Елімізге белгілі дәстүрлі әншілер – Қанат пен Айткүл Құдайбергеновтер Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармонияның өздерін жұмыстан босатып жатқандарын айтып, наразылықтарын білдірген болатын. Алматы облысының Мәдениет басқармасының басшысы Марлен Көлбаев әншілердің заңды түрде зейнетке кетуін талап ету «сахнадан кет» дегенді білдірмейтінін айтты, – деп жазады azattyq-ruhy.kz. Ол Алматыда тұратын дәстүрлі әншілер осы уақытқа дейін филармонияда бірде-бір шәкірт тәрбиелемеді деп отыр.
«Құдайбергеновтерге ешкім «сахнадан кетіңіздер» деген жоқ. Айткүл әпкеміз зейнетке шыққаннан кейін келісімшарт жеті жылға жеті рет, Қанат ағамызға үш жылға үш рет ұзартылды. Филармония директоры маған келіп: «Бізде 7-8 зейнеткер жұмыс істейді, олар Талдықорғанда емес, Алматыда тұрады. Концертке шақырсақ кейде «ауырып қалдық», енді бірде «өздерің өткізе бересіңдер ме, ол концертте кімнің алдында өнер көрсетеміз, кім бар, кім жоқ деп айтады. «Зейнет жасындағы мамандарды зейнетке жіберсек бола ма?» деп рұқсат сұрады. Мен зейнетке жібер, ол кісілерге жағдайды түсіндіріп, зейнетке салтанатты түрде шығарып салайық дедім. Директор «Біздің филармонияның есігі өздеріңізге әрқашан ашық. Індет аяқталған соң, концерт қоямын десеңіздер, оны ұйымдастырып берейік. Облыста үлкен концерттер болып жатса, сіздерді ақылы түрде шақырамыз. Біз сіздерді қуып жатқан жоқпыз, сіздердің орындарыңызға жас мамандарды алайық» деген. Қанат ағаның да, Айткүл апайдың да филармонияға ертіп әкелген шәкірті жоқ», – деді басшы.Басшының мәліметінше, филармонияда 15-ке жуық дәстүрлі, тағы 15-ке тарта эстрада әншісі бар. Құдайбергеновтерден бөлек, зейнетке шығуды өзге де әншілерден өтініп, салтанатты түрде шығарып салуды жоспарлаған.
«Негізі ол кісілер бірінші қаңтардан бастап зейнетке кету керек болатын, бір ай бұрын ескерту қағазы берілді. Елдегі Төтенше жағдайға байланысты зейнетке шығару рәсімін ақпанға қалдырдық. Шапандарын кигізіп, халықтың алғысын айтып шығарып салуды жоспарлағанбыз. Бұл кісілер өздері Алматыда тұрады, жұмыстары Талдықорғанда. Қаңтардағы көтеріліс осы жұмыссыздық үшін, әділетсіздік үшін болды. Жастар келіп жұмыс сұрайды, зейнетақысы бар зейнеткерлер ресми жұмыстарын бергілері келмейді. Біз ол кісілерді сахнадан қуып жатқан жоқпыз, тек жастарға мүмкіндік, жұмыс берейік деп жатырмыз. Біздің Алматы облысында 17 аудан, 3 қала бар. Солардың қайсысына барып концерт қоямын десе, біз залын, аппаратурасын тегін беріп, қолдау көрсетуге дайынбыз. Халық сыйлайтын өнерпаздар екенін бәріміз білеміз. Ол кісілер Алматыда тұрады, концертке шақырсаң келгілері келмейді. Мемлекет тарапынан жаңадан ашылып жатқан бағдарламалар бар, солардың аясында үйірмелер ашып, шәкірт тәрбиелеймін десе біз қаржысын төлеп, қолдау көрсетуге дайынбыз. Бірақ ол кісілер бұл ұсынысымызға көнбей отыр, өздері Алматыда жүре берсе, айлықтары тұрақты түрде жүріп отырғанын қалайды», – деді Марлен Көлбаев.Сондай-ақ, Мәдениет басқармасы басшысынан бүгінде елордада тұрып, тележүргізушілікпен айналысып жүрген Гүлнұр Оразымбетованың «Облыстық филармонияда жұмысын жүргізуі жалғаса ма?» деген оқырмандар сауалына да жауап сұрап көрдік.
«Гүлнұр Оразымбетова бізде жарты ставкіге қойылған, танымал әншілерді концерттерге гонорар шақырып төлеу қымбат болған соң, осылай ресми жұмысқа тіркеп қойған. Филармония басшысына «Әділдік бәріне тең болуы үшін ол кісіні де жібер» дедім. Тағы да айтамын, біз Құдайбергеновтерді сахнадан қуып жатқан жоқпыз, осыны ескерсеңіздер екен. Енді ол кісілер біздің шешімімізбен келіспеді екен деп, жұмысқа қайта ала салмаймыз ғой. Әділдік бәріне тең болуы тиіс», – деді басшы.