Nur Otan партиясы төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Елбасының тапсырмасы бойынша жұмыс сапарымен Атырау облысына барды. Аймаққа жасалған бұл сапардың негізгі мақсаты – өңірдің жай-күйімен танысу, қарапайым тұрғындармен кездесу арқылы жергілікті тұрғындарды толғандырып жүрген нақты мәселелерді анықтап, оларды шешуге атсалысу және жұртшылықты партияның алдағы жоспарларымен кеңінен таныстыру.
Партия төрағасының Бірінші орынбасары өңірге сапарын Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовпен бірге Мақат ауданына қарасты Доссор кентінен бастап, осындағы «Бірлік» ықшамауданының тұрғындарымен кездесті. Қарапайым адамдармен емен-жарқын сұхбаттасып, биылғы бірінші жартыжылдықта партия өкілдерінің еліміздің барлық өңірлеріне барып, Елбасы, партия Төрағасы Н.Назарбаевтың бағдарламалық мемлекеттік және партиялық құжаттарда берілген тапсырмаларының орындалуын қадағалайтынына, жергілікті жерлердегі өзекті проблемаларды зерделеу арқылы халықтың нақты сұраныстарын ескере отырып, аумақтық бағдарламалар әзірленетініне тоқталды.
Өткен жылдың соңында жергілікті БАҚ-та осы елді мекенде өзекті болып отырған теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірін салу жайында мәселе көтерілген еді. Осы жайтты тілге тиек еткен Бауыржан Байбек кездесуге жиналған қауымға партияның бұл мәселеден хабардар екенін және оны уақытылы шешу шараларын қарастырып жатқанын жеткізді.
– Кент халқының көпшілігі бір жақта тұрады, ал теміржолдың арғы жағында екі мектеп, бір балабақша орналасқан. Сондықтан қауіпсіздік үшін теміржол арқылы жаяу жүргіншілер көпірі керек деген ұсыныс орынды. Біз осында облыс әкімімен, мемлекеттік органдардың облыстық басшыларымен бірге осы проблеманы шешу жолын талқылау үшін келіп отырмыз, – деді Бауыржан Байбек.
Қазіргі уақытта облыстық және жергілікті билік өкілдері алдын ала есептер жүргізіп, көпір құрылысы үшін жобалау сметалық құжаттарды әзірлеуге қаражат бөлу жоспарланған. Оның құрылысын 2021 жылдың екінші жартыжылдығында аяқтау көзделуде. Бауыржан Байбек жергілікті мемлекеттік органдардың осы нысанның құрылысын жылдамдатуын және тұрғындар көтерген басқа да мәселелерді партияның облыстық филиалына бақылауға алуды тапсырды.
Кездесу барысында тұрғындар бұдан бөлек көше жарығы, жол сапасы секілді бірқатар мәселені көтерді. Өз кезегінде Б.Байбек бұлардың барлығы да назарға алынып, тиісінше шешімін табатынын айтты.
Бұдан кейін партия төрағасының Бірінші орынбасары саяси ұйымның «Доссормұнайгаз» бастауыш ұйымы мүшелерімен кездесіп, өз азаматтарымыздың мүддесін қорғау, олардың әлеуметтік жағдайына көңіл бөлу, шетелдік жұмыс күшін тартуды шектеу мәселелеріне кеңінен тоқталды. Бұл ретте ел Президентінің Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында осы мәселе бойынша берген тапсырмасының сапалы орындалуына баса мән берді. Сонымен бірге Б.Байбек партияның өңірлердегі бастауыш ұйымдарының жұмысын күшейту, олардың атқаруы тиіс міндеттерін тарата айтып берді.
– Партияның бастауыш ұйымдары нақты мәселелерге қатысуы керек. Қаладағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселесі сияқты нақты бір мәселе шешілсе құба-құп. Партия мүшелері әкімдерден осыларды талап ете алады. Біз қазір бесжылдық бағдарламаны талқылаймыз. Содан кейін ішкі партиялық іріктеуді жасағалы отырмыз.
Елбасы, Nur Otan партиясының Төрағасы өңірдегі партияластарды жинаған кезде «әрбір мәслихатта 30 пайыз әйелдер және кемінде 20 пайыз жастар болуы керек», – деді. Сайлаушыларымыздың 52 пайызы әйелдер екен. Бізде маңызды жұмысты да әйел адамдар атқарады. Балабақша, бастауыш мектептің бәрінде әйелдер жұмыс істейді. Олар қоғамдық өмірде белсенділік танытып жатса, міндетті түрде жағдай жасалуы керек, – деді партия төрағасының Бірінші орынбасары.
Сонымен қатар Б.Байбек осы бастауыш ұйым жанындағы қоғамдық қабылдауда азаматтарды қабылдап, кент тұрғындарының өтініштерін, көтерген мәселелері мен ұсыныстарын тыңдады. Қоғамдық қабылдауда болған осы ауданның тұрғыны, зейнеткер Сәбит Халенов аурухананың жылу жүйесіне жөндеу жүргізуді және аудан тұрғындарына қосымша жедел медициналық көмек көлігін бөлу мәселесін көтерді.
Партияның жергілікті филиалының төрағасы мен аудан әкімі зейнеткердің өтініші орындалатынын, биыл аурухананың жылу жүйесіне жөндеу жүргізілетінін айтты. Ал аудан тұрғындарын қосымша жедел медициналық көмек бригасымен қамтамасыз ету мәселесі бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірге оны орындаудың нақты мерзімі белгіленді. Бұл мәселені Nur Otan партиясының мәслихаттағы фракциясының депутаттары тұрақты бақылауға алатын болды.
Nur Otan-ның басшылық құрамының мұнайлы өңірге жасаған сапары ары қарай Жылыой ауданына ұласты. Мұнда Аумақтарды дамыту бағдарламалары мен партияның сайлауалды бағдарламаларын әзірлеу жайы сөз болды. Кездесуде сөз алған Бауыржан Байбек депутаттық фракцияның жұмысын күшейту, сайлауалды бағдарламаны әзірлеуде жаңа тәсілдерге жүгіну жайын қозғады. Әсіресе, бұл маңызды құжатты дайындауға және оны жан-жақты талқылауға партияластардың барынша белсенділік танытқандары жөн екенін жеткізді.
Іссапардың бірінші күнін Бауыржан Байбек партияның Жылыой аудандық филиалының партиялық кадрлық резервіне қатысушылармен кездесу арқылы түйіндеді. Басқосуда партия төрағасының Бірінші орынбасары партиялық жауапкершілікті күшейту қажетіне тоқталып, Елбасы ұсынған партияны жандандыру бағдарламасының екінші кезеңіне аяқ басқанымызды атап өтті. Бұл ретте саяси ұйымды одан ары сапалық тұрғыдан нығайта түсу үшін «жігерлі лидерлер – қуатты партия» тұжырымдамасын берік ұстануды ұсынды.
Осы мақсатта үш мәселеге назар аударуды атап өтті. Біріншіден, ел ішіндегі білімі мен білігі мол, сөзі өтімді, іскер де беделді жандарды партия маңына тартып, оларға өз ойлары мен идеяларын, қарым-қабілетін іске асыруға мүмкіндік беру маңызды. Екіншіден, әрбір өңірдің ерекшелігі мен нақты мәселелерін есепке ала отырып, арнайы бағдарламалар жасау, содан кейін осыны халыққа жатық та жеңіл тілмен түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажетіне тоқталды. Осындай озық саяси технологиялардың бірі ретінде праймеризді атады.
– Біз әрбір өңірде праймериз өткіземіз. Қазір пилоттық жоба өтті. Қазақстан бойынша 920 мың адамды ұйымдастырып, халықты біріктіруіміз қажет. Біздің мақсатымыз – билікке кез келген салада дарынды, адал, білімді азаматтарды тарту. Бұған ішкі партиялық іріктеу мүмкіндік бермек, – деді Б.Байбек.
Nur Otan партиясы төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің еліміздің мұнайлы астанасына жасаған жұмыс сапарының екінші күні Атырау қаласында жалғасты. Ол партияның облыстық филиалы мен бастауыш ұйымдары өкілдерімен, өңірдің зиялы тұлғаларымен, қоғамдық пікір көшбасшыларымен және жастар ұйымдарының өкілдерімен кездесті.
Бұл күнгі алғашқы кездесу саяси ұйымның Атырау облыстық ауруханасындағы «Ынтымақ» бастауыш ұйымы мүшелерімен өтті. Дәрігерлер қауымымен еркін пікір алысуға жол ашқан партия төрағасының Бірінші орынбасары өз сөзінде партия мүшелерінің елеулі бөлігін әлеуметтік сала қызметкерлері құрайтынын атап өтті. Ол қарапайым дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту, дәрігерлердің еңбегін орынды бағалау жайына егжей-тегжейлі тоқталды.
– «Балтырың сыздаса, дәрігерге, білім алғың келсе, ұстазға барасың. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деген, білімі төмен мамандардың кесірінен бәріне топырақ шашуға болмайды», – деді Бауыржан Байбек.
Аттанға айқай қоспай, осы мамандық иелерін қорғау – партия міндеттерінің бірі деп тұжырымдады.
Сонымен қатар мемлекетіміз тарапынан медицина саласында атқарылып жатқан ауқымды істер мен көрсетіліп отырған қомақты қолдау да тілге тиек етілді. Оның айтуынша, Елбасы, Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партияның ХVIII съезінде алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамытуға қосымша 120 млрд теңге бөлуді тапсырған. Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына алғашқы Жолдауында үшжылдық бюджет аясында денсаулық саласының дамуына қосымша 2,3 трлн теңге қаржы бөлінетінін айтты. Соның нәтижесінде, 2019 жылы денсаулық сақтау қызметкерлерінің еңбекақысы ішінара 30%-ға көтерілді. Атырау облысы бойынша 8 мыңнан астам қызметкердің жалақысы өскен. Ал 2020 жылдың қаңтарынан бастап дәрігерлердің жалақылары орта есеппен 30%-ға өсті.
Кездесуде дәрігерлер де тосылмай, өз ұсыныстары мен ойларын ортаға салды. Солардың қатарында жас дәрігерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету, дәрігерлерге педагогтер секілді ерекше мәртебе беруді қарастыру жайы сөз болды. Бауыржан Байбек бұл ретте мемлекет қолдауынан бөлек, әрбір азамат өз мүмкіндігін де шамалап, өзінше әрекет етуі қажет екенін алға тартты.
– «Жас Отау» бағдарламасы бойынша өткен жылы жастарға 310 пәтер берілді. Ол – облыстық деңгейдегі бағдарлама. Талантты жастар әр сала бойынша іріктеледі. Жалпы Қазақстан бойынша екі жыл ішінде жиырма бес мың мұқтаж азамат пәтер алды. Бұл ретте жастарға басымдық беріледі. Ең бастысы – табыстың өсуі. Табыс болса, әртүрлі құралдар бар. Соған қаражаты жететіндей жағдай жасалуда, – деді партия Төрағасының бірінші орынбасары.
Бауыржан Байбек өңірдің зиялыларына да арнайы ат басын бұрды. Елдің сөзұстар тұлғаларымен болған кездесуді Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов ашып, жүргізіп отырды. Келелі басқосуда өңір руханиятына, мәдениетіне, дін мен тілге қатысты өзекті мәселелер қозғалып, жан-жақты талқыланды. Бауыржан Байбек партияның мақсаты мен міндеттеріне, мәдениетті, ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытында қолға алған шараларына кеңінен тоқталды.
Өз кезегінде өңірдің зиялылары партия төрағасының Бірінші орынбасарына толғандырып жүрген сауалдарын қойып, өз ойларын бүкпесіз ортаға салды. Бауыржан Байбек әрбір сұраққа егжей-тегжейлі жауап беріп, кейбіреуінің шешімін сол сәтте ұсынып отырды.
Басқосуда Жазушылар одағының Атырау облыстық филиалының төрағасы Қ.Жылқышиев мәдениет саласы бойынша мемлекеттік қызметке орналасатын жандардың мамандығы мәдениет саласынан болу керек деген талапты тиісті ережеге енгізу, ауылдық клубтар жұмысын жандандыру мәселесін көтерсе, мұнай саласының ардагері Мақсым Ізбасов жергілікті мұнайшылардың жалақысын шетелдіктермен теңестіру, өңірдегі экология мәселесін оңалту, Жайық өзені деңгейінің жылдан-жылға азаюы мәселесін ортаға салды. Ал Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті ғылыми кеңесінің хатшысы, партия ардагері Б.Тыныбаева Атырау облысындағы апатты және үшауысымды мектептер, балабақшаның жетіспеушілігі мәселелерін тілге тиек етті.
Өңір зиялыларының пікірлерін ден қоя тыңдаған Бауыржан Байбек мәдениетке қатысты көтерілген мәселелердің партия жанындағы «Мирас» кеңесінде қаралатынын, отандық мұнайшылар жалақысындағы теңсіздіктерге байланысты ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шетелдік жұмыс берушілер тарапынан біздің азаматтарымызды кемсітуге жол бермеу туралы мәселе көтергенін, сол сияқты қоршаған ортаны сақтауда Мемлекет басшысының шикізат энергия секторының жұмысында экологияға зиянын тигізбеу керегін тапсырғанын айтты.
– Экология мәселесі бірінші рет көтеріліп отырған жоқ. Бұл аталған мәселенің халықты ерекше толғандырып отырғанын көрсетеді. Өйткені экология бәріне қатысты. Бәріміз де бір ауаны жұтамыз. Бұл мәселе аймақтың алдағы даму бағдарламасына міндетті түрде енгізілуі керек, – деп атап көрсетті Бауыржан Байбек.
Білім мен ұрпақ тәрбиесі партияның ерекше назар аударатын саласы екеніне тоқталған партия төрағасының Бірінші орынбасары облыстағы үшауысымды және апаттық мектептерді жою үшін бес жылға арналған іс-шаралар жоспары әзірленгенін, айтылған екі ұсыныс та жақын арадағы бесжылдықта өз шешімін табатынын жеткізді.
Өңірдің қоғамдық пікір көшбасшыларымен, блогерлермен және БАҚ өкілдерімен кездесуде Бауыржан Байбек қазіргі таңда жаңа сын-қатерлерді ескере отырып, коммуникациялардың заманауи технологияларын пайдалану арқылы халықпен диалог орнатудың маңызына, партия тарапынан алғаш қолға алынғалы отырған праймериз өткізу тәртібіне тоқталды.
Азаматтық қоғам өкілдері де сөз алып, өңірде өзекті болып отырған бірқатар мәселені тілге тиек етті. Бауыржан Байбек осында көтерілген мәселелер мен ұсыныстар бойынша тыңғылықты жауап берді. Оның айтуынша, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасында еңбек ресурстарының біліктілігін арттыру, жаппай кәсіпкерлікті дамыту мәселелері қарастырылған.
Сапар кестесінің тығыздығына қарамастан, Nur Otan партиясы төрағасының Бірінші орынбасары Атырау жастарымен де кездесуге уақыт тапты.
– Қазіргі кезде «Жастар – Отанға» бағдарламасын әзірлеу қарастырылуда. Біз мұны әр ауданда талқылап, ұсыныстар жинақтап жатырмыз. Ол жастар үшін өзекті төрт мәселені қарастырады. Бірінші – сапалы білім. Сапалы білімсіз ештеңе болмайды. Екінші – жұмыс. Білімді болған соң, уақытша емес, тұрақты, сапалы жұмыс болу керек. Үшінші – баспана. Баспана мәселесін шешуге біз ықпал етеміз. Төртінші – жастардың бос уақыты. Міне, осы бағдарламаны әзірлеуге белсенді атсалысыңыздар, – деді Бауыржан Байбек.
Атырау өңіріне жасалған екі күндік сапардың соңына қарай Nur Otan партиясы төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің қатысуымен Атырау облыстық филиалының кезектен тыс конференциясы өтті. Конференцияда партия лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың келісімімен Nur Otan партиясының Атырау облыстық филиалына осы облыстың жуырда тағайындалған жаңа әкімі Махамбет Досмұхамбетов төраға болып сайланды.
Өңірге жасаған екі күндік сапарында Бауыржан Байбек еліміздің мұнайлы өңірін аралап, шалғай аудандарға дейін барып, қарапайым тұрғындармен тікелей кездесу арқылы аймақ халқының тұрмыс-тіршілігімен кеңінен танысты. Жұртшылықты толғандырып жүрген мәселелерді анықтады. Жергілікті атқарушы органдармен бірге олардың шешімін қарастырды. Елбасы, Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған саяси ұйымның өңірлерге сапары ары қарай жалғасып, әрбір аймаққа тән мәселелер мен ерекшеліктер есепке алынып, аумақтық бағдарламаларда көрініс таппақ.
Ерке ЕРҚОҢЫР