Мемлекет мүддесі бәрінен биік тұруға тиіс

Мемлекет мүддесі бәрінен биік тұруға тиіс

Қасым-Жомарт Тоқаев «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХІ съезіне бейне­бай­­ланыс режимінде қатысты. Сондай-ақ жиынға Тұңғыш Президент – Елбасы, Президент Әкімшілігінің басшылығы, партияның Саяси кеңесінің мүшелері қатысты. Отырысты партия Төрағасының Бірінші орынбасары жүргізді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзінен және дауыс беру рәсімінен кейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты «Nur Otan» партиясының Төра­ғалығына сайлау туралы съезд қаулысы қабыл­дан­ды. Содан кейін Мемлекет басшысы жиынға қа­­­­­тысушылар алдында сөз сөйледі. Қасым-Жомарт Тоқаев партияның жаңа көш­басшысы ретінде сөйлеген сөзінде партияны бас­қару­ға ұсыныс жасағаны және қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдіріп, «Nur Otan» партиясына төрағалық ету аса жауапты жұмыс екенін атап өтті. Президент халқымызды дүрбелеңге салған қаң­тар­дың басындағы қайғылы оқиғалар туралы айта келе, лаңкестер мен қылмыскерлерге тойтарыс беріп, мем­лекетіміздің тұтастығын сақтап қалғанымызды мәлімдеді. – Құзырлы органдар кінәлі адамдарды анықтап, жауап­қа тарту үшін тергеу жүргізуде. Бұл жұмыс тек заң аясында жүзеге асырылатынына күмән болмауға тиіс. Бәрі Бас прокуратураның және менің жеке ба­қы­лауымда болады. Адам құқығын міндетті түрде сақ­таймыз. Бұдан былай мұндай қасіретке жол бер­мейміз, – деді Президент. Мемлекет басшысы қоғамдық құндылықтар жүйе­сіне, саяси және әлеуметтік-экономикалық са­ла­ларға түбегейлі өзгеріс енгізу қажет екеніне назар ау­дарды. – Азаматтық қоғам институттарына зор міндет жүк­теледі. Әсіресе, саяси партиялар айрықша рөл ат­қаруға тиіс. Соның ішінде біздің партиямыздың ала­тын орны ерекше. «Nur Otan» Қазақстанды ны­ғайту­ға бағытталған маңызды реформалардың бас­тауын­да болып, түрлі салада нақты жетістікке жетуі­міз­ге елеулі үлесін қосты, – деді Мемлекет басшысы. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Елбасының же­ке басына қатысты ел ішінде тарап жатқан түрлі жа­ғымсыз әңгімелерге түсіндірме берді. – Тұңғыш Президентіміз елімізді іргесі берік мем­лекетке айналдыру үшін зор еңбек сіңірді. Ол Ота­нымыздың және әлем тарихында Тәуелсіз Қазақ­стан­ның негізін қалаған тұлға ретінде қалатыны сөзсіз. Елбасының 30 жылда ел мүддесі үшін атқарған жұмы­сын жоққа шығаруға болмайды. Бұл – тарихқа қиянат жасау деген сөз, – деді Мемлекет басшысы. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікі­рін­ше, Қазақстан халқы Нұрсұлтан Назарбаевтың тұлға­сына баға берген кезде тарихи деректерге шынайы түрде сүйенуі қажет. – Нұрсұлтан Назарбаев отан­дық және әлемдік жылнамада Қазақстан Республика­сының негізін қалаушы деген атпен қала­ды. 90-жылдардың басында Қазақ­стан­­ның демографиялық ерекшелігіне және шекара­сының шегенделмеуіне байланысты белгілі саясаткерлер мен саясаттанушылар елімізді ыдырап кетеді деп болжам жасаған болатын. Осындай қилы заман, тарихи кезеңде Нұрсұлтан Әбішұлы мемлекет құру жөніндегі күрделі миссияны өз мойнына алды. Бұл, шын мәнінде өте ауыр міндет еді, – деді Қазақстан Президенті. Қасым-Жомарт Тоқаев Ел­басы­ның нарықтық экономиканы қалыптастыруға, жан-жақты реформаларды жүзеге асыруға, тәуелсіздіктің елең-алаң кезінде әлеуметтік-экономикалық сипат­тағы көптеген проблеманы шешуге қосқан үлесін еске салды. Сон­дай-ақ мемлекеттік шекараны рәсім­деуге, қауіпсіздікті қамтама­сыз етуге, еліміздің геосаяси тұғырын нығайтуға және астананы көшіру ісіне сіңірген зор еңбегін атап өтті. – Ол Американың бес президентімен, кеңестік және ресейлік бес басшымен, Қытайдың бірқатар төрағаларымен және басқа да көптеген мемлекеттің басшыларымен, сондай-ақ БҰҰ-ның төрт бас хатшысымен жұмыс істеді. Әлемдік қоғамдастықта оны жаһандық ядролық қаруға қарсы қозғалыстың көшбасшысы деп атайды. Сонымен қатар тәуелсіздік жылдары Қазақстанның барлық экономика­лық көрсеткіш бойынша Орталық Азия кеңістігінде алдыңғы орынға шыққанын ұмытпауымыз керек. Сондықтан Тұңғыш Президенттің тарихи еңбегін ұмытпайық. Түптеп келгенде, шынайы әрі әділ болған жөн. Өткенін қаралаған халықтың болашағы бұлыңғыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент ел басқару ісінде жіберілетін кемшіліктер туралы айта келе, қателіктерге Америка­ның да, Қытайдың да басшылары, тіпті Сингапурдың алғашқы Премьер-министрі Ли Куан Ю да бой алдырды деген пікір білдірді. – Бірақ Сингапурдың да, АҚШ-тың да, Қытайдың да халық­тары және басқарушы топтары күрішті күрмектен ажырата біліп, өздерінің басшыларын кемшіліктерден жоғары қойды. Жұмыс істемейтін адам ғана қателеспейді деген сөз бұрыннан белгілі. Сондық­тан Тұңғыш Пре­зиденттің тиісті тарихи еңбегіне лайықты бағасын берейік. Ал кеткен қателіктер, еліміздің келешек басшыларына сабақ болсын. Мемлекетіміздің бола­шағы тұрғы­сынан алғанда мұ­ның дұрыс болатынына сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сонымен қатар Мемлекет басшысы өз сөзінде «қасіретті қаңтар» оқи­ғасының тәуелсіздік алған жыл­дар­дағы ең ауыр сынақ болға­нын атап өтті. Президент қоғамның кемелдігі мен мемле­кеттің күш-қуатын сынап көруге арналған емтиханды сәтті тап­сырғанымызды айтты. Осы ретте, Президент бұл оқиғалардың барлық себеп-салдарын терең талдап, тиісті сабақ алу қажет деп санайды. – Еліміз дамудың өте күрделі кезеңіне аяқ басқанын түсіне отырып, «Nur Otan» партиясын басқару ұсынысын ризашылықпен қабыл­даймын. Бұл шешім партияны транс­формациялау және бүкіл қо­ғамды ұйымдастыру жұмыстарына кірісуге дайын­дықты білдіреді. Осы ретте, мен Мемлекет басшысы ретінде ашық және әділ саяси бәсекелестік болатынына кепілдік беремін. Менің конституциялық мін­детім – бар­лық билік тармағы­ның келісілген іс-әрекетін және мемлекеттік органдардың халық алдындағы жауапкершілігін қамта­масыз ету. Әрине, бұл жағдайлар Прези­денттің кез келген партия мен қозғалыстардың қызметінен белгілі бір дәрежеде алшақтауын талап етеді. Сондықтан біраз уа­қыттан кейін, бәлкім осы жылдың ішінде, «Nur Otan» партиясына одан әрі төрағалық етуімнің орындылығы туралы мәселеге қайта ораламыз. Мемлекет басшы­сының тең қашықтықтағы мәр­тебесі саяси реформалардың ауқымды топтамасында біржола бекітілуі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент елімізді жан-жақты жаңғырту үшін ұсынылған ауқым­ды мәселені еске салды. Оның пікірінше, «Nur Otan» реформаларды жүзеге асыруға белсене ат­салысу­ға, Қазақстанды қарқынды түрде қайта құрудың және жаңар­тудың негізгі қозғаушы күші ретінде әрекет етуге тиіс. – Бұл үшін «Nur Otan» өзін-өзі жаңартуы керек. Партияның бүкіл жұмысын сөз жүзінде ғана емес, түбегейлі қайта құру қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы партия мүшелерін төмендегі басымдық­тарға баса мән беруге шақырды. Президент партия ішіндегі ынтымақты нығайтуды, қоғамдағы барлық конструктивті күшті біріктіруді бірінші міндет ретінде атады. Оның айтуынша, Жаңа Қазақстан­ды құру үшін ауызбір­шіліктің, серіктестіктің, нық ұстаным мен болашаққа сенімнің маңызы зор. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, партия мемлекеттік органдардың жұмысын қайталамауы керек. Президент «Nur Otan» партиясы негізінен идеологиялық және кадрлық жұмыстармен айналысып, қажет жағдайда мемлекеттік аппараттың жұмысына жол сілтеп отыруы керек екеніне назар аударды. – Партияның өміршеңдігі сайлауалды уәделердің қанша­лықты орындалатынына байланысты екенін түсіну керек. Менің ойымша, шындыққа жанаспайтын және орындалмайтын уәде бермеген абзал. «Арық айтып, семіз шыққан» жөн. Ақиқатқа тура қарау қажет. Сондықтан партия Үкіметпен және әкімдіктермен бірлесе отырып, сайлау алдындағы уәделердің орындалуын түбегейлі қадағалауы керек, – деді Мемлекет басшысы. Бұдан бөлек, Президент партия­ның ұйымдық құрылымын қайта қарауды, атап айтқанда бірінші орынбасар лауазымын атқарушы хатшы қызметімен алмастыруды, сондай-ақ тиісті бағыттар бойынша басқа да хатшылардың лауазымдарын қайта қарастыруды тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев қоғам­дық кеңестердің қазіргі жоспарларын, олардың жеке құрамдарын қоса алғанда түбегейлі жаңартуға, басқа партиялар мен қоғамдық бірлестіктермен арадағы ынты­мақ­­тастықты жолға қоюға шақырды. Президент Мәжілістегі пар­тия­­­ның фракциясын қайта қарау, партия мүшелерінің өңірлердегі өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге атсалысуын күшейту, қоғамдық қабылдаулар қызметін жандандыру, партияның сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі стратегиясын жаңа маз­мұн­да толықтыру, партия құра­мын­­дағы толып жатқан тиянақсыз, табансыз, мансапқұмар тұлға­ларды орындарынан алу, сондай-ақ партияның «Jas Otan» Жастар қанатының жұмысын сапалы түрде күшейту қажет деп санайды. Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ­­стан халқына» қорының қызметіне арнайы тоқталды. Қорға ақшалай үлес қосқан кәсіп­керлерге риза­шылы­ғын білдірді. Сонымен қатар олигополияның бір бөлігі, тіпті соның дәл өзі болатын бизнестегі кейбір белгілі тұлғалардың Президент бастамашы болған қайырым­дылық акциясына қатысуға асық­пайтынын атап өтті. – Мұны қалай түсінуге болады? Сараңдық па, нигилизм бе, сал­ғырт­тық па, әлде менсінбеу ме? Қалай болғанда да бұл сұрақтың жауабын алуға мемлекеттің құзы­реті жетеді. Ірі бизнес тарапынан жасалатын қайырымдылық үдері­сін реттейтін арнаулы Жарлық шығаруды жоспарлап отырмын, – деді Мемлекет басшысы. Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің соңында Президент қызметінде болсын және партия жұмысында болсын ел мүддесіне берік болу қағидатын ұстанатынын жеткізді. – «Nur Otan» – еліміздің негізгі саяси күші. Сондықтан Қазақ­стан­ның болашағы үшін, ең алдымен біздің партиямыз жауапты. Әрқайсысымыз осы жауапкершілікті терең сезініп, жұмыс істеуіміз қажет. Шын мәнінде, «Nur Otan» мемлекетшілдер партиясы болуы керек. Ұйым мүшелері мемлекет мүддесін бәрінен биік қоюға тиіс, – деді партия Төрағасы.