Қызылордада із-түзсіз жоғалған жігіт 2 айдан соң қабірден табылды. Бұл туралы журналист Гүлмира Әбіқай әлеуметтік желідегі парақшасында хабарланды.
"Қызылордалық Берік Сағындықов 2021 жылдың желтоқсан айының ортасында ұшты-күйлі жоғалады. Егде жастағы ата-анасы арыз жазып, Қызылорданың Полиция департаментіне іздеу салады. Анасы учаскелік полициядан сұраса, Қызылордаға барыңыз дейді, қалаға барса, Тасбөгетке кері қайтарған. Әрі-сәрі екі ортада жүргенде тергеушілер “Хабар болса, не өліп қалса біз бірінші естиміз, хабарлап айтамыз” деген. 2 бірдей мүгедек балаға қарайлап отырған өзі де жарымжан қарт анасы үйден көп шыға алмай күндер өтіп жатты. Сөйткен, Қызылорда полициясы Беріктің өлі денесін тауып, өткен жылдың 18 желтоқсанында-ақ көміп тастағанын 2022 жылдың 25 қаңтарында айтқан.Көппен бірге басына ағаш қадап қаңғыбас адамдай көме салған. 35 жасар жігіттің құжаты қалтасында, ата-анасының мекенжайы, телефоны тергеушіде бола тұра өлімді неге хабарламаған? Белгісіз жандай көмілген денені бісіміллә деп туыстары қазып алып, мұсылманша арулап кеше қайта жерледі", – делінген жазбада.
Журналист марқұмның туыстарының хатын да жариялаған.
"Сәламатсыз ба, Гүлмира Әбіқай! Сізге бір сұмдық оқиғаны айтайын және осы оқиғаның ақ қарасын анықтауды өзіңізге қалдырамыз! Сағындықов Берік Бейсенбайұлы, 1987 жылы туған, Қызылорда қаласы Тасбөгет кентінің тұрғыны, біраз уақыттан бері отбасы, бауырлары іздеп таппай жүрген болатын, сөйтсе ол 18 желтоқсан күні қайтыс болған екен, бірақ ол жөнінде үйіне тек 25 қаңтар күні ғана айтылған, оған дейін ешкім хабар бермеген!Оған дейн Қызылорда қаласының полиция басқармасы өздері тауып, өздері көміп тастаған, я ол баланың қабірі дұрыс қазылмаған я жаназасы оқылмаған, баланың қырық күндік асы берілетін уақытта үйіне хабар берген тергеушілер, ең сорақысы осыны жасаған өзіміздің қазақ мұсылмандарымыз!Неге осыншама уақыт бойы бірауыз айтылмаған ата-анасына, әлде өздері ұрып өлтіріп алып қылмыстың ізін жасырғысы келді мекен деген ой келеді?Себебі тергеушілердің қолында баланың барлық дерегі тұр, жеке куәлігі, мекенжайы анық жазылған, іздедім таппадым деген жәй сылтау сияқты.Соқталдай азаматтың өліміне кім жауап береді, кім өлтірді??? Полиция жүрегі қысылып өлді дейді, сараптама қағазын қолымызға берген жоқ. Қызылорда полициясына сенім жоқ, ІІМ ақиқатты білгіміз келеді", – делінген туыстарының хатында.