәртібіндегі өзгерісті 2-3 айлық баладан байқай алмаймыз. Оның тәртібіндегі өзгеріс есейе келе байқалады», – дейді невролог дәрігер Әлия Смағұлова. Соның өзінде аутизмді диагностикалау қиын.Аутистердің табиғатын түсінетін мамандар аз
Аутизмнің дәрежесі әртүрлі болуы мүмкін. Яғни, дамудың кешеуілдеуінен бастап өте жоғары ақыл-ой деңгейіне дейінгі аутистер бар. Сондықтан аутизмі бар балалардың бестен бір бөлігі оқып, жоғары білім ала алуына мүмкіндік көп. Әлеуметтік кәсіпкер және аутист баланың анасы Жанна Қаратайдың 23 жастағы аутист ұлы Әлібек сноубордпен айналысып, мультфильмдер жасайды. «Ұлым дүниеге келгенде сап-сау болды. Екпе алғаннан кейін денсаулығы нашарлап кетті. 2-3 жасқа дейін дәрігерлер да баламның құлағы «естімейді» деп келді. Кейін Мәскеуге барып диагнозын білдік. Бірақ сол кезде біз де қазіргі ата-аналар секілді қателік жібердік. Біз аутизмді «ауру» деп санап келдік және «ауруды жеңеміз» деп сендіріп, уақытымызды емдеуге арнадық. Сөйтсек, бұл «ауру емес», жатыр ішінде қалыптасатын жүйке жүйесінің өзінше бір түрі екен. Бар болғаны аутистерге дамуы мен қалыптасуы үшін жеке әдістеме керек», – дейді Жанна Қаратай. Екі жыл бұрын аутизмді зерттеуші мамандармен бірге әдістемелік бағдарлама жасаған ол «Қазақстандағы аутизмге қатысты қатып қалған қасаң түсінік пен ескірген әдісті өзгерту керек» деп есептейді. «Негізі, аутистердің табиғи әлеуеті өте жоғары. Олардың есте сақтау қабілеті де жақсы. Олардың талдау қызметі де жақсы дамыған. Егер аутистің бойында басқа ауру түрлері болмаса, олардың жасына қарай дамуына ешқандай кедергі жоқ. Оларды оқуға үйрету, тәрбиелеу мен дамытуға септігін тигізетін әдіс керек. Яғни, олардың өздерін қызықтыратын дүние арқылы дамыту. Жеке дара жігер беру керек. Егер ол адамның бір нәрсеге қызығушылығы оянса, демек оны дамытуға арналған терезенің ашылғаны деп түсінуге тиіспіз», – дейді Жанна Қаратай. Аутистердің бойындағы өзгерісті зерттеуші мамандар «психикалық ауытқушылығы бар» деп есептелінетін адамдардың дамуын тежейтін бірнеше себепті анықтаған. Мысалы, аутистердің дамуына бала кездегі желшешек, тұмаумен ауруы, химиялық заттардан уланып қалуы әсер еткен. Кейбір аутист балаларда анасынан айырылу, қатты күйзеліс, қандай да бір триггер баланың денсаулығының нашарлауына алып келген. Бұлардың барлығы болмаған күннің өзінде бала бойында аутизмнің белгілері болуы мүмкін. Алайда дені сау аутистің сыртқы себептерден келген зиянды әсері болмаса, аутистердің басқа адамдар секілді жоғары жетістіктерге жетуі жиі кездеседі. Леонардо да Винчи, Исаак Ньютон, Альберт Эйнштейн секілді тарихта аты қалған әйгілі тұлғалар жетістікке жетуде аутизм кедергі емесін дәлелдеп кетті. Аңызға айналғандарды айтпағанда, бүгінгі миллиардер Илон Маскке де дәрігерлер аспергер синдромын қойған. Оның осындай дәрежеге жетіп, ақыл-есі жоғары адамдардан да асып түсуіне себеп болған дүние космосқа деген қызығушылықтан басталған. Не болмаса, спортшы Майкл Фелпс. Оған да дүниеге келген кезде-ақ «аутизм» диагнозы қойылған. Бірақ суға деген қызығушылық оның да талантын ашып, туабітті кемшілігін түзеуіне септігін тигізген. Қалай десек те, бөлініп жатқан қаржы мен уақытты жылдан-жылға дендеп бара жатқан аутизмді емдеуге емес, ақыл-есі әртүрлі дамыған адамдардың қызығушылығына жұмсау әлдеқайда тиімді. Сол үшін аутизмге шалдыққандардың бойындағы белгілермен күресіп, ескірген терапияны жаңарған әдіснамаға ауыстыру абзал боларын мамандар да жоққа шығармайды.