Бүгінде бұлқынған бағаға «байлау» болмай тұр. Қымбатшылықты «құрықтауға» әкімдік әмірімен ашылған әлеуметтік дүкендердің де әлі келмей жатыр. Жауаптылар сауда орындарын аралап, тұрғындар тұтынатын тауарлардың бағасын тексергенімен, комиссия келіп кеткенше көзбояушылық жасап жатқандар да аз емес. Оны бұқара түгілі биліктің өзінің іші сезіп отыр.
Сенім телефонына сенеміз бе?
Бұлай деуімізге негізде жоқ емес. Жуырда Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің іргесінен ашылған шағын дүкендерге тосыннан кіріп, талай қызыққа қанықты. Мәселен, «Жайлау» және «Ақбұлақ» ықшамаудандарында орналасқан дүкендерде нан, сүт, күріш, қарақұмық, сәбіз, картоп, пияз сияқты тауарлардың құны шекті мөлшерден асып кеткен. Айталық, Сауда қызметін реттеу туралы заң бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының шекті сауда үстеме бағасы 15 пайыздан аспауға тиіс. Алайдан аталған аудандағы дүкендерде жоғарыдағы заң талаптары сақталмай, қосылған үстемеақы 25-30 пайызға дейін жеткен. – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, азық-түлік тауарларының бағасын реттеу, тұрақтандыру – біздің басты міндетіміз. Қала халқының басым бөлігі көпқабатты тұрғын үйлерде тұрады. Олар күнделікті қажеттіліктерін үй іргесіндегі осындай шағын дүкендерден сатып алады. Бағаға деген көзқарасы осындай сауда нүктелеріне байланысты қалыптасады. Бізге ірі сауда орындарынан бөлек осындай шағын дүкендерді жіті назарға алып, жиі тексеру жүргізіп отыру аса қажет. Әсіресе, жеткізушілермен жұмыс жүргізу керек. Олар дүкендерге әлеуметтік маңызы бар азық-түліктерді қандай бағада жеткізіп отырғанын зерделеу қажет, нақты заңбұзушылықтар бойынша шаралар қабылдауға тиіспіз, – деген облыс әкімі Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев пен Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаевқа тиісті міндеттер мен талапты тапсырмаларын жүктеді. Сондай-ақ аймақ басшысы бағаның негізсіз өсуі, дүкендерде фискальды чектердің берілмеуі, өнім сапасы, витрина мен кассадағы бағаның айырмашылығы, көтермен сауда ұйымдары мен ірі желілердің баға келісімі бойынша шағымдар үшін арнайы сенім телефоны (8 7262 – 54 21 38) іске қосылғаны туралы құлағдар етті.Бірдей тауарлар әртүрлі бағада саудаланады
Облыс әкімі осылайша шағын дүкендерге дүрбі салып жүргенде аудан басшылары да шарқ ұрды. Әлеуметтік желілердегі парақшаларына «ауданда баға бақылауда», «бағаның негізсіз өсуіне жол жоқ», «әкім сауда орындарын аралап шықты» деген сыңайдағы жазбалар жарыса жарияланды. Әрине, бұдан бір нәтиже шығып жатса құба-құп. Алайда облыс орталығы болсын, шалғайдағы ауылдардан болсын, бағаға қатысты тұрғындардан түсіп жатқан шағым аз емес. Мұны жуырда өткен жиында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та мойындады. Сауда орталықтарының басшыларымен кездескен Бердібек Машбекұлы дүкендерде бірдей тауарлар әртүрлі бағамен сатылып жатқанын ашып айтты. Тіпті, өңірде өсірілетін пияз бен қырыққабаттың өзі әртүрлі бағада саудаланып жатқанын қатаң сынға алды.Бірреттік акция
Облыс әкімінің сөзі арқасына аяздай батқан шенділер бұдан кейін шырыл қағып, жер-жерлерде «Күшіміз бірлікте» акциясын алаулата бастады. Ірі сауда орындарының басшылары тікелей эфирге шығып, «бізде құмшекер базардағы бағадан да арзан», «пиязды ең төменгі бағамен ала аласыздар», «тұрғындар тұтынатын тауарлардың бағасы өспейді», «бағаны өсірмеуге өзге сауда орындарының басшыларын да шақырамыз» деген сыңайдағы челлендж әлеуметтік желілер мен әкімдік сайттарында қылаң берді. Алайда бұл бастамаға бұдан кейін ешкім үн қоспады ма, әйтеуір жанбай жатып сөніп қалды. Бір сөзбен айтқанда, бірреттік акциядай көрінді.Әлеуметтік дүкендерде де жағдай мәз емес
Айтпақшы, күні кеше Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев та аппараттық жиында бағаға қатысты жауаптыларды бір сілкіп алды. Ержан Жұматұлы бөлім басшылары кеңселерінен шықпайтынын, әлеуметтік дүкендерде жағдай қалай болып жатқанын білмейтінін қатаң сынға алды. Қала әкімінің сөзіне сүйенсек, әлеуметтік дүкендердің бірінде тауар жоқ болса, екіншісінде сапасыз өнім саудаланып жатыр екен. Сондай-ақ сатушылар да бағаны қалауына қарай құбылтады. Міне, осы мәселеге баса мән берген шаһар басшысы жауаптылар жылы кабинеттерінде отырмай, әлеуметтік дүкендерге тосыннан тексеріс ұйымдастыруды тапсырды.P.S.
Иә, байқап тұрсаңыз, бағаның жүгенсіз кеткенін жергілікті билік те біліп отыр. Алайда тексерістері мен түрлі акциясынан әзірге нақты нәтиже болмай тұр. Саудагерлер «әкімдіктен адам келе жатыр» десе, сөредегі бағаны өзгертіп, кеткеннен кейін қайта бастапқы бағасын қалпына келтіреді. Мұндайда енді не істемек керек? Іске қосылған сенім телефоны мен құрамына БАҚ өкілдері де енгізілген азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері жөніндегі мониторинг тобының бағаны бақылауда ұстауға пәрмені жете ме? Оны енді уақыт көрсете жатар...
Жамбыл облысы