«Қасіретті қаңтар» оқиғаларына қатысқандардың қылмысқа қатысты әлде қатысты еместігін анықтау үшін арнаулы біліктілігі бар мамандар қажет болып жатқан көрінеді. Осыған байланысты елдің біраз өңірін қамтыған тәртіпсіздіктер мен тонау жағдайларын тергеу аясында жұмыс істейтін 68 сот сарапшысынан тұратын резерв құрылды. Қазір Алматы қаласында 33 сот сарапшысы қаңтар айындағы оқиғалар кезіндегі тәртіпсіздіктер мен тонау жағдайларын тергеу аясында жұмыс істеп жатыр. Бұл жайында Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады. Сараптаманы 19 жергілікті және басқа өңірлерден іссапарға жіберілген 14 маман жүргізіп жатыр. Осылайша, сот сарапшыларының жүктемесі қалыпты режимге ауысты. Қағазбастылыққа салыну және жұмыс мерзімін кешіктіру жағдайлары жоқ көрінеді. Жалпы, Алматы қаласында 5 бағыт бойынша, атап айтсақ, құрылыс, тауартану, өрт техникалық, баллистикалық және экономикалық сараптамалар жүргізілуде.Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың тапсырмасы бойынша жедел тергеу мақсатында Әділет министрлігі 68 сот сарапшысы кірген қосымша резерв құрды: эксперттердің көпшілігі экономикалық сараптамаға маманданған. 2021 жылғы 31 қаңтардан бастап резервтегі мамандардың бір бөлігі өңірге аттанады. Қалғандары тиісті органдардың сот сараптамасын тағайындауына қарай жұмысқа тартылатын болады. Осындай сараптамалық жұмыстар Шымкент қаласы мен Жамбыл, Қызылорда, Алматы, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстарында да жүргізілуде.