Matchroom Boxing компаниясының басшысы Эдди Хирн өзінің промоушені DAZN стримингілік сервисімен бірлесіп, екінші орта салмақтағы абсолютті әлем чемпионы Сауль «Канело» Альвареске Геннадий Головкинмен үшінші айқасты қамтитын екі жекпе-жекке ұсыныс жасағанын растады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Таяуда ESPN инсайдері Майк Коппинджер Альварестің Хирннан 7 мамырда жартылай ауыр салмақтағы әлем чемпионы ресейлік Дмитрий Биволмен, кейін 17 қыркүйекте GGG-мен трилогияны аяқтау туралы ұсыныс алғанын жазды. Matchroom Boxing-тың бәсекелестері Эл Хэймон мен PBC «Канелоға» орта салмақтағы WBC әлем чемпионы Джермалл Чарлоны ұсынып отыр. «Эдди Рейносо мен Сауль келесі айқасына қатысты жоспар құруды бастады. Біз тек өз ойымызды айтып жатырмыз. Келесі аптада «Канеломен» және Эддимен кездесуге барып, олардың не ойлайтынын біліп қайтамын. Мен үнемі айтып жүрмін, олар өздеріне қажет және өздерін ынталандыратын, қызықтыратын нұсқаны таңдайды. Ол біз және DAZN ұсынып отырған нұсқа болады деп үміттенеміз. Бивол мен Головкинмен жекпе-жек пе? Иә, бұл DAZN-нан көргіміз келетін екі айқас», - деп жауап берді Хирн IFL.TV-ге берген сұхбатында.