Жалға алып отырған пәтер ақысының 50 пайызын мемлекет төлейді: кімдер үмітті?
Жалға алып отырған пәтер ақысының 50 пайызын мемлекет төлейді: кімдер үмітті?
613
оқылды

Халыққа осындай көмек беруді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ұсынып отыр. Олар пәтер ақының 50 пайызын төлемек. Ал қалғанын пәтер жалдаушы өзі төлейді.

Ең алдымен, бұл көмекті үй кезегінде тұрған күнкөрісі төмен азаматтарға берілмек. Бүгінде елімізде осы санат бойынша 70 мыңға жуық адам тіркелген. Олардың ішінде көпбалалы отбасылар, I және II топтағы мүгедектер, мүгедек балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар кіреді. Міне, осы жандардың пәтерақысының жартысын мемлекет төлеп бермек. Ал оларды «Отбасы банкі» анықтайтын болады. Өтініш берушілерге қойылатын талаптар: – Қазақстан Республикасының азаматтығы; – Өтінім берушінің немесе отбасының соңғы алты айдағы табыс көзі көрсетілуі тиіс. Егер отбасылы адам өтінім берсе, жанұясының әр мүшесінің сол аралықтағы табыс көзі көрсетуі керек. Олардың табысы бюджет туралы Заңмен бекітілген ең төменгі күнкөріс деңгейінің бір еселік шамасынан аспайтын жиынтық болуы қажет; – Тұрғын үй қатынастары туралы Заңға сәйкес тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұруы керек. Және соны растайтын  тұрғын үйге мұқтаж мәртебесі болуы тиіс; – Тұрғын үй иесі мен жалға алушының арасында жасалған шарт болуы керек. Сондай-ақ келісімшарт құқықтық кадастрда тіркелуі қажет. Министрліктің мәліметінше, бұл жобаға бюджет қаражатынан 50 млрд теңге қажет.