Бұған дейін мәнерлеп сырғанаудан спортшыларымыз халықаралық аренада талай рет жарқын жетістіктерге жетті. Ал бүгінде елімізде аталған спорт түріне қызығушылық жоғары болғанымен, онымен тұрақты айналысуға мүмкіндік аз. Мүмкіндік көптеу дейтін Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының өзінде бір мұзда 20 шақты бала жаттығады. Кей ата-аналардың баласының жаттығуы мен мұзайдынын жалға алу құнын төлеуге шамасы жетпейді. Бұрын бізде мәнерлеп сырғанаудан халықаралық жарыстарға тұрақты түрде қатысқан екі спортшы (2014 жылғы Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тен мен 2016 жылғы жасөспірімдер олимпиадасының қола жүлдегері Элизабет Тұрсынбаева) болса, қазір сол қос мықтының деңгейіне жететін спортшы жоқ. Бір кездері екеуі де АҚШ пен Канадада жаттықты. Өкінішке қарай, бүгінде олардың бірі арамызда жоқ, ал екіншісі жуырда үлкен спортпен қоштасты. Иә, жалтыраған мұзда жарқырап өнер көрсетуге әркімнің шама-шарқы келе бермесі анық. Байрақты бәсекеде ел мерейін асқақтатамын деушілерге ең алдымен жақсы бапкер қажет. Ал үздік бапкерлер спортшылардың өздері айтпақшы, шетелде. Жаттығу үшін мұзайдынын жалға алу жағы тағы бар. Тіпті, сол қиындықтар мен кедергілерді еңсеріп, Халықаралық деңгейдегі спорт шебері, көптеген халықаралық турнирдің жеңімпазы және жүлдегері атанған Элизабет Тұрсынбаеваның өзі елімізде толыққанды жаттығу өткізу мүмкін емес екенін бірнеше рет айтты. Спорт түрлерінің ішінде мәнерлеп сырғанау өнері көп қаржыны және ерекше бапты қажет етеді. Мұны бірінші кезекте Канада мен Ресей мемлекеттерінің тәжірибесіне қарап айтуға болады. Дене пластикасы мұздың үстіне бейімделу үшін де бапкермен бірге ата-ананың да сүйемелдеуі керек болады. Кезінде Денис Тен «Астана» президент клубының мүшесі болған соң, оның шығындарын сол кезде аталмыш клуб өтеді. Ал Тұрсынбаеваны Қызылорда облыстық әкімдігі қолдап, спортшыға демеушілік көрсетті. Әрі екі спортшының жанында демеу болып, ата-аналары жүрді. Соның арқасында қос мәнерлеп сырғанаушы үлкен жетістіктерге жетті. Бір қызығы, біздің елде мәнерлеп сырғанау федерациясы жоқ. Есесіне, Ұлттық коньки тебу федерациясы бар. Мәнерлеп сырғанау соның құрамына кіреді. Онда спортшыларды қаржыландыру мәселесі толық шешілмеген. Мысалы, жасөспірім сырғанаушыларға олимпиадалық шығындар төленбейді. Оны айтасыз, құрама команданың көшбасшыларына да шығындарын жартылай ғана өтеп береді екен. Мұны мәнерлеп сырғанаудан мемлекеттік бапкер Надежда Панфильева растады. Осыдан-ақ бұл спорт түрінің елімізде қаншалықты қарқынды дамып жатқанын бағамдауға болады. Таяуда Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев Қазақстанда мәнерлеп сырғанау спортының қалай дамып жатқаны туралы айтты. Ол «Мәнерлеп сырғанау спортын насихаттау және дамыту ісінен мемлекетіміз шет қалды, мәнерлеп сырғанау спортын дамытуға не кедергі?» деген журналистің сұрағына былай жауап берді. – Мәнерлеп сырғанаудан Денис Тен Сочидегі Олимпиададан жүлде әкелгеннен кейін, бізде бұл спорт қарқынды даму үстінде. Қазір де тоқтап қалды деп айтуға болмайды. Неге десеңіз, Денистің жолын Элизабет Тұрсынбаева, Айза Мамбекова секілді спортшыларымыз жалғастырып келеді. Қазір Элизабет те өз мансабын тоқтатты, бірақ артында ізбасарлары бар. Оларды дайындауға мүмкіндік бар деп есептеуге болады. Қысқы Спартакиада ойындарында көптеген өңірден спортшы қатысып, нәтиже көрсеткен еді. Тек Алматы мен Нұр-Сұлтаннан емес, Қызылорда мен Маңғыстаудан да жас спортшылар көрінген еді. Енді Олимпиада өте үлкен деңгей болғандықтан, спортшыларымыз біраз уақыттан кейін дайын болады деген сенімдемін, – деп атап өткен Жарасбаев. Сонымен қатар Үкімет өз тарапынан мәнерлеп сырғанау спортының дамуына бар күшін салып жатқанын, алдағы уақытта жаңа нысандар іске қосылатынын, қысқы мұзайдындары да ашылатынын айтып сендірді. Қазір өзге қалаларды айтпағанда, ел астанасының өзінде 400-ден аса оқушы мәнерлеп сырғанау үйірмесіне жазылған. Олардың қатары әр оқу жылында артып тұрады екен. Алайда мәнерлеп сырғанау спортына қызығатын ата-аналарды осы спорт түрі бойынша балаларды жаттықтыратын бапкерлердің жетіспеушілігі алаңдатады. «Мәнерлеп сырғанаудан жаттықтырушы кадрлар мен арнайы мамандардың тапшылығы елімізде аталған спорт түрін дамытуға қолбайлау болып тұр», – дейді олардың басым бөлігі. Ал еліміздегі көптеген спорт маманының пайымдауынша, бұл спорттан әлемдік жарыста бәсекеге төтеп бере алатын спортшылар дайындау үшін оларды АҚШ, Канада және Ресейдегі білікті бапкерлерге жіберу керек. Сондықтан да болар кей жаттықтырушылар еліміздегі мәнерлеп сырғанаудың алдағы келешегіне алаңдайды. Элизабет спорттан кеткен кезде «Енді Қазақстан біраз жыл мәнерлеп сырғанау жарыстарынан жүлде алмайды-ау. Лизаның орнын басатын спортшы тәрбиелеп үлгермедік. Қазақстанда қысқы спортта бір лидер кетсе, оның орнын басатын ізбасарлар жоқ» деген еді спорт журналисі Руслан Меделбек. Қорыта айтқанда, мәнерлеп сырғанауда жетістікке жету, әсіресе біздің елде оңай емес. Мәселенің көбі қаржыға, жаттығу аймағына, білікті бапкерге келіп тірелгендіктен, талапкерлердің көбі мұз үстінде орта жолдан «тайып кетеді».