Ұстазды жұмыстан қуған «тырнақ дауы»
Ұстазды жұмыстан қуған «тырнақ дауы»
© коллаж: Елдар Қаба
254
оқылды
Жамбылда оқушының тырнағын алғаны үшін мұғалім қызметтен қуылды. 5-сыныптың оқытушысы Пери­зат Мырзабекова тазалықты талап етемін деп басы дауға қалып отыр. Ақбұлым ауылы Б.Бесбаев атындағы мектеп-гимназиясынан шыққан шу министрлік мінберіне дейін жетіп, қазір арнайы тексеріс жүріп жатыр. Ал «баламның тыр­нағын түбінен қанағанша алған» деп шағымданған оқушының ата-анасы кейіннен ұстазды кешіргенін айтып, бұл жағдайды талқыға салған жұрт­ты сабырға шақырды. Алайда қо­ғам­ның пікірі қақ жарылып, біреулер баласының тазалығына қарамаған ата-ананы сөксе, екіншілері мектеп мұғалімін кінәлады. Тіпті, мектеп директорын да қызметтен босату керек дегендер табылды. Әңгіменің әлқиссасын әріден бастасақ, мектептегі бұл жағдай 24 қаңтар күні болған. Алайда әлеуметтік желі қолдану­шылары тырнағының түбі қызарған баланың суретін 26 қаңтар күні желіге жүктеп, аудандық білім бөлімінен бастап, еліміздің Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке дейін белгілеп тас­тады. Осылайша, тұтанған дау түстен кейін өрши түсіп, әуелі облыстық Білім бас­қарма­сы тексеріс жүретінін айтса, кейін тіпті мұғалімді бір күнде қызметінен алып тастағаны туралы ресми хабар таратты. «Жамбыл облысы әкімдігінің Білім басқармасы Б.Бесбаев атындағы мектеп-гимназиясында болған жағдайға байланысты төмендегіні хабарлайды: «Жамбыл ауданы білім бөлімі тарапынан аталған мәселе шұғыл зерделеніп, кінәлі тұлғаларға қатаң түрде тиісті шаралар қолданылды. Нақты айтсақ, Еңбек кодексінің 49-бабы 3-тармағына сәйкес, жұмыс берушінің бастамасы бойынша мұ­ғаліммен еңбек шартын бұзу ұсынысы жолданды. Ұсынысқа сәйкес, мұғалім жұмысынан босатылды. Ал мектеп директорына қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік шара қолданылды», – длінген басқарма мәлімдемесінде. Мұндай шешімнен кейін бұлқынған бұқара басылғандай болды. Алайда тағы бір топ «Неге мектеп директорына сөгіс тү­рінде ғана жаза берді. Алты айдан кейін сөгісті алып тастауға болады. Оған қоса, мектеп директоры екі жерде жұ­мыс істейді екен. Мұндай басшы қайдан баланың тәрбиесіне қарасын? Негізгі кінәлі сол адам. Оны да қыз­меттен алу керек» деп бас көтерді. Осылайша, екінші екпін алған шағымдар ле­гіне Жамбыл аудандық білім бөлімі жауап берді. «Шайқорық» орта мектебінің бұрынғы директоры зейнеткерлік жасқа толуына байланысты Еңбек кодексіне сәйкес жұ­мыс­тан босатылды. «Шайқорық» орта мек­тебінің бос директор лауазымына конкурс БАҚ-қа жарияланған. Кадрлық резервте тұрған үміткерлерге де ұсыныс жолданған. «Шайқорық» орта мектебінің директоры орынбасарлары өз өтініштері бойынша мектеп директорының лауазым­дық міндеттерін қоса атқарудан бас тартты. Өндірістік қажеттілікке байланысты тез арада шешу жолдарын табу үшін «Шайқорық» орта мектебінің аймағына жақын орналасқан мектеп директорларына Еңбек кодексінің 111-бабы 2-тармағы 2) тармақшасына сәйкес қызмет көрсету аймағын кеңейту бойынша уақытша бол­маған жұмыскердің міндеттерін атқару ұсынылды. Осыған сәйкес, Б.Бесбаев атындағы мектеп-гимназиясының директоры Г.Сыздыковаға қызметтік міндеттерді уақытша қоса атқару жүктелді. Бүгінде Г.Сыздыкова тек Б.Бесбаев атындағы мектеп-гимназиясынында директор лауа­зымында жұмыс атқарады», – деді білім бөлімі ресми хабарламасында. Осылайша, Б.Бесбаев атындағы мек­теп-гимназиясының директоры Г.Сызды­кованың да «Шайқорық» орта мектебіндегі қосымша жұмысы бір-ақ күнде тоқта­тылды. Бірер сағатта болған осындай ауыс-түйістен кейін шенділер шулаған жұрт басылады деп күткен болар. Алайда «Бір ауданда бір мектепті басқаратын директор табылмады дегенге кім сенеді? Биліктің тапқан айласы осы болды ма?» деген жазбалар желіде желдей есті. Бұған жауаптылар «тексеріс өтеді» деп қана жауап қатты. Әрине, тексеріс тобының жұмысына араласуға құқылы да, құлықты да емеспіз. Бізді алаңдатып отырғаны – тазалықты талап етіп, қызметтен қуылған Перизат Мырзабекованың тағдыры. Және жұрт жаппай мұғалімді кінәламас бұрын неге оның мұндай қадамға барған себебіне үңілмеді? Жалпы, мұғалім оқушының тырнағын алып беруге міндетті ме? Бала­ның тазалығына неге ата-анасы қарамаған? Біз Перизат Мырзабековаға қанша хабарлассақ та, ол болған жағдайды бастан-аяқ баяндап беруден бас тартты. Өз-өзіне келу үшін уақыт керегін айтты. Сондықтан күйзелісте отырған жас маманды одан әрі мазаламадық. Алайда Бай­мырза Бесбаев атындағы мектеп басшылығы әлеуметтік желідегі парақша­ларында жағдайды түсіндіруге тырысты. «Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Бай­мырза Бесбаев атындағы мектеп-гим­назияның 5 б-сынып жетекшісі Перизат Мырзабекова 2022 жылғы 24 қаңтар күні сыныбында оқушылардың тазалығын тек­с­еру барысында оқушының өскен тыр­нағын көріп, қайшымен өзі алып тастаған, бірақ асығыс алынғандықтан, баланың тырнағы жарақаттанып қалған. Мұғалім­нің әрекеті артық кеткен, бірақ ол осындай шулы жағдай болатынын ойламаған. Дегенмен де мұғалім өз кінәсін мойындап, ата-анасынан үйіне барып кешірім сұрады. Ата-анасы да мұғалімнің жағдайын түсі­ніп, кешірімін берді», – деді ресми мәлім­демеде. Оқу орнының басшылығы жағдайды осылай баяндап отыр. Алайда Перизат Мырзабекованың әріптестері баланың тырнағының түбі алғаш алғанда қызарып тұрмағанын айтады. «Бәлкім, оқушы қолын жуғаннан кейін солай қызарып кетті ме?» деген болжамдарын да жасауда. Одан бөлек, Перизатты әріптестері өте білікті де тәрбиелі маман ретінде суреттейді. Сондай-ақ ауылдағы жас отбасы екен. Ал ең басты мәселе – мектеп мұғалім­дері «оқушының тырнағын алғаны үшін әріптесімізді қызметтен қуса, енді ата-ана да, балалар да басқа шығатын болды» деген уайыммен отыр. Әрине, біз біреудікі дұрыс, әлде бұрыс деуден аулақпыз. Алайда бәріміз ұстаздың алдынан өттік. Көненің көздерінің қайсысынан сұрасаң да «Біздің кезде тырнағымыз түгілі, мұғалім шашымызды алып тастаса да үндемейтінбіз. Себебі өз тазалығымызға өзіміз жауапты едік. Оны әке-шешеміз де түсінетін. Оқушы үшін мұғалімнің сөзі де, талабы да заң болатын» деген пікірді айтады. Ал Перизат Мырза­бековаға қолданылған жазаны ойласақ, шынында бүгінгі оқушыны да, ата-ананы да басындырып алған жоқпыз ба? Бәлкім, «Мұғалім мәртебесі» дегенде олардың айлығын емес, беделін көтеру керек шығар? Бұдан Білім және ғылым министрлігі бір сабақ шығарады деп сенеміз...

Жамбыл облысы