Қазақстандық олимпиадашылар Бейжіңге жетті. Атлеттер қажетті тексеруден өтіп, ПТР-сынағын тапсырып, олимпиадалық ауылға орналасты. Барлық спортшылар мен бапкерлер ұшар алдындағы соңғы аптаны карантинде өткізді. Нақты айтсақ, олар үшінші тараппен байланыспай, көпшіліктен бөлек тұрып, бөлек жаттығу жасады. Қытайға делегацияны арнайы Air Astana әуе рейсі барлық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып жеткізді. Бұл рейспен конькимен жүгіру, фристайл-могул, шорт-трек, тау шаңғысы, шаңғымен тұғырдан секіру және шаңғы қоссайысынан ұлттық құрамалар ұшып келді. Ал қорытынды жиынды шетелде өткізіп жатқан биатлон, шаңғы жарысы және шаңғы акробатикасынан ұлттық құрамалар Қытайға өз бағыты бойынша келеді. «Бұл – бәріміз үшін толқитын сәт. Біз жақсылықтан үміттіміз және мұндай жауапты жарысты бар күшімізді саламыз. Осындай қиын кезеңде барлық жағдайды жасап, қолдау көрсеткені үшін Мемлекет басшысы мен Үкіметке, Ұлттық Олимпиадалық комитетке алғыс айтамыз», – деді Қазақстан командасының Ту ұстаушысы, шорт-тректен құрама көшбасшысы Абзал Әжіғалиев. Еске сала кетейік, Олимпиаданың салтанатты ашылу рәсімі 4 ақпан күні Бейжіңдегі Ұлттық стадионда өтеді.
А.ЖАСАНҰЛЫ